АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚАЖД БАСТЫҒЫ ӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АТА-АНАЛАРЫНА АЛҒЫС АЙТТЫ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Мерекелік шара
02/03/2022
22 Views
Алғыс айту күні бүгінде еліміздегі мерейлі мерекенің біріне айналды. Көктемнің алғашқы күнімен бірге тойланатын мерекені Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы да атап өтті.
Мерекеге қылмыстық-атқару саласының ардагерлері мен қызметкерлердің ата-аналары да қатысып, жүрек жарды тілектерін білдірді.
Салтанатты іс-шараға жиналғандарды Алғыс айту күнімен құттықтаған ҚАЖД бастығы әділет полковнигі Д.Қанатбеков 2016 жылы Елбасының жарлығымен бекітілген мерекенің маңызына тоқталды.
«Егеменді еліміздің тарихындағы айрықша күндердің бірі – Алғыс айту күні ерекше мейрам. Кеңестік кезеңде қазақ жеріне күштеп қоныстандырылған түрлі үлт өкілдерін жатсынбай, төрінен орын берген, олардың қиын кезеңнен қайыспай өтулеріне жағдай тудырған қазақ халқына деген басқа ұлттардың зор құрметін айғақтау мақсатында қабылданған мерекенің бүгінде ауқымы кең.
Бұл күн қазір бір мақсатта өмір сүретін барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметін арттыратын күнге айналды. Сіздерді осы айрықша күнмен құттықтай отырып, еліміздің жарқын болашағы үшін сіңірген еңбектеріңізге алғыс айтамын»-деді полиция полковнигі Д.Қанатбеков.
Айтулы мерекеге ҚАЖД қызметкерлері Оңалбай Жомарт пен Рүстем Сарсенәлінің, Дидар Дарубайдың ата-аналары келіп, қошаметке бөленді. Сондай-ақ Алғыс айту күніне департамент қызметкерлері Марат Тұрсынханұлы Жұмаханов пен Бақытгүл Мейрамбайдың ЛА-155/1 мекемесінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ата-аналары мен бақылаушы болып қызмет атқаратын аға сержант Әділбек Қашқаровтың да ата-аналары қатысты.
Мерекеге келген ата-аналарға Департамент бастығы Д.Қанатбеков тәрбиелі ұл-қыз өсіріп, еңбекте өнегелі болғандары үшін Алғыс хат пен гүл шоқтарын табыстады.
Гүлнар МАҒЗҰМОВА,
Алматы қаласы.
2022-03-02