«ТАБЫСТЫ МЕНЕДЖЕР – 2022» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Білім саласы, Қоғам, Құттықтау, Мерекелік шара
02/03/2022
50 Views
Өз елінің болашағына шынайы тәлім-тәрбие беріп, баланың өміріне ғана емес, ұлттың, елдің қоғамын қалыптастыратын идеялардың өркендеуіне үлкен әсер ететін тұлға ұстаз екені даусыз.
Оқушының өзін тұлға ретінде қалыптастыруының алғашқы стадиясынан бастап оның дамуы, кемелденуі, тұлға болып толысуының кезеңдерінде жан-жақты білімді жоғары дәрежеде меңгертіп, жай ғана меңгертіп қоймай тиімді пайдалануға дағдыландыратын ұстаздардың жаңашылдығы құптарлық іс.
Бұл бағытта облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде өтіп жатқан түрлі байқаулардан жүлдегер атанып жүрген аудан ұстаздарының жеңісі – тынымсыз ізденістерінің жемісі.
Білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен басқармаға қарасты аудан, қала мектептеріндегі шығармашылықпен жұмыс жасайтын басшыларды анықтау, қолдау, мадақтау және облыстық білім беру ұйымдарының озық инновациялық менеджерін насихаттау мақсатында «Табысты менеджер – 2022» байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.
Аталмыш байқауға қатысып, білімі мен біліктілігін жоғары дәрежеде көрсете білген Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Сырдария» атындағы №49 жалпы орта мектебінің директоры Гүлжазира Ерімбетова жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Өркениет кілтінің білімді ұрпақтың қолында екенін жақсы білетін білімді ұстаз, білікті басшы Гүлжазира Нәлжігітқызын жеңісімен құттықтап, биік белестер мен толағай табыстарға жете беруіне тілектеспіз!
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2022-03-02