ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІЛЕРМЕН АУДАНДЫҚ ЖАРЫС ӨТКІЗІЛДІ
Posted by: Қалмұрат
in Денсаулық, Қоғам, Қылмыс пен жаза, Спорт
23/02/2022
11 Views
Үстел теннисі – өте қызықты, жан-жақты және әр жастағы адамдар үшін қолжетерлік ойын. Қимыл-қозғалыстың тездігі, шабуылдың шапшаңдығы және техникалық қиыстырулардың кенеттілігімен өзіне қатты қызықтыратын ойын. Осындай ерекшелігімен көпшіліктің қызығушылығын өзіне аударып келе жатқан кезекті ойын Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық пробациялық қызмет бөлімінің ұйымдастыруымен «Нашақорлыққа жол жоқ» ұранымен өтті.
Асықата кентіндегі Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебінде өткен шараның ашылу салтанатына аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаев пен пробациялық қызмет бөлімінің инспекторлары, жаза басып есепке алынған 29 жасқа дейінгі 30-ға тарта жас қатысты.
«Бүгінгі ұйымдастырып шарамыздың негізгі мақсаты – жаза басып, қылмысқа қол ұрғандарды қоғамға қайта бейімдеу, зиянды әдеттерден, әсіресе, нашақорлықтан бойларын аулақ ұстауға дағдыландыру, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруына ықпал жасау болып табылады» дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Сағынбекұлы.
Кезінде тағдыр тәлкегімен аяғын шалыс басып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жандардың арасында жарыстың көркін қыздырып, тартысты ойын өрнегін көрсеткендер де болды.
Жетісай ауданы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробациялық қызмет бөлімі инспекторларының мәліметіне сүйенсек, бүгінде ауданда 202 азамат бас бостандығы шектелгендер мег шартты түрде сотталғандар, белгілі бір қызметті атқаруға тыйым салынғандар санатындағыларға жатады.
Оларды тұрақты және ақылы қоғамдық жұмыстарға орналастыру, қайта даярлау курстарынан өткізіп, қысқа мерзімді оқуға жіберу, қоғамдық мәдени, спорттық шараларға тарту ісі де дұрыс жолға қойылған.
«Бүгінде ауданда басбостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрімен сотталғандардың жалпы саны 202 азамат болса, олардың 59-ы 29 жасқа дейінгілер. Былтыр 28 азаматты ақылы қоғамдық жұмысқа орналастырған болсақ, ол жұмыс биыл да жалғасын тауып келеді. Одан бөлек, әр тоқсан сайын есептегі азаматтармен қателіктерін қайталауларының алдын алу мақсатында түрлі спорттық, психологиялық іс-шаралар өткізіп, қоғамға бейімдеу мақсатында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз» дейді пробациялық қызмет бөлімінің аға инспекторы Расул Алимов.
Өзара тартысты өткен турнирде қатысушылар өздерінің жеңіске деген ұмтылыстары мен дайындықтарының жоғары екенін дәлелдеп, әдемі ойын өрнегін көрсетті. Жарыс соңында жеңімпаз атанған азаматтар ұйымдастырушылардың алғыс хаттарымен марапатталып, сый-сияпаттарына ие болды.Б.НАЙМАНОВ.
2022-02-23