Көктем – күллі табиғаттың ұйқысынан оянып, жаңарып түлейтін, Жер ана бусанып, көк шығатын ерекше мезгіл. Тіршілік атаулыға жан бітіріп, жаңа өмірдің бастауы іспетті осы бір сәтті ерекше күтетін халық күннің көзі көрінісімен-ақ шаруашылық жұмыстарын бастап кетеді. Бірі жерін баптап, егін сепсе, енді бірі көшет егіп, тазалық жұмыстарына кіріседі. Аудан әкімі Мұрат Болатұлының бастамасымен қолға алынған бұл жұмыс көктемі ерте келетін Жетісай ауданында қарқынды жүріп жатыр.
Осыған орай Жетісай аудана қарасты қала, кент, ауылдық округтерде тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, қатты тұрмыстық қалдықтар жиі шашылатын көшелерге сенбілік жұмыстары жүргізілді.
«Кез-келген ауданның тазалық көрсеткiшi сол өңір тұрғындарының мәдени деңгейiн көрсетедi. Өздеріңіз білетіндей, аудан тұрғындарының жақсы тұрмысы үшін аудан басшысының бастамасымен игі істер атқарылуда. Қала, кент, ауылдық округтерде көшелер кеңейтіліп, жарықтандырылуда. Арық-атыздар мен қашыртқылар тазаланып, көшет егу жұмыстары да жүргізілуде. Мұның барлығы да біздер үшін. Сондықтан, барды қадірлей отырып, туған еліне құрметпен қарап, ел-жұртын жақсы көретін азаматтарды ауданымызды көркейтуге, абаттандыруға, еліміздегі ең таза аймақтардың бірі болуына белсене атсалысуға шақырамыз» дейді Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция бөлімінің басшысы Берік Мамбетов.
Ия, өзін, отбасын сыйлайтын әрбір адам тазалық жұмыстарын жылдың барлық мезгілінде жүргізуі тиіс. Ауданның әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың өңір тазалығына қосқан үлесі. Тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратын мұндай шаралардың қоғамның назарын көше тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор.
Аталмыш шараға 1500-ге тарта тұрғын мен 12 техника жұмылдырылып, 74 шақырым ирригациялық жүйелер тазаланған. 50 тоннағаф жуық тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыс шығарылды.
Айта кетуіміз керек негізінен тәрбие бар жерде ғана тазалық болады. Ал, тазалық болған жерде денсаулық, өмір, өсімнің болатынын ұмытпаған абзал.
Б.НАЙМАНОВ.