Әлемдегі кез-келген мемлекеттің негізгі қозғаушы күші – жарқын болашағы саналатын жастарға артылар үміт зор. Біздің мемлекетімізде жастарға білдірілген сенім бүгінде толықтай ақтала басталғандай. Себебі, шекаралас аймақта орналасса да қазақы қалпынан таймаған Жетісайдың белсенді жастары мемлекет басшысының болашаққа бек сеніммен қадам басқан әрбір бастамасын, жоспарлары мен мемлекеттік қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді.
Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінде жастармен өткен кездесуде Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов ел жастарына осындай баға берді.
Жастардың қоғамдағы орнын айшықтап, болашағын бағамдау, жоспарларды бірігіп талқылау мақсатында өткен басқосуға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серик Примбеков, «Сырдария» университетінің президенті Оңалбай Аяшев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Темір Қырықбаев пен Талғат Қаржауов, Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы Алихан Утанов пен мәслихат аппаратының басшысы Сунгат Амангелдиев , «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, аудандық мәслихаттың ең жас депутаты Айбек Султанмурат пен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Сағынбекұлы Мутаев, университеттің үздік, белсенді жастары қатысты.
Жиын барысында мәжіліс депутаты Қайнар Бегалыұлы бүгінгі ел жастарына жасалып жатқан жағдайлар – білім мен ғылым, кәсіпкерлік, спорт пен мәдениет, әлеуметтік, IT саласымен қатар басқа да бағыттардағы мол мүмкіндіктер жайында сөз қозғап, мемлекет артқан сенімге нақты іспен, жоғары нәтижемен жауап беру керектігін айтты.
«Үміт пен сенімнің жүгін арқалаған жастардың ел еңсесін көтеруге өз үлестерін қосулары үшін алар білімнің сапалы болғаны, барлық аудандар мен қалалардағы, елді мекендердегі жастардың белсенділігін арттыруды бірлесе жүргізуіміз керек. Бүгінгі бас қосуымыздың да басты мақсаты – елдегі мемлекеттік жастар саясатын насихаттауды ұйымдастыру, жүзеге асуына барлық деңгейдегі жастарды жұмылдыру» дейді мәжілісмен.
Өзінің 24 жылдық тарихында талайлардың қанатын қатайтып, ғылым әлеміне аттандырған іргелі білім ордасы алыс-жақын шетелдік ғалымдармен де тығыз байланыста екенін, университет ұстаздарының шет елдерде оқып, білімін жетілдіріп отыратынын, әлемнің ең мықты деген оқу орындарынан келген шетелдік ғалымдар университет қабырғасында студенттерге дәріс берсе, «Сырдария» университетінің ұстаздары шетелдік оқу орындарына барып тәжірибе алмасып, білімдерін желтілдіріп келетінін айтқан оқу орнының негізін қалаушы Оңалбай Аяшев алдағы жоспарларымен де бөлісті.
«Университет басшылығы бүгінде Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Испания, Португалия, Германия сынды елдердің және Кембридж университетінің оқытушы-ғалымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Нәтижелеріміз де жаман емес. Біздің түлектеріміз білім, ғылым саласында еліміздің үздіктері атанып жүр. Мемлекет басшысының сенімін жастарымыз тек сапалы білім алып, білікті маман болып, еліне адал қызмет етіп қана ақтай алады» дейді Оңалбай Аяшұлы.
Басқосу барысында жастар мәжіліс депутатының балалық шағы мен еңбек жолына, отбасылық өміріне қатысты сұрақтар қойып, жауаптарын алысты.