ҒАСЫРЛЫҚ БЕЛЕСТЕН АСҚАН АНАЛАР ҚҰРМЕТТЕЛДІ
Posted by: Қалмұрат
in Билік, Құттықтау, Мерекелік шара
05/03/2022
18 Views
Жетісай ауданында «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» арналған мерекелік іс-шаралар кең көлемде тойланды. Мерекелік шаралар – ғасыр жасаған әжелерімізді құттықтаумен өз жалғасын тапты. Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы ғасырлық белесті бағындырған аналарымыздың үйлеріне арнайы барып, оларды мейрамдарымен жеке құттықтады.
«Бір қолымен әлемді, ал екінші қолымен бесікті тербеткен», өз заманында кешегі Кеңес дәуірін көріп, тұтас бір ғасырды артта қалдырған аналарымыздың қатары қазіргі таңда өкінішке орай саусақпен санарлық ғана қалды. Барлық уақытта және әлемнің кез-келген мемлекетінде қасиетті де қастерлі саналатын аналар тіршіліктің бастауы болып табылады. Себебі, ел билеген патша да, аты жер жарған алып батыр да, шешендігімен елді аузына қаратқан ғұлама да, қара сөздің қаймағын ішкен дарынды ақын да анадан туылады емес пе?
Аудан әкім Мұрат Болатұлы мен “Amanat” партиясының Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Әділхан Асауов, аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, Ж.Ералиев ауылдық округінің әкімі Сұлтан Қасымов, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің әкімі Қанат Тілеуовтер алдымен Ж.Ералиев ауылдық округі, Бәйтерек елді мекенінде болды.
Осы елді мекенде 1920 жылы 15 маусым күні һмірге келген Забира апа кенже ұлының қолында тұрады. 8 ұл-қыз тәрбилеп өсірген алтын құрсақты ана, бүгінгі күні олардан 39 немере, 120 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Жастайынан үлкен кісілерге көмек беруді әдетке айналдырған апа, айтуынша сол аузы дуалы қарттардың «Жүз жаса, бақытты бол, шырағым!» деген ақ батасының арқасында, бүгінде міне 102 жасқа толып отыр екен. Өткен жылы елімізде өткен елімізде өткен кезекті халық санағын Забира әже немере-шөберелерімен бірге заман талабынан қалмай онлайн форматта өткен екен.
Ал, Ғ.Мұратбаев елді мекенінің тұрғыны Сапия Қондыбаева әжеміз болса, 1920 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келіп, кейіннен тағдыр жазуымен Мырзашөл өлкесіне әпкесі екеуі бір әулетке келін болып түскен екен. Қиын-қыстау және аласапыран кезеңдерді бастан өткеріп, ер-азаматтармен қатар кетпен шауып, бала-шағасын асыраған кездерден естелік айтқан ауылдың қастерлі анасы қазірде немересінің қолында тұрады. Асыл әже бүгінгі таңда сүйікті немере-шөберенің қазыналы ақылшысы болып отыр екен.
Ұлттар мен этностардың татулығы – ел бірлігінің нышаны болып табылады. 180 мыңға тарта халқы бар Жетісай ауданында, түрлі ұлт өкілдері өмір сүрсе, соның 13 мыңнан астамын тәжік ұлтының өкілдері құрайды. Ш.Ділдәбеков ауылдық округі, Жаңа дала елді мекенінің тұрғыны 100 жасқа келген Санам Бузиева апа тәжік этносының кемеңгері саналады. Кезіндегі бейнеттерінің бүгінде зейнетін көріп отырған батыр ана қазірде 50 немере, 20 шөбере, 3 шөпшектің ардақты да қастерлі әжесі.
Аяулы асыл әжелеріміздің иықтарына ұлттық нақыштағы комзолдар жабылып, тәттілер мен жеміс-жидек жасалған себет, мерекелік гүл шоқтары сыйға тартылды. Мерекелік сыйлықты арнайы табыстаған аудан басшысы қазыналы қарттармызға ыстық лебізін білдірді. Қошеметке ие болған ел аналары өз кезегінде аудан басшысына өз ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын беріп жатты.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2022-03-05