ЖЕТІСАЙДА САН-САЛАНЫҢ ҮЗДІК АРУЛАРЫ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Posted by: Қалмұрат
in Билік, Құттықтау, Мерекелік шара
05/03/2022
29 Views
«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен», шаңырақтың шаттығы мен берекесі саналушы ақ жаулықты аналардың көктеммен бірге келетін «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі Жетісай ауданында да жоғары деңгейде аталып өтті.
Осы салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар нәзік жандылар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов, аудандық мәслихат депутаттары мен сан салада үздік атанып жүрген қыз-келіншектер қатысты.
Ұлттық тәрбиенің бастауы, қайнар көзі саналатын – аналар өнегесінің қай қоғамда болмасын алар орны ерек. Өйткені, жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайтындықтан аналар тәрбиесінің маңызы жоғары.
«Аналардың өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ғасырдан-ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі. Бұл – ұлттық болмысымызға тән қасиет әрі құндылық» деген аудан басшысы Мұрат Болатұлы үлкен жетістіктерге жетіп жүрген нәзік жандыларды айтулы мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, кәсіптеріне береке тіледі.
Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс ізге салуда, жеткіншіктерді жастайынан адами келбет ауанынан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықтылардың рөлі ерекше десек артық болмас.
Жаһандық пандемиялық жағдайға байланысты бірнеше жылдан бері салтанатты түрде аталмай қалған мерекелік шарада қоғамдық істерге белсене үлес қосып, түрлі салаларда жетістіктерге жеткен, игілікті бастамалардың басы-қасында жүрген нәзік жандыларға сый-құрмет жасалып, құрмет көрсетілді.
Салтанатты шараның жоғары деңгейде өтуіне аудан өнерпаздары да өз үлестерін қосып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Күннің жылуын сіздердің мейірімдеріңіздей бойымызға сіңіріп, жақсылықтың, жайдары мінез, көтеріңкі көңіл-күйдің нышаны болған «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі құтты болсын! Шаңырақтың шаттығы мен берекесін тасытып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан сіздерге қанша тілек айтсақ та көптік етпейді» деді аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов.
Елді жаудан қорғайтын батыр ұлды да, даудан қорғайтын ақын ұлды да өмірге алып келетін алтын құрсақ ақ жаулықты аналарымыз бен қылықты әпке-қарындастарымызға тек мерекелік күндерде ғана емес, жылдың 365 күнінде де сый-сияпат көрсетсек артықтық етпес. Өйткені, «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деген сөз босқа айтылмаса керек.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2022-03-05