ТҮРЛІ САЛАДА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН ЖАС ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Билік, Жас буын, Құттықтау, Мерекелік шара
06/03/2022
30 Views
Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 14-29 жас аралығында түрлі салада жетістікке жеткен жас қыз-келіншектермен салтанатты кездесу кеші болып өтті.
Мерекелік Іс-шараға аудан әкім орынбасары Серік Пірімбеков, ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшы орынбасары Уалихан Тілеуберді және түрлі салада жетістікке жеткен жас қыз-келіншектер қатысты.
Осынау айтулы салтанатты іс-шарада ауданда еңбек ететін барша қыз-келіншектерді: «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел – қоғам айнасы, тәрбиеміздің бастауы. Халқымыз қашан да ананы дәріптеген, оларды отбасының ұйтқысы, ұрпақ жалғастырушысы ретінде пір тұтқан. Сондықтан әйел-анаға,қыз балаға құрмет көрсету баршамыздың азаматтық борышымыз деп білеміз. Әрдайым жүздеріңізге күлкі үйіріліп, отбасында бақытқа кенеле беріңіздер. Береке мен жылылықтың символына айналған әйел-ана, қыздар деген қасиетті атауды ешқашан кір шалмасын. Еліміздің ертеңі жарқын, келешегі кемел болсын!».- деді өз құттықтауында С.Пірімбеков.
Әрбір отбасының құт-берекесін келтіріп отырған әйел-аналардың қадір-қасиеті туралы қанша айтылса да жарасымды.
Өйткені, дүниедегі сұлулық атаулы күн нұрынан, әйел жанының ажарынан, ананың мейірінен жаралған. Мереке қарсаңында өздерін елеп, сый-сияпат көрсеткен аудан әкімдігі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірген қыз-келіншектер, шынайы алғыс сезімдерін жеткізді.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай қаласы.
2022-03-06