ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ ЕТУДІ ТАПСЫРДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Билік, Кәсіпкерлік
09/03/2022
32 Views
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Жетісай ауданына келіп, мақталы өңірдің жағдайымен танысты. Сапар барысында облыс басшысы, былтыр бюджет есебінен мемлекеттік грант алып, өз кәсібін дөңгелеткен азаматтар шығарған өнімдердің көрмесін тамашалады. Айта кетерлігі кәсіпкерлік мақсатта берілетін осы қайтарымсыз гранттар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы грант алғандар да бар.
Жалпы алғанда былтыр Жетісай ауданында 587 адам мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болған. Оның ішінде әйелдердің үлесі – 305 адам. Нәзік жандылардың қолынан шыққан қолдарынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары, тағамдар, көрпе-жастық, моншақтар, көкөністер мен өзге де қажетті дүниелер бүгінде нарықта сұранысқа ие. Өмірзақ Шөкеев мемлекеттің қолдауымен кәсібін ашып, отбасын асырап жүрген жетісайлық кәсіпкер әйелдердің жұмысын жоғары бағалады. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Үлгі етерлік жағдай. Әр азамат кәсіппен айналысып, өз отбасын асыраса, өзіне де, қоғамға да пайдалы болмақ. Мемлекеттік жеңілдіктер арқылы өз ісін бастаған тұрғындарға тек сәттілік тілеймін. Жалпы жұмыс істеймін деген ниеті бар тұрғындарға мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы кеңінен мағлұмат берілуі тиіс. Ауыл әкімдері осы мәселені де назарда ұстауы қажет, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімі Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумағында болып, аймақтың инфрақұрылымын дамытудағы өзекті мәселелерге тоқталды. Облыс әкіміне тұрғын үй кешені мен аумақты аббатандыру, болашақта салынатын ғимараттардың эскизі көрсетілді. Сондай – ақ заман талабына сай салынған №7 «Тұран» мектеп-гимназиясында болды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы басталып, былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында пайдалануға берілген.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2022-03-09