ҰЛТТЫҚ МҰРАҒАТ ҚОРЫНЫҢ МҮДДЕСІ ҮШІН АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТУДЕ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Құттықтау
22/03/2022
40 Views
Архив – тарихи маңызы бар құжаттардың сақталатын арнаулы орны ғана емес, жеке және заңды тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған, ғылыми-тарихи, шаруашылық, мәдени-әлеуметтік маңызы бар ұлттық құндылықтардың жиынтығы.
Өзбек және Қазақ КСР-інің арасында әкімшілік-аумақтық өзгерістер болуына байланысты 1971 жылдың шілде айынан Киров, Мақтаарал және Жетісай аудандары Шымкент облысына берілді, ал облыстың мұрағат жүйесіне Киров филиалы өткізілді. 1978 жылы мұрағат Жетісай қаласына көшірілді және Жетісай филиалы деп атала бастады.1999 жылы атауы өзгеріссіз Мақтарал ауданы Атакент поселкесіне көшірілді, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2003 жылғы 29 шілдедегі №86 қаулысына сәйкес атауы «Жетісай өңірлік мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.
Мекемеміздің басшысы – Хожаев Мейрамбек Ергешұлының архив саласында қызмет етіп жүргеніне 20 жылдан асты. Ол алғашқы еңбек жолын Өзбекстан Республикасының Жызақ облысына қарасты, Абай атындағы совхозда жұмысшы болып бастады. 1994 жылы ОҚО. мемлекеттік архивінің Жетісай филиалына мұрағатшы болып қабылданып, құжаттарды қалыптастыру, оларды сақтау, есепке алу және пайдаланудың қыр-сырын ойдағыдай меңгерді. Құжаттармен жұмыс жүргізуге деген қызығушылық пен ынтасының арқасында, 1996 жылдың қыркүйегінен бастап, бүгінге дейін Ұлттық мұрағат қорының мүддесі үшін аянбай еңбек етуде. Архив ісі былайғы жұртқа қарапайым шаруа секілді көрінседе, ол өз ісімен көпшілікке оның Үкімет пен халыққа өте қажетті жұмыс екенін сезінтіп, таныта білді. Осы арқылы елдің құнды мұрағатын сақтауға өзіндік үлесін қосуда.
«ҚР Мұрағатшылар Қоғамы» РҚБ-і еліміздің мәдени-рухани байлығы – Ұлттық мұрағат қорының әрі қарай толығуына, оны қорғауға және сақталуына, ғылыми тұрғыда жан-жақты пайдаланып жария болуына елеулі үлес қосқан оның еңбектерін назарға ала отырып, 2003 жылы Қоғамдық бірлестік басқармасы атынан Алғыс хатты табыстаса, облыстың мұрағат саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінің шешімімен, 2011 жылдың «Үздік мұрағатшысы» номинациясының иегері болып танылды. 2015 жылы ҚР ОҚО әкімінің 2011 жылғы 28 желтоқсандағы №212 шешімімен бекітілген «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу институты біліктілігін арттыру орталығы оған 2015 жылы «Ұйым құжаттарын тұрақты сақтауға іріктеу мен бағдарлаудың нормативтік-әдістемелік базасы, құжаттардың құндылығына сараптама жасау және мұрағаттарды толықтыру тақырыбы бойынша сертификатын» берді.
Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің «Қазақстан ардагерлері» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі 2017 жылы 07.12 №170 кеңесінің шешімімен қайырылымдылығы үшін «Қолдаушы медалімен» марапаттаса, 2018 жылы Мақтаарал аудандық маслихат хатшысы «Көпжылғы жемісті қызметі мен жүктелген міндеттерін белсенді атқарғаны үшін» және «Мақтаарал ауданының 90 жылдығын» мерекелеуге байланысты алғыс хатты табыстаса, ҚР Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
2015 жылы ОҚО мұрағаттар және құжаттама басқармасының, «Жетісай өңірлік мемлекеттік мұрағаты» ММ-де, «Жөнсілтер» кітабы жарық көрді. Ал қазірде «Ел таныған тұлғалар» (Мырзашөл және Қызылқұм өңірдегі аудан басшылары, Социалистік Еңбек Ерлері мен Кеңес одағы батырларының өмірбаяндық жинағы) атты кітабын жариялау үшін қызу жұмыстар жүргізілуде.
Құрметті аудан тұрғындары! Біздің Архив ұжымы баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтайды. Сіздерге мықты денсаулық, зор бақыт тілейміз, Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлы мереке сіздерге тек жақсылық пен қуаныштар әкелсін!
Э.АЛИПОВА, А.ОРТАЕВА,
Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің архивистері.
2022-03-22