Ұлы Жеңістің 77 жылдығы аясында соғыс ардагері, Социалистік Еңбек Ері Шаблан Ділдәбековты еске алуға арналған Халықаралық турнир бастау алды.
Жетісай Мәдениет Спорт Бөлімінің (аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі) «Jetisay Sport Cluby» КММ ұйымдастыруымен бастау алған байрақты бәсекенің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Кадырбек пен аудан прокурорының орынбасары Максат Ералиев, Zhetysai Politsia басшысының орынбасары Есімжан Надиров, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Tursyn Mirzaliev пен ардагер спортшылар қатысып, жас спортшыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.
«Ұлы Жеңіс мерекесінің 77 жылдығы аясында соғыс ардагері, Социалистік Еңбек Ері Шаблан Ділдәбековты еске алуға арналған Халықаралық турнирге қош келіпсіздер!
Спорт – қашанда елдің мерейін үстем етіп, ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелейтін құрал болып келген. Бүгінгі турнирде қатысушыларға сәттілік, шын мықтыларға жеңіс тілеймін» деді аудан әкімі Мұрат Болатұлы.
«Жастар есірткі бизнесіне қарсы» атты ұранмен 2008 – 2009 – 2010 – 2011 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасындағы IX Халықаралық турнирге Өзбекстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан елдерімен қатар Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан, Шымкент, Түркістан, Арыс, Леңгір қалалары мен Қазығұрт, Шардара, Келес, Мақтаарал, Бәйдібек, Жетісай аудандарынан келген 18 командада 515 жас спортшы қатысуда.
AIBA Халықаралық бокс ассоциациясының бекіткен ережесіне сәйкес 2008 – 2009 жылы туылғандар 36, 38, 40, 42, 44, 46, 50, 52, 56, 70 келі секілді 10 салмақта өзара мықтыларды анықтаса, 2010 – 2011 жылы туылғандар 26, 30, 32, 34, 36, 40, 44, 50 келі салмақтар бойынша шаршы алаңға шығатын болады.
Жастар арасында ауыр салмақта бағын сынауға келген қырғызстандық жас спортшы Эрмек Райымкулов жүлдегер атанудан үмітті. Бұған дейінгі жылдарда бірнеше рет осы турнирге қатысып, бағы шаппаған спортшы биылғы жылы бабында екеніне сенімді.
«Жастар арасында өтіп жатыр дегені болмаса бұл турнирге тек мықтылар келіп жатыр. Әр ел өз мықтысын шығаруда. Мен де сол мықтылардың қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Бұл жолы міндетті түрде жеңімпаз атанамын» дейді Ермек Райымқұлов.