МАҚТААРАЛДА ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛУДА
Posted by: Қалмұрат
in Business, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Экономика
18/05/2022
49 Views
Мақтаарал ауданы, А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары ерте пісіп жетілетін қант қызылшасының алғашқы өнімін Ресейге экспорттады.
Ауыл диқандары Голландиядан арнайы жеткізілген павло, вадан атты қызылшаның жоғары сұрыптарын қаңтар айында 25 гектар үй іргелік жерлерге еккен болатын.
А.Қалыбеков ауылдық округі, Жаңажол елдімекенінің тұрғыны Бектемір Алиқұлов алғашқы болып өзінің үй іргесіндегі 15 соттық жерден бірінші үзімнің өзінде-ақ 1,5 тонна өнім алып үлгерді. Шаруаның гектарына шаққанда 300 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда келісін 180 теңгеден саудалауда.
Б.Алиқұлов жоғарыда аталған сорттар дәл осы Жаңажол ауылының топырағында өсіп шыққанда ғана ерекше дәмге ие болатынын, сондықтан мұнда қызылшаға жоғары сұраныс бар екенін жеткізді.
«Қызылша егілетін жер өте құнарлы болуы тиіс. Ол үшін селитра, аммофос, малдың қилары арқылы жер тыңайтылады. Агротехникалық шаралардың басым бөлігі қолдың күшімен істелетіндіктен, қызылша егу үшін қажырлы еңбек керек екені ескерілуі тиіс. Алайда, үлкен еңбектің соңы – үлкен табысқа алып келеді» – деді Б.Алиқұлов.
Жалпы округ аумағында шаруалар Рессейге және еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына өнімдерін жөнелтуде. Қант қызылшасын толық жинап алған соң, диқандар екінші өнімге мал азықтық дақылдарды егуді жоспарлап отыр.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
2022-05-18