ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ Ж.ЕРАЛИЕВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЕСЕП БЕРДІ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Билік
26/05/2022
47 Views
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында және билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту мақсатында Жетісай ауданының әкімі Мұрат Кадырбек бекітілген кестеге сәйкес Ж.Ералиев ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
Осы басқосуға аудан басшысымен қатар аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов пен мәслихат депутаты Ғазиза Шүкірбаева, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Есімжан Надиров пен дербес бөлім басшылары, округ тұрғындары қатысты.
Еркін форматта өткен басқосуда Мұрат Болатұлы 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобаларға тоқтала кетті.
Аудан әкімінің баяндамасына сәйкес аудан шаруалары 48 мың га жерге мақта, 17,1 мың га жерге бақша, 3,5 мың жерге дәндік жүгері, 2,3 мың га жерге көкөністер және тағы басқа дақылдар еккен.
Ерте егілген қырыққабат дақылынан 30 мың тоннадан астам өнім жиналып, шет елдер мен еліміздің басқа өңірлеріне жіберілуде. Шаруалар бір жерден алынатын өнімнің көлемін арттыру мақсатында ерте жиналған өнімнің орнына екінші дақылдарды егу жұмыстарын жүргізуде. Бұндай жұмыстар 1,1 мың гектардан астам алқапқа жүргізіледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, аудан аумағынан ивестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Асықата кентінен 50 га жер учаскесі резервке алынып, сәулеттік жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, бас жоспарға өзгерістер енгізілуде.
2022-2023 жылдары жалпы инвестиция көлемі 50,8 млрд теңгені құрайтын 7 жобаның іске асырылуы күтілуде. Аталған кәсіпорындарда 3247 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылуы жоспарлануда.
Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ, Жаңа ауыл, Атақоныс елді мекендеріндегі жаңадан ашылған көшелер мен Абай ауылдық округінің Жүзімдік, Алтын кемер, Халықтар достығы және Отан, Ж.Ералиев ауылдық округінің Арай, Абай, С.Сейфуллин, Жетіқазына, Үтіртөбе, Көктөбе, Бәйтерек, Ғ.Мұратбаев елді мекендеріне электр желілерін жүргізуге және жинақталған трансформаторлы қосалқы станциясын (КТП) орнатуға аудандық бюджеттен тиісті қаражаттар бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр.
Жиында аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу негізінде 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумды заң аясында өткізу, белсенді қатысу мәселелері жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол өз сөзінде Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгертудің елдің еркін ашық білдіруінің айқын көрінісі екендігін, мемлекет басшысының бастамаларындағы саяси тың реформаларды жүзеге асырудың, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдірудің тиімді тәсілі екенін айтты.
Кездесу соңында мәселесін жеке айтамын деген тұрғындарға аудан әкімі жеке қабылдау өткізді.
Жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан көтерілген атаулы әлеуметтік көмек, қоғамдық жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу және оның кезегі, жер учаскесін алу, ауыз су, жол жөндеу, істен шыққан тік дренаж ұңғымаларын жаңарту мәселелері бойынша жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар берілді.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-05-26