АРДАГЕР ШАБАНДОЗДАР БАС ҚОСТЫ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Мерекелік шара, Руханият
31/05/2022
29 Views
Қасиетті Рамазан айының бүкіл жер дүниенің мұқым мұсылманын мәртебе биігіне көтеріп, көл көңілдерін теңіз етіп, шат-шадыман шалқар шаттыққа бөлеген Ораза айтының екінші күнінде – киелі Келес өңірінің Көбек ауылы атырабындағы көркем бір келісті қырқасында, күнгейдің мәдени тарихына тағылымды таңбасын түсірердей керемет кездесу ұйымдастырылды. Өткен ғасырдың соңғы отыз-қырық жылында қалың Қазақия былай тұрсын, орасан Орта Азия мен ұлан-байтақ Ресей, Кавказ жерлерінде қазақ өнерінің тәжіндей көкпар спортымен ұлтымызды мәшһүрлеген атақты ардагер шабандоздар, атбегіліктің атақ-даңқын аспандатқан баһадүр балуандар жүздесті.
Дүйім Түркістан облысының күні кеше еті қызу атқұмар, жанкүйер оғландары мен тақымын қысқан жалпы жанкешті үлкен-кішіні таңқалдырған, ел аузында аңызға айналып үлгерген Әбілхан Дауылбаев (Түлкібас), Жасұзақ Сыдық (Мақтаарал), Әшім Расулұлы (Келес), Төлеш Шырынқұлов (Сайрам), Ерғали Сүлейов (Шардара), Мадияр (Қазығұрт), Тәңірберген Рабилов (Келес), Әлиакбар Үсіпбеков (Мақтаарал) сынды батыр ата-ағалар бастаған жүз қаралы спортшылардың ашық көңілді дидарласуы, шер тарқатысқан шырын сұхбат-мәслихаты өтті.
Айтулы іс-шараға облыстық шабандоздар федерациясы қауымдастығының президенті Ғани Ахметбаев мырза шақырылды, Келес ауданының ұлық әкімшілері мойын бұрды және де облыстық, республикалық деңгейдегі БАҚ өкілдеі, ел ықыласына бөленген термеші, әнші, жыршылар қатысты.
Бұл жиынды бастан-аяқ үйлестіріп, бағыт-бағдарын жасаған, бар шығынын көтерген, аламан дода десе алдындағы асын тастап, алқына атына ұмтылған арда азамат Орынбай қажы Төреқұлов пен оның арыстай алты ұлы мен бас демеуші Нұрғали қажы Орынбайұлы болды.
Сөзге шыққан апайтөс аталар мен тау тұлға ағалар ХХ ғасыр соңының ұлы додаларындағы ұлық жеңістерін мақтан етті, көрші бауырлас халықтардың жарыс алаңдарындағы асқақ табыстарының сырын ақтарды, ұлттық намыс пен ұлыстық ар-ожданының бәйгеге түсіп, бас жүлделерді жанқиярлық ерлікпен егелегені әйгіленді. Балуандар сонымен бірге, ғасырлар көшінде қазақ қоғамының күш-жігерін қайраған, ер азаматтардың әл-қуатын асырған, шапшаңдық пен ширақтыққа баулыған, ептілік пен еттілікке үйреткен көкпардың көкейтесті түйткілді мәселелерін де әңгімелеріне өзек етті.
Әділдік, туралық, ақ адал жолмен айқасу, бас бәйгені шынайы еңбегімен, ақиқатты алып кұшімен иемдену, бас қамын ғана қамдамай, өз ауыл-елінің абыройын, өз қаракөз қазағының ар-намысын асқақтату жағын да тәптіштей талқылады. Түлкінің құйрығындай бұлғаңдаған қызыл дүүниеге қызықпай, салымдағы мал-мүлік пен бағалы байлық заттарына алданбай, ел мерейін, өскен-өнген өлке мәртебесін көтеру ниетін көздеп, кейінгі ізбасарлар тәрбиесін, ұрпақ болашағын ойластыру проблемаларын шегелей баяндады.
Ардагер шабандоз спортшылар басқосуында оңтүстіктің қана емес, елімізге танымал термеші, әнші жігіттеріміз Асылбек Бейісов, Жандос Мырзабеков, Ғабит Шырынбековтер құлақ құрышын қандырардай, жүрек тынысын кеңіттірердей ғажап сырлы саздардың тиегін ағытты. Сонау Түлкібас тауларынан ат терлетіп жеткен Зұлпұхар ақсақал мен Мақтааралдың мақтаны Керімбекұлы Тас көкеміз той иелері мен дастархан жайған жандарға, Орынбай әулетіне тұлпарға татырлық тамаша тілек, баталарын арнап, Алладан әумет сұрады, қасиетті Ораза айтымен құттықтады.
Аузымен құс тістеген Қошай ініміз бастаған ділмәр шешен асабалар бірде толқытып, тебірентіп, бірде күлкіге қарық қылып, әзіл айтып ардагерлердің жан-дүниесіне шуақ септі. Облыстан арнайы ат басын бұрған БАҚ өкілдері келешек буынға сабақ боларлық деректі кино-фильмдердің дәйектемелерін топтастырып, көзі тірі көкпаршы кейіпкерлерден кезек-кезек сұқбат алып жатты.
Жиын мәресінде Орынбай қажы мен ол кісінің Құдай қосқан өмір серігі Ұлжан ана рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған осы іс-шараға маңыз беріп, шақыруды қабыл алған барша қонақтарға алғысын жеткізді. Әр мейманның иығына оқалы шапан жауып, мәрттік жасады. Қазіргі қазақ спортының қаһарман ардагерлері мен от жүректі жалын жастары өз кезегінде той иелеріне қайта-қайта шексіз ырзашылығын білдіріп, марқайған маң көңілмен елдеріне тарасты.
Өмірәлі КЕРІМБЕК,
Сарыағаш ауданы.
2022-05-31