ЖЕТІСАЙДА ӨСІРІЛГЕН ҚАУЫНДАР РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТІЛУДЕ
Posted by: Қалмұрат
in Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Экономика
01/06/2022
25 Views
Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 78 мың гектар суармалы жердің 49,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17 мың гектар жерге бақша, 3,5 мың жерге дәндік жүгері, 2,3 мың га жерге көкөністер мен тағы басқа дақылдарды егіп отыр. Осы алқаптарда өсірілген бақша дақылдарының алғашқы өнімдері – Жетісайдың қауын-қарбыздары пісіп, ішкі рыноктармен қатар, бүгінде шет елдерге де экспортталып жатыр.
Жетісай ауданының тұрғыны Қобыланды Түймешев 30 жылға жуық уақыттан бері жер еміп, диханшылықпен айналысып келеді. Жаңа ауыл ауылдық округіндегі 150 гектар жеріне түрлі дақылдарды егіп, “Әділет” шаруа қожалығын ашқан. Жылдағы әдеті бойынша биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр.
Қожалық төрағасы иелігіндегі 150 гектар егістігінің 100 гектарына қауынның дакар, аэропорт, бакинка, эфиопка сынды сорттарын егіп, оның 20 гектарынан өнім жинауды бастады. Ақпанның соңында отырғызылған көшеттер жоспардағы 65 күнде емес, ауа-райының жауын-шашынды болуы салдарынан 90 күнде дайын болып отыр. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясының Мәскеу, Самара қалаларына экспортталып жатыр. Баға да жаман емес, 810 теңге.
“Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ол жерде баға қауынның келісіне 120 рубль, яғни, 810 теңге. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз. Мұнан бөлек, 20 гектарға жоңышқа мен жүгері, 10 гектарға қырыққабат пен баклажан, 20 гектарға қарбыз еккенбіз. Құдай қаласа жылдағыдай жақсы өнім аламыз деген ниетіміз бар” дейді “Әділет” шаруа қожалығының төрағасы Қобыланды Түймешев.
«Жаңа ауыл» ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Бахтияровтың мәліметіне сүйенсек 7283 гектар суармалы жері бар округте бүгінде 5339 гектарға мақта шиті егіліп, 45,5 гектарға көкөніс, 1163 гектарға бақша дақылдары орналастырылған. Оның ішінде пленка астына егілген қауынның көлемі 978 гектарды, ашық топыраққа егілгег қауын 225 гектарды құрап отыр. Ал, 220 гектарға қарбыз егілген.
Айта кетейік, биылғы жылы бақша дақылдары егілген аудандағы 17 мың гектарға 500 мың тоннадан астам бақша өнімдері жиналады деп жоспарланып отыр. Ал былтырғы жылы жетісайлық шаруалар 21 мың гектарға егілген бақша дақылдарынан 625 мың тоннадан астам өнім алып, облыста «Үздік бақша өндіруші аудан» атанған болатын.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-06-01