БҮЛДІРШІНДЕРГЕ МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ ЖАСАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Жаңалықтар, Жас буын, Мерекелік шара
01/06/2022
15 Views
Бүгін Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Асыл қазына және тең қоғам» әлеуметтік орталығында «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» аясында мерекелік іс-шара болып өтті.
Осы мерекелік іс-шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен қала әкімі Тұрышбек Елшібаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары қатысты.
«Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Қандай жағдайда болмасын біз оларға қамқорлық жасауға тиіспіз. Қоршаған ортадан, айналасындағылардан мейірім күтетін бүлдіршіндеріміздің әрбірі бақытты болуға, қуанышты сезінуге құқылы. Соған лайық. Алдағы мереке баршаңызға құтты болсын! Аудан әкімі Мұрат Болатұлының атынан, өзімнің атымнан дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» деген аудан әкімінің орынбасары Серік Қонысбекұлы жұртшылыққа ыстық лебізін жеткізді.
Салтанатты құттықтаудан соң аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаеваның демеушілігімен мерекелік шараға қатысушы бүлдіршіндерге сый-сияпат жасады.
Өз кезегінде бүлдіршіндер де мерекеден шет қалмай көпшілікке өз өнерлерін көрсетті – әуелете ән салды, мың бұрала би биледі, күмбірлете күй төкті. Енді бірі қазақ поэзиясынан үзінділер оқыды.
Шара соңында ата-аналар перзенттерінің өнерін тамашалап, мерекені ескеріп сый-сияпат жасаған азаматтарға алғыстарын білдірді.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-06-01