АУДАН ӘКІМІ АБАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Posted by: Қалмұрат
in Билік
02/06/2022
30 Views
Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы тұрғындардың хабардар болуын, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар ету, билік органдарының беделін арттыруға, халықты толғандыратын проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіру бағытындағы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлының кезекті кездесуі Абай ауылдық округінде жалғасты.
Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов пен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Есімжан Надиров, бөлім басшылары, жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан басшысы Мұрат Болатұлы округ тұрғындарын ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып, қоғамдық мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап берді.
Ауданымыздың әкімі келтірген мәліметтеріне сәйкес, 79,3 мың гектар егістік жер көлемі бар ауданда өткен жылы 48 мың гектарға мақта шиті, 20,2 мың гектарға картоп, бақша, көкөністер, 4,9 мың гектарға көп жылдық мал азығы мен басқа да дақылдар егілген. Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы 1,1 мың гектар жерге дейін жеткізілген. Сонымен қатар, ауданда 2022-2023 жылдары жалпы инвестиция көлемі 50,8 млрд теңгені құрайтын 7 жобаны іске асыру жоспарланып, онда 3247 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады.
Облыстық және жергілікті бюджеттерден 10 ауылдық округтегі 44 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттарын рәсімдеуге 127,3 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Абай ауылдық округінің «Алтын кемер», «Халықтар достығы» елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 8 млн. 760 мың теңге қаржы қаралып, тиісті құжаттар әзірленуде. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң, құрылысына қаржы бөлдіруге ұсынылатын болады.
2022 жылға «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында Жылы су ауылдық округіндегі 3 елді мекенде 18,9 шақырымды құрайтын 23 көшені 288,5 млн теңгеге, Абай ауылдық округі «Алтын кемер» елді мекеніндегі 2,8 шақырымды құрайтын 2 көшені 42,9 млн теңгеге, Мақталы ауылдық округі, Мақталы елді мекеніндегі 11,1 шақырымды құрайтын 13 көшені 167,6 млн теңгеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Осы және өзге де ауданда атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырған аудан әкімі есептік кездесуден соң Абай ауылдық округінің тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.
Кездесу барысында тұрғындар 5 маусым күні өтетін бүкілхалықтық референдумға қатысып, азаматтық белсенділік танытатындықтарын жеткізді.
Жеке қабылдауда тұрғындар елді мекеннің ішкі көшелерін жөндеуден өткізу және аяқжолдар салу, округ аумағында халық санының өсуіне және тұрғын үй салуға жер телімін алуға кезекке тұрушылар санының артуына байланысты, елді мекен шегін ұлғайтуға арналған жерлерден тұрғын үй құрылысын салуға жер бөліп беру сынды мәселелерді көтерді.
Айтылған өтініштер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті сала мамандарына заң шеңберінде жұмыс жүргізуді тапсырған аудан басшысы нәтижесін өз бақылауына алатындығын айтты.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-06-02