МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ
Posted by: Қалмұрат
in Билік, Жас буын, Мерекелік шара, Руханият
04/06/2022
27 Views
Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 31 жылға аяқ басты. Алғашқы Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да міне, 30 жыл.
Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Рәміздер аллеясында» мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығына орай мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Шараға аудан басшысы арнайы қатысты.
«Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 30 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда да көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл үлкен мақтаныш» деген Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шарада қонақтар хормен Әнұранымызды шырқап, бір-бірін мерекемен құттықтады. Аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сонан соң, ауданның патриот жастарының ұйытқы болуымен бастау алған авто шеру арқылы бүгінгі айтулы күннің қуанышы мен қасиеті ұғындырылды. Көңілдің кіршіксіздігі іспеттес көк байрағымызды көліктеріне іліп, көшелерді аралады. Тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Тұғыры берік Туымызды, айбыны асқақ Әнұранымызды, еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихынан сыр шертетін Елтаңбамызды қастерлеу әрбір қазақстандықтың басты міндеті әрі парызы.
Бүгінгі өткізілген іс-шараның өскелең ұрпақтың бойындағы тәлім-тәрбие мен патриоттық сезімдерін тәрбиелеп, молайтуда өз септігін тигізері даусыз.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-06-04