БҰЛ РЕФЕРЕНДУМ БІЗГЕ НЕ АЛЫП КЕЛЕДІ, НЕЛІКТЕН МЕН ОНЫ ҚОЛДАЙМЫН?
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Саясат
05/06/2022
65 Views
Менің жасым 23-те. Аудандық мәслихатқа «Ауыл» партиясы атынан сайланып, бүгінде қарапайым ауыл тұрғындары мен жастарының мүдделерін қорғаудамын. Осы жолымда маған бүгінгі референдумның көп көмегі тиетіндіктен және де осы Конституциялық реформаның жас буын үшін ерекше маңызға ие екендігін жақсы түсінгендіктен өз құқығымды пайдаланып алғашқылардың қатарында өз таңдауымды жасадым.
Осы референдумның нәтижесінде жас ұрпақ үшін мемлекеттік дамудың ең озық үлгісі енгізгелі отыр. Соның арқасында біз секілді жастардың алдында аға ұрпақ көрмеген көптеген мүмкіндіктер ашылғалы тұр. Соны тиімді пайдаланып, ел игілігі үшін дұрыс пайдалануымыз керек.
Енді «Референдумнан кейін елде не өзгереді?» деген сауалға келсек, өзгерістер тек орталық деңгейде ғана емес, сондай-ақ өңірлерде де кең көлемде жүретін болады. Ал сол өзгерістерді жүзеге асыруда біз секілді жастар мен қарапайым халық өкілдері белсенділік танытуы қажет.
Басты жаңалықтардың бірі – көпшілік асыға күткен Конституциялық сот құрылатын болады. Бұл жаңалық кез-келген қазақстандықтың өміріне қатысты болады. Себебі осы Конституциялық сотқа барша ел тұрғындарының, сондай-ақ прокуратураның, омбудсменнің де өзекті мәселе бойынша тікелей жүгінуіне құқығы болады.
Аймақтарға келетін болсақ, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын жоқтаушы, солардың сенім артатын органы саналатын – мәслихаттардың маңызы мен рөлі артады. Яғни соның арқасында біз жергілікті мәслихаттардың депутаттары, өз сайлаушыларымыздың мұң-мұқтаждарын тезірек шешуге мүмкіндігіміз болады.
Қорыта айтсам, осы референдумның арқасында әрбір азамат өзін мемлекеттің дамуына, оның болашағына қатысы бар екенін, осы елдің азаматы екенін жақсы сезіне алады. Бұның өзі болашақтағы барлық игі өзгерістердің біз бастауы болатынының белгісі емес пе? Ал бүгінгі референдум осы ұлы бетбұрысқа халықтың ақ батасын алу болып табылады. Сондықтан оған қатысуды мен өзімнің қастерлі парызым деп санадым.
Сеңгірбай Бауыржан Сеңгірбайұлы,
аудандық мәслихаттың депутаты.
2022-06-05