ҚЫЗЫЛҚҰМДА 17 АУЫЛҒА ГАЗ ТАРТЫЛЫП, 13 КӨШЕ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ
Posted by: Қалмұрат
in Билік
09/06/2022
21 Views
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра отырып билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту мақсатындағы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектың бекітілген кестеге сәйкес есептік кездесуі Қызылқұм ауылдық округінің тұрғындарымен өтті.
Еркін форматта өткен кездесуге аудандық мәслихат депутаттары Қахарбай Исаев пен Эльмира Темірбаева, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, аудандық полиция бөлімінің инспекторлары мен дербес бөлім басшылары, округ тұрғындары қатысты.
2021 жылы ауданда атқарылған жұмыстар мен жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен баяндама жасаған аудан басшысы алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобаларға да тоқталды.
48 мың га. жерге мақта, 17,1 мың га жерге бақша, 3,5 мың жерге дәндік жүгері, 2,3 мың га жерге көкөністер мен басқа дақылдар егілген ауданда ивестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Асықата кентінен 50 га жер учаскесі резервке алынып, әзірленген сәулеттік жоспарлау тапсырмасына сәйкес бас жоспарға өзгерістер енгізілуде.
2022-2023 жылдары жалпы инвестиция көлемі 50,8 млрд теңгені құрайтын 7 жобаның іске асырылады деп жоспарланып отыр. Аталған кәсіпорындарда 3247 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
«Облыстық және жергілікті бюджеттерден 10 ауылдық округтегі 44 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттарын рәсімдеуге 127,3 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Абай ауылдық округінің Алтын кемер, Халықтар достығы елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 8 млн 760 мың теңге қаржы қаралып, тиісті құжаттар әзірленуде. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң құрылысына қаржы бөлдіруге ұсынылатын болады» деді Мұрат Болатұлы.
Жиында ауданда атқарылған жұмыстармен қатар Қызылқұм ауылдық округінің де тыныс-тіршілігі айтылды. Ауылдық округтегі Еңбекші және Қосқұдық елді мекендеріне ФАП ғимаратын салу үшін жер учаскесі бөлініп беріліп, сәулет жоспарлау жұмыстары әзірленіп Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасына тапсырылған.
Одан бөлек округтегі 17 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлініп, Қызылқұм, Ақтөбе, Мақталы, Киров, Көбек, Қосқұдық, Қызылту, Бірінші мамыр (Первомайское), Алғабас сынды 9 елді мекенге сараптама қорытындысы алынған. Құрылыс жұмыстарына жалпы сметалық құны 1 573 180 мың теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін салалық басқармаға ұсынылса, қалған 8 елді мекенде тиісті құжаттар әзірленіп, 2 жоба мемлекеттік сараптаманың қарауына өткізілген.
Сонымен қатар, Қызылқұм елді мекені бойынша жалпы ұзындығы 11,25 шақырымды құрайтын Маметов, Молдағұлова, Д.Мамбеталиев, Жамбыл, Рысқұлбеков, Б.Майлин, Момышұлы, Күлтегін, Мамрасилов, Тұйық, Нұрбаев, Қызылқұм, Үрпек сынды 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға ұсынылған.
Есептік кездесу барысында Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев тұрғындарға егістік және жайылымдық жерлерді, тұрғын үй жер учаскелерін пайдалану тәртібі мен заңдылықтары жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарына жауап берді.
Басқосудан кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке және қоғамдық мәселелерімен қабылдады. Округ жанашырлары елді мекендердегі ескірген электр бағаналарын жаңарту, округтің ішкі көшелерін орташа жөндеуден өткізу жұмыстарын күшейту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, округтің инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтерді. Айтылған ұсыныстар мен өтініш-тілектер бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма берген аудан басшысы нәтижесін өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2022-06-09