Түркістан облысы, Төлеби ауданында ұлттық спорт ойындарының 7 түрінен ұйымдастырылған «Көшпенділер ойыны» өз мәресіне жетті. Байрақты бәсеке ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы мен Төлеби ауданың 90 жылдығы мерекесіне орай өтті.
Жамбы ату, теңге ілу, өгіз көтеру, аударыспақ, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, арқан тартыстан жүйрік атанғандарды облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Төле би ауданының әкімі Төлеген Тұртайұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы құттықтап, сыйлықтарды табыстады.
Облыстық 17 дербес қалалар мен аудандар қатысқан дүбірлі додада Жетісай ауданының «Жастар ресурстық орталығы» КММ жасақтаған құрама үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, өгіз көтеру бойынша орталықтың қызметкері Дербіс Оралхан алтынға қол жеткізсе, Мұхамметжан Шымырбай жамбы ату сайысы бойынша қарсыластарын қапы қалдырды. Қоржындағы қос алтын есебінен Жетісай жастары жүлделі 3 орынға табан тіреп, арнайы диплом мен қаржылай 150 мың теңге жүлдеге ие болды.
Жалпы командалық есеп бойыншы 200 мың теңге жүлде қоры мен 2- орынды Сарығаш ауданы иемденсе, 1 орын мен қаржылай 300 мың теңге Төлеби ауданының жастарына бұйырды.
«Жастар – егемен еліміздің болашағы. Мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін көптеген жобалар іске асуда. Соның бірі бүгінгі дода. Облысымыздың барлық аймағынан келген жалынды жастары бір-бірімен танысып, достық қарым-қатынасын нығайтуда.
Осы сайыста жастарымыздың жігері мен табандылығының арқасында ауданымыз үздіктер қатарынан көрінді. Әрине, жалпы командалық есепте жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз болғымыз келіп еді. Бұйыртса келесі жылы жақсы дайындықпен келеміз» деді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Нұрлыбек Мутаев.
Айта кетейік, сайысқа қатысқан барлық командаларға 50 мың теңгеден ақшалай ынталандыру сыйлығы табысталды.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.