Жетісай ауданына қарасты ауыл, кент округтері арасында қазақы салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды кеңінен насихаттай отырып, ауыл мәдениетін көтеру, ел арасынан талантты да, дарынды өнерпаздардың, спортшылар мен қолөнершілердің шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсету, ауылдың тыныс-тіршілігін, қазыналы қариялар мен жастардың ауыл мәдениетiн көтерудегі рөлін арттыру, ауылдың алтын қазығы болатын әрбір отбасының өз туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін одан әрі жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып отырған «Ауылым – алтын тұғырым» атты аудандық фестиваль Асықата кентінің Асықата мәдениет үйінде болып өтті.
Байқау шарттарына сәйкес әділқазы алқалары кенттегі білім ошақтарының дайындаған қолөнер үйірмелерінің көрмелерін, кенттегі №3 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұлттық спорт ойындарын насихаттау мақсатында ұйымдастырған арқан тарту, қол күресі, грек-рим күресі мен бокс сынды спорт түрлерінің іс-шараларын тамашалады. №15 кәсіптік колледжі мен Асықата кітапхансының көрмелері де көзден таса қалмады.
Іс-шара Асықата кенті өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Аудандық әжелер алқасы төрайымының орынбасары Бибісара Дүйсенбиева, Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Бауыржан Кеттебеков пен «Жаңа жетісай» газетінің жауапты хатшысы Эльмира Өсербекованың қатысуымен өткен мәдени іс-шараны Асықата кентінің әкімі Бақыт Серіков ашып берді.
«Талай-талай өнер тарландарын түлеткен Асықата кентінде мәдениет, өнер, спорт саласы жақсы дамыған. Аға буынға қарап өскелең ұрпақ, жаңа буын бой түзеп келеді. Аудандық, облыстық, республикалық іс-шараларда белсене қатысатын кент тұрғындарының жеткен жетістіктері де аз емес» дейді кент әкімі.
Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған фестивальде кент өнерпаздары патриоттық әндер шырқалып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.