ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ОРНЫН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ БАСА МА?
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
19/06/2022
40 Views
Қоғамда ақпарат құралдарының алатын орны мен рөлі ерекше. Елімізде қазіргі таңда төрт жарым мыңнан астам ақпарат құралы бар екен. Олардың қаруы – қалам, жауынгері – журналист. Журналистің басты міндеті – қоғамның күнбе-күнгі тыныс-тіршілігін дөп басып, халықты жаңалықпен жедел хабардар ету, шындықты, ақиқатты ашып көрсету, адамға рухани күш сыйлау. «Дәрігер адамды емдесе, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейтіні» секілді, БАҚ қоғамды рухани қораштықтан, әділетсіздіктен тазартуға күш салып келеді. Бұрын солай болған, бүгін де солай, ертең де солай бола бермек. «Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында» деп бекер айтпайды.
Басты талап – бүгінгі БАҚ билік пен бұхара арасындағы алтын көпір болуы тиіс. Газет-журналдар, телерадио арналары ең алдымен ұлтымыздың бірлігін, елдің тыныштығын сақтауға қызмет етуі қажет. Қоғамның әрбір мүшесіне, мейлі ол министр болсын, мейлі шаруа болсын, мейлі ол түрлі ұлт өкілі болсын – бәріне ортақ, бәріне қымбат, барлығы үшін аса маңызды нәрсе – еліміздің Тәуелсіздігін сақтап, баянды етуге халықты жұмылдыра білуіміз керек.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Құрметті оқушылар» деген мақаласында газеттің не үшін керектігі жөнінде төрт себепті атап айтады. Солардың екіншісі мен үшіншісін естеріңізге салғанды жөн көрдік. «Екіншісі, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтады. Үшіншісі, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенді естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші».
Халқымызда «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген нақыл сөз бар. Журналистің қолындағы қуатты қаруы – қаламы. Соны дұрыс, тиімді пайдалана білсе ұтары көп. БАҚ өзекті мәселені дер кезінде көтере білсе онымен билік те санасады. Жақында, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (№70 31 мамыр, 2022ж. санында) «Мақтаарал» газетінің тілшісі Олжас Қалдыбайдың «Ұлттық тағамдарымыз ұмыт қалмасын» деген мақаласы жарияланды. Онда журналист «Қазақтың ұлттық тағамдарын сататын асхана немесе дәмхана бізде жоқтың қасы», -дей келіп, осыдан біраз жыл бұрын Жетісай қаласы мен Асықата кентінен ұлттық стильде дәмхана ашылғанымен көп ұзамай жабылып қалғанын сын тезіне алған болатын. Осы проблемалық мақалаға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков жедел түрде жауап беріп, Жетісай ауданы аумағында орналасқан кафе, асхана, мейрамхана, иелерінен арнайы жиын өткізіп, ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды ас мәзіріне қосу туралы тапсырма бергендерін хабарлады. Билік журналистің мақалаларына дер кезінде үн қатты. Екіншіден облыстық газетте жарияланған мақала ұлтымыздың руханиятына үлес қоса алды.
Баспасөздің қара қылды қақ жарған дәурені қайта оралса ғой, шіркін! Бүгінде «Хат соңында адам бар», «Бір хаттың ізімен», «Журналистік зерттеу», «Журналист оқиға ортасында», «Сынап едік, қорытынды қандай?» деген айдарларды аңсаймыз. КСРО заманында аптасына үш мәрте 4 бет болып шығатын аудандық газеттің әрбір жаңа нөмірі таңертең аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының столында жататын. Аудан басшысы жұмысын осы газетті оқудан бастайтын. Өткір, проблемалық сын мақала «Райкомның бюросында» қаралып, қатаң шара көрілетін. «Совхозға тілші келе жатыр» десе, алдыңнан елпектеп шығып күтіп алатын еді. Ол дәуірде газеттің құдіреті мен журналистің абырой, беделі зор болатын.
Газеттің ықпалын, күшін тиімді пайдалана білу басшыға байланысты. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай, Президентіміз соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген бірнеше мақалаға назар аударып, тиісті сала басшыларына тапсырма беруі үрдіске айнала бастады. Бұл газет арқылы қоғамдық бақылаудың қуаты арта түскенін байқатады. Қазақ журналистерінің атасы Шерхан Мұртаза айтпақшы, «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» әріптестеріміз материалдық жағдайымыз төмен екен деп, жаңалықтан жаңылып, ақпараттан қағылып, төменшектеп жүрген жайы жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, «Ұлт мүддесін бәрінен де биік қойып, ел қамы үшін» қалам тартып жүр. Қалам ешқашан мұқалмасын, сөз сүрінбесін дейміз.
Ал, бүгінгі күні «Журналистиканы әлеуметтік желі жаулап алды» деген пікір айтылып жүр. Бұл қазіргі өмір шындығы. Бәсекелестік күшейіп барады. Бұрын теле-радиолар газет-журналдармен бәсекелестікке түссе, енді әлеуметтік желілермен текетіресуге тура келіп отыр. Медианарыққа бейімделуімізді өмірдің өзі талап ете бастады. Яғни, бізге, журналистерге, ең алдымен өзіміздің жұмысқа деген көзқарасымызды өзгертуге тура келеді. Журналистканң орнын ешқашан да әлеуметтік желі баса алмайды дер едім. Себебі, әлеуметтік желі газет пен теле-радионың жұмысын істей алмайды, міндетін атқармайды. Қазір бүкіл әлем журналистерінің көзі осы шындыққа жетіп отыр. Рас, әлеуметтік желі қатты дамыған заманда өмір сүріп отырмыз. Кейбір адамдардың әлеуметтік желідегі оқырман саны, аудиториясы БАҚ-тардан көп. Алайда, көптеген азаматтар жалған ақпарат беруге әуес әлеуметтік желінің жеңіл-желпі, көзқызықтырар хабарларынан көңілі қала бастады. Себебі, көрмей-білмей, зерттеп-зерделемей жарияланған хабарлар сенімсіздікке ұшырай бастады. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде пайдалы ақпараттармен қатар фейк, жалған мәліметтер, өтірік-өсек, қауесеттер қаптап жүр. Оқырман бұл ақпараттарды сүзгіден өткізіп барып қабылдамаса алданып қалуы оп-оңай. Ал, кәсіби журналистердің тағы бір артықшылығы – олар ақпаратты жан-жақты тексеріп, зерттеп барып қана оқырман назарына ұсынады. Материалды бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары талдап-талқылайды, ең соңында бас редактор оқиды, қол қояды.
Жылына бір мәрте келетін кәсіби мерекемізде журналистердің әлеуметтік жағдайы туралы айтпасқа болмас. Қазір елімізде жалақсы төмен, табысы аз мамандық болса, соның бірі – журналистика. Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін журналистер үшін ешқандай әлеуметтік пакет қарастырылмаған. Жүз мың теңгенің о жақ, бұ жағында жалақы алып, отбасын асырайтын журналистердің статусы айқындалмаған. Олар не бюджет қызметкеріне не мәдениет саласы қызметкеріне не болмаса мемлекеттік қызметші санатына кірмейді. Ешқандай категорияға енгізілмеген журналистер коммуналдық баспана кезегіне де тұра алмайды, оларға ешбір шипажайға тегін жолдама берілмейді… Жақында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Бекназарұлы Балажан бұл мәселені Ақпарат министрінің назарына ұсынып, «Халің қалай, әріптес?» деп мақала жазып, журналистердің жанайқайын көтерді.
«600 мыңның шамасында, соңы 200 мыңның үстінде жалақы алатын мұғалімнің мәртебесі айқындалған. Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» Заң бар. Осы Заңның негізінде мұғалімді газетке жаздыртуға, сенбілікке шығаруға болмайды. Ал сенбі-жексенбінің өзінде мақала жазып отыратын, редакцияға келген хаттарды қорытып, автордың мақаласын дайындап отыратын (олай етпесе үлгере алмайды) тілшілердің жалақсы мардамсыз»-дейді А.Балажан.
Бұл журналистердің әлеуметтік мәселесі Парламент Мәжілісі деңгейінде қарастырылып, мәселесін айқындайтын Заң қабылдайтын кез келді деп ойлаймыз.
БАҚ нарығы дегеніміз – кәсіпқой журналистер мен кәсіби емес азаматтар арасындағы бәсеке, интеллектуалдық майдан десек те болады. Әрбір кәсіп иесінің әлеуметтегі сый-құрметі, беделі, қоғамдағы мәртебесі олардың өздерінің білімі мен парасатына, әдебі мен заңды орындау мәдениетіне байланысты болмақ. Сондықтан еліміздегі БАҚ – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетімізде» ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Көз, құлақ һәм тіл ретіндегі» рөлін мүлтіксіз орындай білуі тиіс. Баспасөз, теле-радио қоғамдық сананы өзгертіп, қалыптастыратын ықпалды құрал болып қала бермек. Оның орнын әлеуметтік желі баса алмақ емес.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, журналист.
2022-06-19