Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
СҮГІР СОЗАҚТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, МҰҚЫМ ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙШІСІ! - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Әдебиет » СҮГІР СОЗАҚТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, МҰҚЫМ ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙШІСІ!

СҮГІР СОЗАҚТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, МҰҚЫМ ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙШІСІ!

        Қаратаудың шертпе күйін қалыптастырушы, дәулескер күйші Сүгір Әліұлының туғанына биыл 140 жыл толады. Қазақ өнерінің қайталанбас жарқын тұлғаларының бірі әрі бірегейі Сүгірдің мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтіледі деп сенеміз.
         Тылсым табиғат шебер ғой, тума таланттарды өзі тоғыстырады, табыстырады. Қаратау мен Шу, Бетпақдаланы иен жайлаған қалың жұрт ортасында дүниеге келген Сүгірдің тағдыр-талайына Ықылас Дүкенұлын кезіктірді. Шу мен Мойынқұм, Сарысу мен Жетіқоңырды бірге қоныстанған олардың ауылы аралас, қойы қоралас еді. Қаратаудан Сүгірдің шертпе күйі Жетіқоңырдағы Ықыласқа жетіп жатты. Жетіқарадан жеткен қоңыр күй Қаратаудың басында қалықтап тұрды. Зерттеушілер Сүгір өз күйлерінің көбісін Ықылас қобызының сарынынан алған деседі. Қалай дегенде де бір-біріне ұқсамайтын әуендерден адам жанын әлдилейтін бір құдірет сезінесіз.
       Әрине, Сүгір де қаражаяу адам болмаған. Ол көптің бірі болса қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Әуезов «Пай-пай, шіркін, қарт Қаратаудың бөктері күйге кенде болуы мүмкін емес қой деуші едім. Созақтан бір Тәттімбетімді таптым» деп Сүгірмен алғаш 1959 жылы кездескенде тамсанбас еді. Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі, көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» атты басыбүтін Сүгірге арнаған шығармасын жазбас еді.
       Әлі өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу адамы болған. Ол ұста, ерші, домбыраның неше түрін қолдан жасайтын шебер екен. Ал, әкесі шапқан домбыраны Сүгірдің ұстамауы мүмкін бе? Күйге ықыласы ауған ұлын Әлі қолынан қақпаған.
       Осы ретте ел арасындағы мына бір әңгіме еске түседі. Бірде қозы-лақ қайырып жүрген Сүгір құм ішінде адасып кетеді. Бір кезде оған ақ бура мінген, ақ киімді, ақ сақалды адам кездеседі.
      – Балам, адасып қалдың ба? Саған көген берейін бе, өнер берейін бе? – депті әлгі ақжолтай ата.
      Сонда Сүгір ойланбастан:
      – Өнер беріңіз, – депті.
     Кейін осы оқиғаны Сүгір әкесіне айтқанда Әлі:
      – Қап, ұлым-ай! Бекер жасапсың ғой. Көген сұрағанда бай болатын едің, – депті.
       Созақта даңқы алыстағы Алатау мен Арқаға, әрісі қырғыз еліне кеткен, күй жарыста алдына адам салмаған Тоқа деген кісі өткен. Сүгір жас кезінде осы Тоқаның алдына бата сұрай барады. Тоқа талай дүбірді көрген, тәкаппарсынғандардың мысын басқан дүлей күштің иесі еді. Оның мойнын бұрғызу кімге де оңай болмаған. Ел жайлауға қонған кез екен. Алыстан тай мініп келген сарыүрпек баланы Тоқа тосырқай қарсы алыпты. Өйткені, осының алдында ғана Тоқа үлкен бір аста күйшілердің бәрін қирата жеңіп, бас бәйгемен оралып отырған еді. Дегенмен тыңдауға ықылас танытыпты. Сүгір домбырасын қолына алып, шерте бастағанда Тоқа жастықтан басын көтерді деседі. Дірілдей дөңгеленетін бунақ үні қуалай соққан қоңыр желді елестетіп, қайырмасы сол желдің уіліне ұқсайтын сарын даланы тербетіп тұрып алады. Жасы жетпістен асып қалған Тоқа домбырашыға таңырқай қарап, батасын береді.
       Сүгірді Тоқа күйшіге жұмсаған Ықылас еді дейді кәріқұлақтар. Ықылас пен Тоқа тетелес жандар екен.
       Осы екі оқиғаны еске алсақ, Сүгірдің ұстаздары Ықылас пен Тоқа болып шығады. Десек те, Тоқа домбыра сиқырын, тарту, орындау машығын терең меңгерген өнер иесі де, Ықылас саз саңлағы, үлкен композитор. Қалай дегенде де нәзік те ерке дыбыстардың адам жанын елжіретіп, сымбатты, сұңқар сұлулықтарға жетелейтінін Сүгір жастайынан жадына түйген. Түйген де бұдан былай өз күйлерін шығаруды мұрат еткен. Осы ретте Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр» әңгімесі еске түседі. «Бұл күйдің басын Сүгір тұңғыш перзенті шетінегенде, көп айдан соң шығарған-ды. Аяғы аяқталмай қалған-ды. Бұған жас әкенің бала қадіріне қаныға қоймағаны да себеп болған тәрізді» деп жазады қаламгер. Ақырында «Телқоңырдың» толық нұсқасының дүниеге келуі де тосын.
       Енесі өлген құлынды бөтен биеге телиді. Алайда, бие бөтен құлынды бауырына алмайды. Ары қарай оқиық.
       «Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеудесінде оқыс оянды. Оның сезімтал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де, тың дыбыстар шығара бастады. Енді шертіс де, шымшыс та өзгерді. Өкініштің орнын уаныш басты. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қоңыр құлын кісінегендей болды. Жіңішке, әсем әуез төгілді. «Тәйри-тәйри, тәйри-тәйри» деген нәзік те ерке дыбыстар сағылықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлынша кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітіп, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде, көк бие қоса еңіреді. Артынша оқыранып, еміренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жаудыр көзі жасқа толып кетті.
      Бие иеді…
      Күйші бусана балқыды».
      Көріп отырсыз, күй табиғатында асқан мейірімділік, аналық аяулы сезім, нәзік иірім бар. Бұл Тәкен ағаның тілімен санаңызға сіңген ұғым. Ал, күйді тыңдасаңыз, қайталанбас музыкалық сарын, тұнық лирика бойыңызға шымырлап сіңеді.
      Осылай күй керуеніне ілескен Сүгір бұдан әрі даңғыл жолға, тың сүрлеуге соқпақ салады. Алғашқы туындысының өзі тылсым әуезден тұратын оның бұдан кейінгі күйлері де көкке өрлеп бара жатты. «Шалқыма», «Тоғыз тарау», «Ыңғай төкпе», «Бозінген», «Бес жорға», «Аққу», «Жолаушының жолды қоңыры», «Қосбасар», тағы басқа да туындылары классикалық күйлер қатарына қосылды.
      Созақ сахарасын Сүгір сазы серпілтті.
      Сүгірдің өмір соқпақтарына қарап отырсаңыз, бұралаң-бұлтарысы, ауыр да азапты күндері көп. Қазан төңкерісінен кейін қазақ даласы үргін-сүргінді басынан аз кешкен жоқ. Аждаһадай жалаңдаған аштық, Созақ көтерілісі, «халық жауларын» жаппай әшкерелеп, жазалау сияқты сүргіндердің арасынан аман шығу оған да оңай болған жоқ. Тұйық мінезді, кісікиіктей саяқ жүруді қалайтын ол өзгелер жаппай колхоз мүшелігіне кіріп жатқанда, қиыр жайлап, шет жүрді. Қызыл шекпенділер жанып тұрған от еді. Сирек таланттың қосақ арасында итжеккенге айдалып не атылып кетпеуін әріден ойлаған Әділ Ысқақов, Тоқабай Ерімбетов сынды ағайындары күйшінің амандығын ойлап, оны үгіттей бастады.
       – Саяқ жүргенді қойсаңызшы, көке! Мына бізде қызыл отау деген бар. Соған мүше болып, елмен араласып, күйіңізді тартып жүрмейсіз бе? Сонда қасқыр да тоқ, қой да аман, – деп көрді іс басында жүрген інілері.
      Сүгір селт етпеді. Көңіл түкпірінде нәубет жылдар зары мен жазықсыз жапа шеккен жерлестерінің көз жастары көлбеп, кетпей тұрып алды. Күйші жаңа заманның жақсы жаңалықтарын сезінбей, оңашалана берді. Тығырықта жүргенде көңілін күй тербеді. Өкініші мен мұңын домбыраға шақты. Өмірінің зая кетіп бара жатқанын ойлағанда ол жұбанышты Қорқыт пен Ықылас күйлерінен тапты. Сүгірдің сиқырлы күйлері шерлі жүректерді әлдилеп, үміт отын тұтатқандай еді. Домбыра шанағынан шыққан шымыр үн күйшіні ширатты. Қос ішекті астынан бір, үстінен бір іліп алып, шымшып тартып, домбыра «дари-дари-дари-айға» көшкенде бүкіл дала күңіреніп, күрсінетін.
       Қайран Сүгір, сол шерлі сәттерін басқалардың бойынан көргісі келмеді ме, кім білген, күйлерін киіз үйде жалғыз өзі отырып тартатын. Тәтті ызыңдарды, сиқырлы сазды күйді сүйетіндер аулақта отырып тыңдайтын. Сырт жұрт Сүгірді «сараң» десті, басқаша бағалады. Әйткенмен ол күйді селқос тыңдап отырғандарды аса ұнатпайтын. Жыбырлауық ауыл адамдары күй тартылып жатқанда да сиырының сауылмай қалғанын, бұзауының ағытылмай қалғанын, тезегінің терілмегенін айтып отыра беретін әдеті бар емес пе? Мұны сырбаз Сүгір жақтыра қояр ма? Оның үстіне менменсіген әкім-қаралар әлдебір шолақ белсендінің үйіне түссе, Сүгірді алдырып күй тыңдағанды өздерінше мәртебе көретін. Арақ ішіліп, құмар ойналған жерде күйге құлық болады ма? Осыны білетін Сүгір кірпиязданып, қыңырайып, шақырған жерден шошына қашатын. Бірақ, одыраңдаған оспадарсыз ожарлар күйшінің келмегенін менсінбеуге жорып, түрлі тобықтан қағу ойынын жасап бағатын. Осыдан секем алған жанашыр жамағайын Сүгірді шақырған жерден қалмаңыз деп қолқа салатын. Зордың күшімен, мылтықтың меңзеуімен барған жерде қандай шабыт болсын! Сүгір домбырасын енжар қағып, самарқау ғана күй шертетін. Бозаның күшімен болдырып қалған өкілдерге осының өзі жеткілікті болатын.
      Жалпы, Сүгірді «қызғаншақ болды» дегендердікі бекер сөз. Оның күйге құлықты, құлағында қалтасы бар ізбасарларына қашан да құшағы ашық болғанын дәлелдейтін деректер көп.
       Сүгір күйлерін ешкімге үйретпеген деген де бекер сөз. Айталық, Ергентай Борсабаев, Нұртай Жаңбыршыұлы, Қуанышбек Рысбеков сынды нанталап шәкірттеріне іш тартып, бала шақтарынан үлкен үміт күтетін.
         …Ол кезеңдерде бірінің жылқысын екіншісі қуып кете беретін бір әдет болған ғой. Арқадағы қалың Найманның жылқысын Қаратаудағы тамалар айдап алған бір уақыт екен. Осы тұста Сүгір  Арқада аң аулап жүрсе керек. Айдалада жалғыз жүрген жігітті найманның жігіттері ұстап алып, «ұрысың» деп бір үйге қамап қояды. «Ұры емеспін» деп қанша ант ішсе де найманның жігіттері құлақ аспай, оны іргеге байлап тастайды.
       Қашан жоқшылар келіп, Сүгірді босатып алғанша ол сол үйде жата бермек. Жата берген адам жан-жағын барлайтыны да бар ғой, үйдің ішін шолып қараса, қабырғада үкілі домбыра ілулі тұр екен. Бір кездері үйге жасөспірім қыз кіреді. Сүгір оған «ана домбыраны әперші» деп өтінеді. Әлгі қыз шошына қарап, «Бұл әпкемнің домбырасы. Оны өзінен басқа ешкім ұстамайды. Егер сізге әперсем, әпкем ұрсады» дейді. Қос ішектің тілін білген Сүгір жас қыздың тілін таба алмаушы ма еді, аз-кем сөйлескеннен соң жасөспірім қыз икемге келіп, күйшінің қолын шешіп, ілулі тұрған домбыраны әпереді.
        Сүгір домбыраны шертіп көреді. Сөйлеп тұр! Сүгірге керегі де осы емес пе, біраз күйдің басын қайырады. Сірә, домбыра үні сыртқа да жеткен болуы керек, сықырлауық сыңғыр етіп, үйге әсем бір бойжеткен кіріп келеді. Бұл – домбыраның иесі еді. Бойжеткен шақырылмаған қонаққа менсініңкіремей қарап, салқын қабақ танытады.
      – Менің домбырамды қолыңызға алыпсыз. Күйші екеніңізді білейін, мына күйді тартып беріңізші, – деп бойжеткен бір күйді тарта жөнеледі.
        Тартып болады да домбыраны Сүгірдің алдына тастай салады. Сүгір домбыраны қағып алып, бойжеткен тартқан күйді айна-қатесіз қайталап тартып береді. Бұл бойжеткенді шамдандырады.
      – Ендеше мына күйді қайталап тартып көріңіз, – деп тағы бір күйді орындап береді.
      Сүгір бұл күйді де айнытпай қайталап тартып береді. Осылай күй жарыс біразға созылса керек. «Төкпе тартыс», «қайым тартыс» деген сынның бәрінен сүрінбей өткен Сүгір желпіне бастайды. Ұстаздары Ықылас пен Тоқаның әруағына сыйынған тұтқын жігіт бойжеткенді жеңуге айналады. Бойжеткен де бабында екен, біраз күйді балқыта отырып тартады. Сүгір енді амалға көшеді. Ол Қаратаудың шертпесіне салып, өзі білетін толғауларды көгенінен ағытады. Бұл кезде үйге ауыл адамдары лық толған екен. Енді Сүгір жұрт көрсін деп етігін шешіп тастап, башпайымен тағы бір күй тартып береді.
      Жиналғандар жеңісті тұтқын жігітке береді. Осылайша ол тұтқыннан босап, еліне қайтады.
      Ұлытауда Найманның Жырық руының Ибеске атасынан тараған Есенбек, Есенқабыл деген батыр әлі дәулетті кісілер болған. Соның Есенбегінің кіші қызы Мафруза домбыраны Тәттімбет үлгісінде тартып, Орта жүз, Арғын-Найман елінен өзі теңдес күйші болмай, көңілі құлазып жүреді. Ерке қыз еркінсінгені сондай:
      – Домбыра күй сайысында мені кім жеңсе, қойшы-қолаң, жарлы-жақыбай демей, шал да болса қартсынбай тиер едім, – деп төрткүл төңірекке жар салыпты.
      Міне, осыны естіп Сүгір қасына бес жігіт ертіп барып, Мафрузаны жеңіп қайтқанын біз бұдан да бұрын жан-жақты жазғанбыз. «Бес жорға», «Тоғыз тарау», күйлері осы сапардан соң дүниеге келгенін айтқанбыз. Сүгір Мафрузаға берген уәдесін орындай алмай, әкесі бесіккертпе етіп атастырып қойған қызға үйленгенін, одан екі қыз сүйіп, қамшыұстар бір балаға зар болып өткенін де там-тұмдап баяндаған едік. Сондықтан, мақаланы қысқа қайырғанды хош көріп отырмын.
       Сүгір Әліұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде заманында саңлақ суреткер Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр», «Кертолғау», «Күйші», Қаралы қобыз», тағы басқа да әңгімелерінде мейлінше жеріне жеткізе жазды. Жазушы Өтеш Қырғызбаев «Сүгір» атты деректі романында Сүгірдің өмірі мен шығармашылығына жан-жақты тоқталды. Бұлардан бөлек, Есіркеп Өмірбеков, Дулат Тұрантегі, Файзулла Үрмізов, Сүлеймен Табризов сынды жергілікті қаламгерлер түрлі жанрда шығармалар жазды. Белгілі өнер зерттеушісі Уәли Бекенов Сүгір күйлерін зерттеді. Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Жанғали Жүзбаев Сүгір күйлерін таспаға түсірді. Бірақ, көңілде бір өкініш бар. Сүкеңнің өз орындауында күйлерін таспаға түгелдей түсіре алмай қалдық.
      1934 жылы Алматы халық таланттыларының бүкілқазақстандық слеті өтеді. Соған шақырғанда Сүгір Әліұлы «Мен қартайып қалдым. Сен бара бер» деп Жаппас Қаламбаевқа ілеспей қалған екен. Сол кезде Сүгір әрі кеткенде елу жаста. Шіркін, бұрынғының адамдары-ай десеңші! Қашан да бірінші кезекке Арды қойған ғой.
      Сол Сүгір Әліұлының туғанына биыл – 140 жыл толып отыр. Созақ жұрты бұл мерейлі мерекені кеңінен атап өтуге қам-қаракет жасау үстінде. Белгілі күйшінің кесенесі жөнделіп жатыр. Сүгір атындағы күйшілердің республикалық жарысы өтпек. Шымкентте белгілі мецанат Бекет Тұрғараевтың демеушілігімен Сүгір ескерткіші бой көтерді.  Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы жанындағы Сүгір атындағы ұлт-аспаптар оркестрі тойды бастап та жіберді. Әйткенмен, бұл әлі де кемшіндеу көрінеді. Тек Созаққа ғана емес, мұқым қазаққа белгілі Сүгір сынды айтулы күйшінің есімін өнер ошақтарына, көшелерге беру керек-ақ. Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған селосындағы балалар музыкалық мектебі Ахмет Жұбанов атында екен. Әрине, академик атындағы мектепті Сүгір атына ауыстырса деген ойдан аулақпыз, алайда, осындай ұлы күйші атында бір оқу орнының ашылмауы ойландырады. Бұған кезінде Созақ ауданында Сүгір Әліұлы атындағы музыкалық мектеп болғанын, оның бертін келе жабылып қалғанын қоссақ, өкініш еселенеді.
      Біздіңше, Сүгір Әліұлының мерейтойын ел Үкіметі, Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан композиторлар одағы, мемлекеттік телерадио, барлық мәдениет, өнер қайраткерлері болып, кеңінен атап өтулері керек-ақ.
     Бұл – қазақ мәдениетіне, өнеріне деген үлкен құрмет болмақ!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

СЕРТ БЕРУ – ЖАУЫНГЕР ДӘСТҮРІ

        ...

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...

БІРЛІГІ БІРТҰТАС БІРЛЕСТІК

        ...

МАТЕМАТИКА ӘДІСТЕМЕ БІРЛЕСТІГІНДЕ АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ІСТЕР ОРАСАН

        ...