ШАРУАЛАРҒА ЗИЯНКЕСТЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ТӘСІЛДЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Posted by: Қалмұрат
in Ауыл шаруашылығы, Жаңалықтар
22/06/2022
20 Views
Бүгінгі таңда елімізде химиялық пестицидтерді қолдануға және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің құрамындағы токсикологиялық қалдықтарға деген талаптарды күшейтіп, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге биологиялық әдісті кеңінен қолдану, өсімдікті қорғау ісі кеңінен қолға алынған. Сонымен қатар, мемлекеттің және жеке сектордың қаржылай көмектесуінің арқасында бұл бағытта іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Жетісай ауданының аграрлық секторында химиялық пестицидтердің бақылаусыз қолданылуының алдын алу, егістік алқаптарын қауіпсіз биологиялық әдіспен өңдеуді түсіндіру мақсатында Ынтымақ ауылдық округі, Өркенді елді мекенінде орналасқан «Ж.Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты ЖШС» Түркістан облыстық филиалында мақта зиянкестерімен күрес шараларына арналған аудандық семинар болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов төрағалық еткен жиынға ауыл округ әкімдері мен жер мамандары, биофабрикалар мен биолабораториялардың басшылары, шаруалар мен ғалым-мамандар қатысып, биологиялық әдістің тиімділігі мен қолданылу тәсілдерін талқылады.
Қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ, экологиялық таза биологиялық әдісті тек қана мақтаға емес, басқа да дақылдардың зиянкестеріне қолдануға болатынын айтқан болжамдар әдістемелігі орталығы Түркістан облысы Жетісай аудандық филиалының басшысы Қайрат Досаев бүгінде аудандағы 250 гектар суармалы егістік алқапта зиянкестердің анықталғанын алға тартады.
Сондай-ақ, басқосу барысында құрамында песцициді бар, гербициді бар өнімдерді шығарудың орнына экологиялық таза өнімді өндіру, биологиялық әдістерді қолдану арқылы эко өнімнің көлемін ұлғайту мәселелері де кеңінен талқыланды. Ол үшін аудан әкімдігі тарапынан әрбір биолаборатория мен биофабрикаларға, әрбір ауыл әкімшіліктеріне барлық агротехникалық жұмыстар басталғаннан бастап біткенге дейін қолдау көрсетілетін де болады.
«Биыл көктем мен жаз мезгілінің алғашқы айының жауын-шашынды болуы мақта зиянкестеріне аса қолайлы жыл болып тұр. Сондықтан, аудандағы биоагент өндіретін 3 биофабрика мен 12 биолабораторияның барлығы сақадай сай тұруы тиіс. Себебі, зиянкестер алдымен алқап айналасындағы арамшөптерде пайда болып, ұрық көбейтеді. Округ әкімдері мен жауапты мамандар, шаруа-дихандар ең бірінші осы мәселеге көңіл аударулары қажет» деген аудан әкімінің орынбасары барлық ауылдық округтерде осы тектес жиындарды тез арада өткізуді қадап тапсырды.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2022-06-22