ЖЕТІСАЙЛЫҚ ЖІГІТ ПАРАЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, Sports, Жаңалықтар, Құттықтау, Спорт
23/06/2022
49 Views
Паралимпиада ойындары – есту бойынша мүгедектерден басқа барлық мүгедектер үшін арналған халықаралық спорттық жарыс.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып олардың өздерін қоғамнан шет сезінбеулеріне мүмкіндік жасау мақсатында ұйымдастырылатын Паралимпиада ойындары 1976 жылдан бастап өткізіле бастады.
Ағымдағы жылдың 15-22 маусым аралығында тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында Паралимпиадалық жеңіл атлетика спорт түрінен ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Ғ56 найза лақтыру дисциплинасы бойынша I орын иеленіп, чемпион атанған Мұқан Айтмырзаевты аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есен Алданиязов қабылдады. Жеңісімен құттықтап, құрмет көрсетті. Аудан әкімі Мұрат Болатұлының атынан алғыс хат табыс етілген шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев те қатысты. Еркін форматта өткен жүздесу барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында бұқаралық спортты, паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту мәселелері талқыланып, ұсыныстар айтылды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрлігінің Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен өткен байрақты бәсекеде мерейі үстем болған Мұқан Жұмабекұлы 1994 жылы 20 қарашада Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Үшкөпір елді мекенінде дүниеге келген. 2013 – 2017 жылдары Костанай ІІМ академиясында білім алған. 2017 жылдан бастап Жамбыл облысы ІІД «Арлан» арнайы максаттығы жасағында қызмет еткен. 2019 жылдан бастап қызмет бабында алған ауыр жарақатына байланысты зейнетке шыққан. Ал, 2022 жылдың қаңтарынан бастап Түркістан облыстық «Сауран» паралимпиада клубына мүше болып, арнайы жаттығулармен шұғылданып келеді.
Тұңғыш рет жетісайлықтар арасынан Паралимпиада ойындарының чемпионы атанған Мұқан Айтмырзаев Азия ойындарына дайындық үстінде.
«Құрметті Айтмырзаев Мұқан Жұмабекұлы!
2022 жылдың 15-22 маусым аралығы тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында паралимпиадалық жеңіл атлетика спорт түрінен ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында Ғ56 найза лақтыру дисциплинасы бойынша I орын иеленгеніңіз үшін Сізге шынайы алғысымды білдіремін!
Алдағы уақытта да ауданымыздың салауатты өмір салтын насихаттап, спорт саласының дамуына елеулі үлес қоса беретіндігіңізге кәміл сенемін.
Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық-саулық, бақыт-береке, толағай табыстар тілеймін!» делінген аудан әкімінің алғыс хатында.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2022-06-23