«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2022» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Қоғам, Руханият
30/06/2022
13 Views
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Отбасылық байқаудың маңызы жылдан жылға артып, бірқатар көпке үлгі отбасылардың өмірі мен еңбегі насихатталуда. Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аталмыш байқаудың аудандық кезеңінде топ жарған жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті.
Қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған байқау қорытындысына арналған салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Әшірбай Тасов қатысып, жүлдегерлерді марапаттады.
Өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту, бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыруды көздейтін шараның мақсаты жанұя құндылығын кеңінен насихаттау. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруында барыс жылында өткен ұлттық байқауға аудан көлемінде 12 отбасы өтінім беріп, бақ сынады.
Байқау үздіктерін анықтау үшін арнайы құрылған комиссия шешімімен тартысты, тағылымды бәйгеде оқ бойы оза келген «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық конкурсының I орынымен Қазыбек би ауылдық округінің тұрғындары Әлімбетовтар жанұясы марапатталды. Шаңырақтың ұйытқысы, тірегі Жарқынбек ақсақал Құрбан ата ауылының ауыл биі. Ауылдың іші және сыртқы мәселелерін ортада талқылып, ауылдың көркеюіне, таза болуына аянбай қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда 2 ұл, 4 қыздан 28 немере сүйіп отыр. Жүлделі II орын Жетісай қаласының тұрғындары, ішкі істер органы саласының қос қызметкері Салтөреевтар отбасына бұйырды. Үздік үштіктен Асықата кентінің тұрғындары Ибадулаевтар жанұясы көрінді. Бұдан бөлек, ерекше қырларымен көзге түскен әулеттерге арнайы номинациялар, жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Салтанатты іс-шараның соңы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасып, қатысушылар ортаға шығып билеп көңіл көтерді.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне жүлделі бірінші және екінші орын алған, яғни Әлімбетовтар мен Салтөреевтар отбасылары жолдама алды. Ұлттық байқаудың облыстық кезеңі Түркістан қаласында өтеді.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-06-30