Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ен даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге тарихтың тағылымды иірімдерінен өткен ұлттық аспабымыз бүгінде заманауи музыка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосып келеді.
Өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыру мақсатында бекітілген «1 шілде – Ұлттық домбыра күні» мерекесінде Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай» аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жастар» саябағында «Асыл мұра – домбыра» атты мерекелік іс-шарасы болып өтті.
Салтанатты шарада, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор, «Сырдария» университетінің профессоры Бөрі Исаның жетекшілігімен аудандағы жас күйшілерден құралған домбырашылар Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлерін, Бөрі Исаның «Егемен Қазақстан» күйлерін орындаса, «Әлқиса-Нұрғиса», «Тепен көк», «Арынғазы» күйлерін, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіріп орындаса, мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Күйде қазақтың асқақ, асыл ойлары, арман-мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы-қасіреті мен әртүрлі сезім иірімдері бейнеленеді. Күмбірлеген қос ішекті домбырада шертілген күйдің адам жан-дүниесіне тигізетін әсері орасан, сондықтан, оны шынайы ықыласпен қабылдау арқылы ғана түсінуге болады. Қаншама ғасырлар бойы жинақталған күй қазынамыз – ұшы-қиыры жоқ, аса мол мұра. Әлемдік музыка қорына әр халық, ұлт өзіне тән өрнекпен өлшеусіз үлес қосатынын ескерсек, музыка мәдениетінің өткеніне ой жүгіртіп, әралуан тарихи деректеріне жүгінсек, халық өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан да осы домбыра аспабымыз. Бүгін біз осы бір қасиетті де қадірлі дүниемізді халық арасында насихаттауға барынша күш салдық» дейді Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Музыка әлемі – адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажайып дүние екеніне көз жеткізуде аталмыш шараның маңызы жоғары болды десек қателеспейміз.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.