ЗИЯНКЕСТЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ӘДІСТЕРІ ТУРАЛЫ СЕМИНАР ЖИЫН ӨТТІ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы
02/07/2022
23 Views
Негізгі күн көрісі ауыл шаруашылығы саласы саналатын аграрлы аймақ үшін әрбір күн мен сағатты тиімді пайдалану өте маңызды. Мол табысқа жетуде уақытылы дән сеуіп, минералды тыңайтқыштарды беру, кешіктірмей егістікті суғару және дер кезінде зиянкестермен күресу үлкен рөл атқарады.
Жетісай ауданының аграрлық секторында химиялық пестицидтердің бақылаусыз қолданылуының алдын алу, егістік алқаптарын қауіпсіз биологиялық әдіспен өңдеуді түсіндіру мақсатында Ж.Ералиев ауылдық округінде егістік алқап басында мақта зиянкестерімен күрес шараларына арналған аудандық семинар болып өтті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асан Маханбетов төрағалық еткен жиынға ауыл округ әкімі Сұлтан Қасымов, жер мамандары, биофабрикалар мен биолабораториялардың басшылары, шаруалар мен ғалым-мамандар қатысып, биологиялық әдістің тиімділігі мен қолданылу тәсілдерін талқылады.
Болжамдар әдістемелігі орталығы Түркістан облысы Жетісай аудандық филиалының басшысы Қайрат Досаев қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ, экологиялық таза биологиялық әдісті тек қана мақтаға емес, басқа да дақылдардың зиянкестеріне қолдануға болатындығын шаруаларға жеткізді.
Сондай-ақ, басқосу барысында құрамында песцициді бар, гербициді бар өнімдерді шығарудың орнына экологиялық таза өнімді өндіру, биологиялық әдістерді қолдану арқылы эко өнімнің көлемін ұлғайту мәселелері де кеңінен талқыланды. Ол үшін аудан әкімдігі тарапынан әрбір биолаборатория мен биофабрикаларға, әрбір ауыл әкімшіліктеріне барлық агротехникалық жұмыстар басталғаннан бастап біткенге дейін қолдау көрсетілетін де болады.
Жиынға өсімдікті қорғау саласындағы алпауыт «Syngenta» компаниясының Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша жауапты өкілі Нұржау Әбдіғаппаров арнайы қатысып, зиянкестерге қарсы күрес әдістерінің тиімді жолдарын атап өтті.
«Биыл көктем айларында жауын-шашынның мөлшерден көп түсуі, зиянкестерге қолайлы жағдай туғызып отыр. Мақта дақылын қорғауда бірінші агротехникалық, екінші, биологиялық, үшінші химиялық тәсілдерді пайдалана отырып, зиянкестермен жүйелі күрескен жағдайда ғана оларды жоюға болады. Зиянкестерге қарсы күресудің де өз мәдениеті бар. Егер қауіпсіздік талаптары сақталмаса, қоршаған ортаға оның пайдасынан гөрі зияны көп. Пестицидтермен жұмыс істегенде қауіпсіздік талаптары сақталмаса, жайылымдағы малдардың қырылуына, аумақтағы адамдардың денсаулығының нашарлауына әкеліп соқтырады» деді Нұржау Оразханұлы.
Айта кетейік, Жетісай ауданы бойынша ағымдағы жылы жалпы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланса, оның ішінде мақта дақылы 49 мың гектартан астам алқапты қамтып отыр. Бүгінгі таңда өнімділік деңгейін арттырып, зиянкестерге қарсы күресу мақсатында Асан Жақыпбекұлы 11 ауылдық округте семинар жиын өткізсе, мақта дақылын қорғау мақсатында 23 мың гектарға биологиялық әдіс, 8 мың гектарға химиялық әдіс қолданылды.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2022-07-02