Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында және билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту, қоғамды одан әрі демократияландыру мақсатында Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы I жарты жылдықты қортындылап, бекітілген кестеге сәйкес Жаңа ауыл ауылдық округі тұрғындарымен Жаңа ауыл ауылында орналасқан №22 Қ.А. Яссауи атындағы ЖОМ ғимаратында, ашық аспан астында кездесу өткізді.
Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов пен аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Есімжан Надиров, аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, тиісті сала мамандары мен округ тұрғындары қатысты.
Ашық жүздесуде аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобаларға тоқтала кетті. Сонымен қатар, кездесуде Мұрат Болатұлы халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, ауылдық округтегі өзекті мәселелер және оның шешімі туралы айтып өтті.
Ауылдық округ тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын Жаңа ауыл, Достық ауылдық округтеріндегі елді мекендерге жеткізуші газ құбырын салу жұмыстарына 2021 жылға 150,0 млн теңге қаржы қаралып, жеңімпаз мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуде. Нысан 2023 жылға өтпелі.
Жаңа ауыл ауылдық округіндегі Ынтымақ, Жаңа ауыл және Атақоныс елді мекендеріндегі жаңадан қосылған көшелерге электр желілерін жүргізуге және трансформатор (КТП) орнату құрылысына жобалау-сметалық құжаттамаларын жасақтау үшін жергілікті бюжеттен жалпы қажетті 5,1 млн. теңгенің 2022 жылға 500 мың теңгесі бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаға сараптама қорытындысы алынғаннан кейін, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлдіруге ұсынылатын болады.
Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен тиісті қаржылар бөлініп, Ынтымақ елді мекеніндегі Бейбарыс көшесіне КТП орнату жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Самал көшесін жарықтандыру мен электр бағаналарын ауыстыру үшін жергіліктті бюджеттен 1,2 млн.теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда «Жетісай қызмет» КММ тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда. Ынтымақ елді мекеніне қарасты Бейбарыс және Ақбұлақ көшелеріндегі үй санының көбеюіне байланысты қосымша 1 дана электр желісінің КТП-сы орнатылды.
Барыс жылында жергілікті бюджеттен Ынтымақ елді мекенін 3 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілген болса, Жаңа ауыл елді мекеніндегі 1,8 шақырымды құрайтын Қазығұрт көшесіне және Қарой елді мекеніндегі ұзындығы 1,8 шақырым Алатау көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, демеушілер есебінен Ынтымақ елді мекенінде орналасқан Жетісай аудандық орталық ауруханасына баратын Көрікті көшесі және Қалтұрсын қажы, Достық, Астана көшелеріне әр түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ойық шұңқырларды асфальтпен жабу жұмыстары жүргізілді.
Кездесуде округ тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылып, толғандырған барлық мәселелерге аудан басшысы кезекпен жауап берді. Кездесу соңында мәселесін жеке айтамын деген тұрғындарға аудан әкімі жеке қабылдау өткізді.
Кездесуден кейін округ әкімі Нұрлыбек Бахтияров Жаңа ауылдық округінің өнімдерін аудан басшысына көрсетіп, ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап өтті.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.