КӨРШІҢІЗБЕН ТАТУСЫЗ БА?
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
17/07/2022
33 Views
«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», «Алыстағы ағайыннан алдыңдағы көршің артық», «Жақынның жаманын мақтама, көршіңнің ала жібін аттама» деп халық текке айтты ғой деймісіз. Жақсы көршің болса туысыңнан жақын жүреді, қызығыңа, қуанышыңа ортақтасып, қайғыңды бөліседі. Сондықтан қазақ халқы ежелден көршісін сыйлап келген, өзара тату тұрған.
Көнекөз қариялар «ағайын бір өліде, бір тіріде керек» деп айтып отырады. Расыңда да қоңсымызбен күнде араласамыз, қазан-ошағымыз бірігіп кеткен. Кейде, тіпті, көршілердің бірі үйімізге бас сұқпай қалса «неге келмей жүр екен?» деп алаңдап отыратынымыз бар. Мұндайда «әлдене айтып, өкпелетіп алдым ба?» деп те қараптан-қарап отырып қысыласыз. Ал, туған күн , шілдехана, бесіктой, тұсаукесер көршісіз өтпейді. Бір сөзбен айтқанда, көрші отбасымыздың бір бөлшегіне айналып кеткендей.
Дей тұрғанмен де құдайы қоңсы-көршісімен араз тұратын адамдар да бар екендігі жасырын емес. Таяуда бір танысым айтқан мына жайтті ортаға салайын.
«Біздің бір көршіміз бар,-дейді ол,-ешкіммен қатыспайды. Қашан барсаң да есігі тарс жабық. Тіпті, күндіздің өзінде есігін іліп отырады. Ешкіммен алыс-беріс жасамайды. Томаға-тұйық , тым-тырыс жандар».
Расында да, осындай көршілер бар ғой. Алайда, оларға реніш те білдіре алмайсыз. Неге? Өйткені, әркім өз қалауынша өмір сүретін заман. Қатысқысы келмеді екен, не дей аласыз? Дегенмен мұның өзі кімге де болсын тосын көрінері анық. «Мейлі, өз еркі өзінде ғой, араласпаса не қыласыз?» дегенімізбен, іштей оларға деген әлденендей өкпеміз болады. Көршінің бұйығылығына біртүрлі үйрене алмай-ақ қоясыз. Сол бұйығылық көршіңізбен қатынасты үзе бастайды. Енді тек кездесіп қалған кезде ғана бас шұлғысып амандасып өте шығатын боламыз. Осыдан келіп арада салқындық туады. Бұл не салқындық? Тап басып тағы айта алмайсыз…Әйткенмен де, көршіңмен араласып-құраласып тұрғанға не жетсін!
Тағы бір көрші болады. Осы көрші ауылдасының артықшылығын көрсе сол күні ауырып қалады. Көршісі жылтыраған бір нәрсе алса-ақ болды жыландай жиырылып, күндеп шыға келеді. Тіпті, көршісінің ішкен-жегенін де күндеп отыратындар аракідік болса да кездеседі. «Отты үрлей берсең өшіресің, көршіні күндей берсең көшіресің» деген сөз текке айтылмаған. Мұның ақыры ауылдастың бірі өз түтінін басқа жерден шығаруға мәжбүр етеді.
Бірде көрші ауылдағы бір жекжаттың тойына бардық. Той иесі бізге бұрын кездестіре бермеген бір топ адамды мақтанышпен таныстырып шықты. Сөйтсек, олар көршілері екен. Сол күні тойдың барлық қызметін солар атқарды. Екі жастың бақытты болуына арнап сөз де сөйлеп, сыйлықтарын табыс етті. Соңынан көршілер түгелдей билеп, тамашаны тамашаға ұластырды. Бір үйдің баласындай тойға қызмет етіп жүрген оларға разы болып отырдық. Ертесіне де сол көршілер таңертеңнен табылып, құда күтісті, ыдыс-аяқ жинасты. «Көрші болсаң, осылардай бол!» деп біз ризашылығымызды жасыра алмай қайттық.
Мынадай да көрші болады. Үй арасына өсек тасып, екі отбасыны араздастырып қойып, өзі дым білмегенсіп, тымырайып жүреді. Сол көршілер өзара түсінісіп, татуласа бастаса өсектің өртіне майды қайта тамызып, отты лаулата түседі. Орталарынан ала мысық жүгіріп өткен тату көршілер мұнан соң жуық арада қатынаса қоймайды. Мұндай көршіден сақ болған жөн. Көршінің осындай теріс мінезін аңғардың екен, сөзіне көп ере бермей, оның айтқандарын ақыл таразысына салып, салмақтап көрген абзал. «Сен менің сыртымнан олай депсің, былай депсің» деп көршіге орынсыз тиісу де жақсылыққа жеткізбесе керек.
Көршімен көршіні араздастыратын негізінен бала мен мал. Бала болған соң кейде олар бір-бірімен ұрысып қалады. Алайда, соған бола балалардың арасына түсіп, көршіге жеккөрінішті болмаған жөн. Олар қазір ұрысты екен, сәлден соң-ақ татуласып, қайта ойнап кетеді. Сондықтан «сенің балаң менің баламды ұрып қойды, түртіп жіберді» деп тұра шаппай, оларды татуластыруға тырысыңыз.
Бұл күндері қала мәдениетіне жақындаймыз деп көрші-қолаңмен баяғыдай араласуды қойып бара жатқан сияқтымыз. Әке-шешелеріміз айтушы еді: «Бұрын біздің есігіміз үнемі ашық тұратын. Қайда кетсек те үйді ашық тастап кете беретінбіз. Құлып дегенді білгеніміз жоқ» деп. Ал, қазір ше? Үйінен аттап шықса есігіне қара құлып салып кетеді. Мұның өзі көршіге деген сенімсіздікті де білдіретіндей. Біз ешкімге де «есігіңе құлып салма, үйіңді ашық-шашық таста» дегелі отырғанымыз жоқ. Қазіргі ұры-қарының көбейіп тұрған кезінде бұлай деу артық екенін де білеміз. Десек те, болмашыға үрейленіп, есікті күндіздің өзінде тарс жауып отырған қолайсыздау көрінеді. Өйткені, әлдебір шаруасымен көрші көршісінің үйіне кіре кетуді жөн санап жататын кездер көп. Мұндайда көршісінің дарбазасын ұрғылап тұрғаны көңіл суытатындай.
Иә, көршіңмен тату болғанға не жетсін! Ең әуелі басың ауырып, балтырың сыздаса да бірінші болып көңіліңді сұрайтын сол көршің ғой. Ал, мұның өзі қаншалықты демеу десеңші. Қазақ «көршің жақсы болса-тынысың» деп текке айтпаған. Ендеше, көршімен тату-тәтті, аралас-құралас тұрғанға не жетсін.
Сіз көршіңізбен татусыз ба?..
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
2022-07-17