КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ БАСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Өзекті мәселе
18/07/2022
14 Views
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2022 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігі проблемаларына тоқталып, Үкіметке Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.
Тапсырманы орындау мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 218 қаулысымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары бекітіліп, өз кезегінде бағдарлама шеңберінде облыстық деңгейдегі Өңірлік жұмыспен қамту картасы әзірленді. Түркістан облысы бойынша 33 819 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, біздің ауданда 2777 адамды жұмыспен қамту көзделген. Орындаушылық тұрғыда бүгінгі күнге дейін 1968 адам халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан болса, «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық жүйесі арқылы 11 адам бос жұмыс орындарына орналасып отыр. Салыстырмалы талдау көрсетіп отырғандай, Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасу көрсеткіші ауданда төмен. Осы орайда ауданның меншік нысанына қарамастан барлық шаруашылық субъектілерін бос жұмыс орындары пайда болған жағдайда, Электронды еңбек биржасы жүйесін пайдалана отырып, вакансияларды ашық, толық түрде жариялауға шақырамыз. Бұл жүйе жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы жұмысқа орналастыру бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құрылған алғашқы бірыңғай сандық алаң. Бұл платформаның арқасында бір тараптан жұмыс берушілер өздерінде ашылған бос жұмыс орындары туралы толық деректерін жариялау мүмкіндігін алған болса, екінші тараптан жұмыс іздеушілер өз бетінше үй жағдайында ғаламторды пайдалана отырып, бос жұмыс орындары туралы жарияланымдармен танысу мүмкіндігін алған. Тұрғындардың ғаламторға шығатын электронды құрылғыларға қол жетімділігі болмаған жағдайда немесе маманның бетпе-бет кеңесі қажет болған жағдайларда азаматтар біздің орталықтың мамандарына тікелей жүгінуіне де болады.
Жоғарыда аталған отырыста Мемлекет басшысы «Жұмыссыздық деңгейін түсіруге ерекше назар аудару керек. Әсіресе жастар арасында. Жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүр. Кейбіреулері табыс іздеп жүріп заңнан аттап кетуі мүмкін», – деген болатын. Осы тапсырманы орындау тұрғысында 2022 жылғы 27-29 маусым аралығында Enbek.kz порталында жастарға арналған бірінші жалпы республикалық бос орындар онлайн-жәрмеңкесі өтті. Өз кезегімізде, әлеуметтік желілерді пайдаланып аудан жастарын осы онлайн жәрмеңкеге қатысуға шақырған бірнеше хабарламалар жасадық, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жәрмеңкеде жұмыс берушілер онлайн-презентацияларын өткізіп, өз компаниялары, жұмыс шарттары, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу ерекшеліктері туралы айтып берді. Жәрмеңкеге қазақстандық 23 ірі жұмыс беруші қатысып, enbek.kz порталына 50-ден астам мамандық бойынша 1 320 бос жұмыс орнын ұсынды.
Бүгінде ауданымызда Ұлттық жобалар шеңберінде
41 инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. Осы жобалар шеңберінде құрылатын бос жұмыс орындары туралы деректерді мердігерлер тарапынан Электронды еңбек биржасы арқылы толыққанды жариялату, жұмысқа тұрушылармен еңбек шарттарын құқықтық негізде жасатып, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдерін уақытылы жасатып отыру міндеті де алдымызда белеңдеп отыр. Бүгінгі күнге 28 нысандағы құрылыс жұмыстарына 109 вакансия ақпараттық жүйеде жарияланып отыр. Аудандағы кенттер мен ауылдық округ әкімдеріне бос жұмыс орындары құрылған құрылыс компанияларының тізімі мен бос жұмыс орындарының саны туралы мәліметтерді жолдадық. Жуық арада бос жұмыс орындары жәрмеңкесін аудан көлемінде көшпелі форматта өткізуді жоспарлап отырымыз.
Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы негізгі басымдықты ауқымды жұмыспен қамту бағытына беріп отырғандығын ескеретін болсақ, Ұлттық жобалар шеңберінде аудан көлемінде инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жүргізіп отырған мердігерлерді еңбек заңнамасының талаптарын қатаң түрде сақтауға, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың табысын арттыру бағытында іске асырылып жатқан шараларды нәтижелі жүргізу міндетіне азаматтық жауапкершілікпен қарауға, өзінің ел алдындағы жеке әлеуметтік жауапкершілігін танытуға шақырамын.
Ж.ТОҚБЕРГЕНОВ,
Мақтаарал ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары.
2022-07-18