МАҚТАЛЫҚТЫ СУҒАРУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУ ТАПСЫРЫЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Билік
19/07/2022
23 Views
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Мұрат Болатұлының төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласының кеңейтілген жиыны болып өтті. Күн тәртібінде техникалық дақылдың тұқымы себілген егістік алқаптарын уақытылы суғару, мақта зиянкестерімер күресті күшейту, шығынның алдын алу мәселелері қозғалды.
Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Асан Жақыпбекұлы мен «Қазсушар» РМК Жетісай аудандық бөлімшесінің басшысы Орынбасар Тастанов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Марат Абуов, ауылдық округ әкімдері мен жер мамандары, су қауымдастық төрағалары мен шаруалар қатысты.
«Ағымдағы жылдың су пайдалану кестесінің жоспарында «Достық» магистральды каналынан шілде айының II-ші он күндігінде 50 м3/сек, III-ші он күндігінде 55 м3/сек. ағын су алу лимиті қарастырылған. Дегенмен, қазіргі таңда аудан шаруаларының сұранысы небәрі 31 м3/сек құрап отыр. Ағын суға шаруалар тарапынан сұраныстың болмауынан тамыз айынан бастап Өзбекстан Республикасы ағын су лимитін қысқартуы мүмкін. Осыған орай жетісайлық шаруалар дәл қазіргі сәтте ешбір кедергісіз келіп жатқан суды тиімді пайдаланып, егістік алқаптардағы вегетациялық жұмыстарды жеделдетулері керек» деді аудан басшысы Мұрат Болатұлы.
Аудан әкімінің орынбасары Асан Жақыпбекұлының айтуынша шаруалар мақта зинкестерінен қауіптеніп ақ алтын дақылын ағын судан тарықтырса гүлдер мен шанақтардың, көсектердің жаппай түсуіне алып келеді. Сондай-ақ, шілде суын дұрыс алмаған дақыл мол өнім бере алмайтындығын шаруаларға жеткізіп, су қауымдастықтары мен округ әкімдеріне тез арада ағын суға сұраныс беріп, жаппай суғару шараларын қолға алуға шақырды.
Айта кетейік, Жетісай ауданында алдағы аптада аптап ыстық күтілуде. Казгидрометтің хабарлауынша сынап бағанысы 40-46 С° жетуі мүмкін. Бүгінгі таңда суғарылған мақта алқабы 4700 га.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-07-19