19 шілде 2022 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы.
Қазақстанның экологиялық қоры оқушыларға арналған республикалық экобайқауларға жұмыстарды қабылдау мерзімінің ұзартылғандығын хабарлайды.
Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, жыл сайын адамзат әлемде 2 миллиард тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 миллиард тоннаға дейін көтерілу қаупі бар.
Ал БҰҰ мәліметі бойынша, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығынан зардап шегеді. Сарапшылардың бағалауынша, әлемде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға зәру. Ал 1,7 миллиард адам тұщы суға мұқтаж. Жыл сайын әлемде таза судың жетіспеушілігі мен антисанитариялық жағдайдың салдарынан мыңдаған адам қайтыс болады.
Жалпы осындай экологиялық мәселелерді ескере отыра, Қазақстанның экологиялық қоры мектеп жасындағы жас ұрпақпен тығыз жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар жастардың назарын экологиялық мәселелерге аудару, әрі білімдерін кеңейту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп, байқаулар ұйымдастырып отырады.
Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанның экологиялық қорының бастамасымен 3 байқау өткізіліп отыр:
-
«Қоқысты қайта өңдеу», «Менің ең жақсы аулам» республикалық байқауы. Мақсаты – оқушылардың тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу әдістері туралы, білімдерін кеңейтуге үлес қосу.
-
«Мен үйдегі суды қалай үнемдеймін» республикалық байқауы. Мақсаты – мектеп оқушыларының инновациялық іс-әрекетке баулу арқылы олардың шығармашылық қабілеттері мен әлеуетін ашу және іске асыру, суды үнемдеу көзқарасын қалыптастыру.
-
Жас блогерлерге арналған «Ең үздік эковидео» республикалық байқауы.