НҰР ДИДАРЛЫ НҰРИЛА
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Руханият
26/07/2022
50 Views
Біздің еліміз қашан да қыз баланы қастерлеген. Дана халқымыз «Әйел-ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі» дейді. Әрқашан дана сөзге жүгінген бабаларымыздың жаңсақ кеткен кезі жоқ. Не айтса да тауып айтты. Осы ретте нәзік жыныстылардың қоғамдағы орны туралы жоғарыда айтқан тәмсілден артық айтамын деудің өзі күпірлік сияқты. Иә, әйел-өмір тірегі. Өмірді нұрландырып, гүлдендіріп тұратын әйел-ана, әйел-ару болмаса тірліктің сәні де, сәні де жоқ. Әйелді ардақтау, аялау, қорғау, құрметтеу, қорғау ер-азаматтардың мойынына әлімсақтан ілінген парыз дейміз. Бірақ, тіршіліктің тамыр жаюына үлес қоса жүріп те, еліміздің болашақтарын тәрбиелеп жүріп те, тіпті емізулі баласын қолына алып отырып та, бесік тербетіп отырып та ерлерден артық іс тындыратын аяулы аналарымыз көп болған жоқ па?! «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп текке айтқан жоқ-ау.
Халқымызда ғажайып ерліктерімен есте қалған қыз-келіншектер, аяулы аналар жеткілікті. Олар Құдай қосқан ерлерінің ақылшысы, тірекшісі, тілекшісі, ұрпағының тәрбиешісі болып жүріп те мемлекеттік шаруаларға араласты, тіптен жаугершілік замандарда қолына найза, қылыш ұстап, басқыншылармен аянбай шайқасып ерлік те көрсетті. Жары, баласы жауға аттанғанда төтеннен келіп киліккен басқыншыға қарсы шығып, тұтас ауылын аман алып қалған батыр аналарымыз қаншама. Біз олардың барлығын санамалап отырғымыз жоқ.
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы ақылдылығымен, адамгершілігімен, әдептілігімен, парасаттылығымен, шыншылдығымен және аналық қасиетімен «Диһнат мама» («Домалақ ана») атанып кеткен түбі түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі, осы кісінің жалғыз ұлы Әли Сыланның қызы Нұрила туралы өрбімек.
Тегі, адамға есім берілерде Көк Тәңірі қолдап отыратын болуы керек немесе кісінің есімі тағдырына қатысты болып келетін бір құдірет бар ма, Нұрила есімді қыз тегін жан емес-ті. Оның атының арғы тегін қарастырсаңыз көне араб тілінде «Алланың нұры» деген ұлы сөз шығар еді. Нұрдан жаралған жан төңірегіне жан шуағын, нұрын шашып тұрмас па? Ерекше жаратылыстағы Нұрила да осы қасиеттерге ие болды. Біз мұны осы еңбегімізде мүмкіндігінше жан-жақты ашып көрсетуге тырысамыз.
Сонымен…
ОЛ ЕКІНШІ МЕККЕДЕ ТУЫЛДЫ
Иә, сонымен, Нұриланың шыққан тегі қайдан? Әңгімені осыдан бастаған абзалырақ болмақ. Өйткені, жақсыларды көрсе «текті жерден шыққан екен» деп жатады емес пе? Нұрила да сондай текті әулеттің перзенті еді. Мақтым Ағзамның жалғыз ұлы Әли Сылан өз заманының батыры еді. Ол Уәйіс ханның әпкесі Нұрбикеге үйленеді. Кейіннен әскери қолбасшы болып тағайындалды. Оның ендігі өмірі Қарсы-Құзар қаласында жалғасты. Әли Сылан Әмір Темірдің қарауында еді. Соның әскерін басқарды. 1388 жылы күзде ол қырық жасында Әмір Темір әскерінің құрамында Алтын Ордаға аттанады. Жолай Түркістанға соғып, әйелі Нұрбикені әкесі Мақтым Ағзам қожаның үйіне қалдырады. Бұл кезде Нұрбикенің құшағында Нұрила бар болатын. Соғысқа аттанып бара жатқан батыр қызының маңдайынан сүйіп ұзақ тұрып қалады.
Алғашқы шабуылда Әли Сыланның әскері Сарай-Берекені алады. Жаужүрек сарбазды Әмір Темір жанынан жібермейді. Ол осы сапарда Әмір Темірдің жанында ұзақ уақыт бірге жүреді.
Бірде Нұрбике Қарашық өзеніне суға түседі. Осы кезде оны жылан шағып, соның уынан ол қаза табады. Әкесі әскерден келмеген, шешесінен ойда жоқта айырылған Нұриланың жүрегі қайғы-мұңға толып, сағынып-сарғаюмен күн өткереді. Жас қыздың шерге толы жүрегі атқақтап, анасын ойлаумен болады. Әкесі ұзақ сапардан орала қоймайды. Қылышынан қан тамған, сұсынан әлем сескенген Әмір Темірге кім қарсы келе қойған дейсіз? Сондықтан да Мақтым Ағзам да мемлекет тірлігімен жүрген Көрегенді аса көп кінәлай қоймаса керек. Қайта баласының ұлы қолбасшының қасында жүргенін жүрегіне медет тұтты.
Міне, осы кезде Мақтым Ағзам немере қызына барынша көңіл бөліп, оның шерлі көңіліне шуақ, бойына қуат құйғысы келді. Немересін барынша еркелетіп, еркін өсірді. Мұндағы ойы немересі құсалықтан арылсын дегендегісі еді. Бірақ тектінің ұрпағы, қанында зеректік бар Нұрила атасының қолдауын қыз жүрегімен жақсы түсінді, аса еркелеп, қызға жат қылықтарға бармады. Қайғы-шер кімді де болсын тез есейтеді емес пе? Нұрила да ерте есейді. Ақыл тоқтатты.
Жалпы, көне дәуірден жеткен әңгімелерде көптеген деректер бар. Солардың кейбіріне құлақ түрсек, біраз жәйтке қанығамыз. Аққұс дамулланың шежіресінде Нұриланың өмірі біршама толық баяндалады. Осы шежіреде Мақтым Ағзам Қожа Ахмет Иассауидың қызы-Гауһар бибінің ұрпағы деп көрсетіледі. Сондай-ақ Әбілқазы Баһадүрханның «Инсаният-и-диһнат маме» деген кітабы бар. Онда Нұриланың бойындағы асыл қасиеттер жіпке тізгендей жан-жақты баяндалыпты. Осы кітап араб, парсы, түркі тілдеріне аударылып, қалың елге тарайды. Қазір Иранның ұлттық «Даролфонун» кітапханасында сирек кітаптар қорында 1653 жылы парсы тілінде жазылған нұсқасы сақтаулы тұр. Тағы бір зер салатын қызық дерек. 1663-1756 жылдар аралығында өмір сүрген Төле би Әлібекұлы Ташкент қаласында билік жасап тұрған кезінде осы кітапты оқыса керек. Осы кітапты желісін бұздырмай аудартып, баласы Қожабекке тапсырма бергізіп, Ташкент қаласында 1713 жылы кітап етіп бастырып шығарады. Төле би аталған кітапты өзі білетін тың деректермен толықтырған деседі. Осы қолжазбаны Төле бидің батыр жиені Шінет Қарабатырұлы (Сиқым руынан тараған) көшіріп алып, Бабасейіт әулетіне таратады. 1736-1832 жылдары ғұмыр кешкен Ташкент биі, Бәйсеіт әулетінің дәулетті адамы Барлыбай Байсалұлы Нұрила туралы шежіре-тарихты толықтырып, қайта жазып «Тауарих-и Диһнат маме» деген атпен 1792 жылы Бұқарада бастырады. Осы кітап Ташкент облысында тұратын қазақ отбасының шаңырағынан табылған.
Дамулла Аққұс Сатыбалдыұлы (1806-1897) жоғарыда аталған деректерді топтастырып, Домалақ ана туралы шежіренің бірегей нұсқасын жасайды. Бұл кітап 1841 жылы Ташкент қаласында басылып щығады. «Диһнат мама тарихы» атты осы кітап Ташкент облысындағы Оңқорған қыстағында тұратын Ергеш Балғабайұлының қолында беріге дейін болған екен. Әрине, бұл кітап араб графикасы негізінде басылған. Осы шежірені Темірдің Мініс атасының ұрпағы дамулла Бейсенбай Әйтұлы қазақ алфавитіне аударысқан екен. Сонымен, бұл кітап Өзбекстан аумағында қалып отыр ғой.
Шежіре-халқымыздың ежелгі дәуірінде қалыптасқан, негізінен ауызекі дәстүрде айтылып, аға буыннан кейінгілерге есте сақтау арқылы жеткен, асыл мұра ретінде қалдырып отырған көне тарихнамасы десек, олардың айтыла келе түрлі өзгерістерге ұшырайтынын да ескеруіміз керек. Елдің тарихы, батырлары мен билері, олардың елдік-ерлік жорықтары, жер-су аттары, руаралық бөліністері, басқа да жәдігер-жағдаяттары, қымбат құндылықтары ұқпақұлақ, құймақұлақ азаматтарының жадында сақталып, ауыздан ауызға өткені белгілі. Сөз зергерлері ұлт тарихы жөнінде өлең-жырлар, толғаулар шығарған. Соның өзінде кейбір құнды деректеріміз бізге толыққанды жетпей отыр.Мәселен, Қазанқап Байболұлының (1891-1945) «Төле бидің тарихы» атты жыр-толғауында Әз Төленің түпкі бабасы болып келетін Бәйдібек би мен Домалақ ене туралы біраз деректерге қанығуға болады. Бұлардан бөлек жыр алыбы Жамбыл да Домалақ ене туралы толғаған. Тіпті, орыс зерттеушісі Н.А. Аристонов та осы тақырыпқа қалам тербейді. Ол да Бәйдібек тарихына тоқталғанда Домалақ ана туралы біраз дерек келтіреді. Бірақ Қазанқап Байболовтың Домалақ анаға Бәйдібектің бәйбішесі қысым жасап, оны қиын шаруаларға салып қойған. Нұрила домаланып жүріп бар шаруаны үнсіз атқара берген . Осы себепті оған Домалақ ана аты телінген деген тұспалдарына келіспейміз. Өйткені, Домалақ ана шағын денелі болғанымен, өте зерек, ақылды болған. Оған жоғарыда шежірешілердің дерегін келтірдік.
Қазығұрттық шежіресі Көпжасар Мәденұлының айтқан, соңына қалдырған нұсқасы былай таратылады.
Ертеректе Сәдір ата, Бәдір ата, Сейіт Ахмет ата, Ұзын Хасан ата деген төрт кісі Бұқара қаласында ілім-білім алады. Бір күндері дін басшысы осы төртеуін алдына шақырады.
-Сендер білім алып, әбден жетілдіңдер. Енді күнге күйген құлға ұқсаған, өзі зеңгі тәрізді ишанды іздеп тауып, соның шәкірті болыңдар,-дейді.
Осылайша Бұқара қаласынан шыққан төртеуі Түркістан қаласын бетке алады. Сар даланы кезіп келе жатқан олар Ташкент қаласының маңында жалаңаяқ сиыр бағып жүрген түсі қап-қара бір адамға жолығыпты. Бұл-Зеңгі баба еді. Ойда-жоқта кездескен төрт жолаушыны көрген ол:
-Сендер кімсіңдер? Мына шөл далада қайдан адасып жүрсіңдер? Шөл далаға сендерді біреу қуды ма?-деп сұрайды.
Төртеуі білімдар адам іздеп келе жатқандарын айтады. Сонда Зеңгі баба:
-Мен барлық ғаламды шарлап шықтым. Бірақ, ешенді (аса білімдар адам) тапқаным жоқ. Ал, білімдеріңді толықтырамын десеңдер менен артық адам таппайсыңдар,-дейді.
Сейіт Ахмет: «Мұндай мақтаншақ адам көрсем, көзім шықсын. Мынадай қап-қара адамға қалай шәкірт боламын?» деп іштей Зеңгі бабаны меңсінбей тұрады. Бәдір ата болса «еріндері түйенікі сияқты салбырап тұрып, қалай мақтанады?» деп ойлап тұрады.
Зеңгі баба ерекше жаратылған жан еді. Ол Сейіт Ахмет пен Бәдір атаның өзіне сенбей тұрғанын сезе қойды. Аса ықылас танытпай тұрған екеуіне бұрылмай, өзіне ықыласпен қарап тұрған Хасан атаның қолын алады. Кейін оны тәрбиелеп, білімін ұштап, Сыр жағындағы елге пір етіп жібереді. Қазақтың Ұзын ата деп жүргені осы.
Зеңгі баба Сәдір атаға да бата беріп жібереді. Бәдір атаны да жанына көп ұстамаса керек. Қоштасарда Сейіт Ахмет ата сәл кідіріп, кеткісі келмегендей кібіртіктей береді. Оның не істесе де жұмысы іргелімей, кері тартады да тұрады. Бірде ол Зеңгі бабаның жұбайына:
-Маған көмектесіңізші. Зеңгі баба маған рұқсат берсін,-дейді.
Зеңгі бабаның жұбайының есімі Әнуар еді. Сол Әнуар ана:
-Бұл үшін Зеңгі бабаның ықыласы түсуі керек. Соған лайық бір амал қылуың керек. Мен құманды қойныма алып жатамын. Таңертең дәрет алғанда сол жылы сумен жуынушы еді. Бүгіннен бастап мен ауырып қалған болайын. Сен менің орныма дәрет суың жылытып беріп тұр. Мүмкін саған да ықыласы түсер,- дейді.
Әйелі ауырып қалғанын есітіп, Зеңгі баба өзенге барып дәрет алады. Күн салқындап қалған кез болса керек. Зеңгі бабаның үсті-басын түк басқан, сақалы кіндік тұсына келетін адам екен. Ә дегеннен-ақ сақал-мұртын, денесіндегі түгін мұз құрсаулайды. Сол күні Әнуар ана Сейіт Ахмет атаға келіп:
-Сен енді түнде қара киізге оранып, аяғыңды бүктеп, Зеңгінің жүретін жолына жат. Онымен сөйлескенде кішілік таныт,-дейді.
Ахмет түнде құманды қойнына алып, киізге оранып жатады. Таңертең оянған Зеңгі баба жолыңда жатқан оны басып кетеді.
-Бұл кім?-деп Зеңгі баба жөн сұрайды.
-Сенің Ахметің! Сенің Ахметің!-деп ол екі рет қайтара жауап береді.
Ахмет Сейіт әулетінен шыққан соң үнемі өзің Сейіт Ахмет деп таныстыратын әрі соны мақтанышпен айтатын. Жүрген жерінде тәккаппарланып, мардымси қалатын да әдеті бар еді. Бұл жолы кішірейіп тек Ахмет деген өз атын ғана айтады. Бұл үшін Зеңгі бабаның іші шамалы болса да жылып қалады.
Осыдан соң Сейіт Ахмет киізден босанып, Зеңгі бабаның аяғына құлап, сүйе бастайды. Зеңгі бұған шамданып:
-Орныңнан тұр,-деп әмір етеді.
Сейіт Ахмет орнынан тұрып, Зеңгі бабаға құманды береді. Дәрет алып келген соң Зеңгі баба Ахметке қарап:
-Сен бүгін кішіпейіл болуға ниет еттің. Осыдан сыртың аздап болса да тазарды. Бірақ, ішің әлі де таза емес,-дейді.
Дегенмен, сол күні Зеңгі баба оған батасын береді.
-Сен енді Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауидың жайына бар. Сол арада отырған шырақшы саған бір нәрсе береді. Оны Бәйдібекке бересің,-депті.
Қожа Ахмет Иассауидің кесенесін күзеткен шырақшыға Мейірбике деген қыз нәзірге түсіпті. Түркістанға келгенде шырақшы Сейіт Ахметке сол қызды береді. Сейіт Ахмет Зеңгі баба тілегін орындап, Мейірбикені Бәйдібекке әкеліп береді. Мейірбике, міне осы Домалақ ана болатын,-деп Көпжасар Мәденұлы шежіре шертеді.
Оның нәзір деп отырғаны-екі дүниеде сұрауы жоқ, тағдыры иесінің қолындағы адамды айтады. Осы шежіреге қарағанда Домалақ анамыздың әу бастағы аты-Мейірбике болса керек. Бір шежіреде ол Бәйдібек бабамызбен некесі қиылған соң Мейірбике атанады. Ал, парсы тіліндегі шежіре деректерде ол Бибі Мэрилы деп көрсетіледі.
Төлеби ауданы Зертас ауылының тұрғыны Ереген Ағыбайұлы үлкен молда болған екен. Бұл кісі де Көпжасар атаның әңгімесіне ұқсас шежіре айтатын болған. «Бәйдібек Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне зиярат етіп, үнемі барып тұрған. Осындағы шайыққа бір кісі қызын нәзір етіп тастап кетіпті. Бірде Бәйдібек Түркістанға барса кесене басындағы шайық: «Байеке, осында бір нәзір қыз бар. Соны сіз некелеп алыңыз. Осы қыздан сіздің әулетіңіз өсіп-өнеді» дейді. Бәйдібек те діндар адам еді. Ол шайықтың сөзін құп көреді. Сөйтіп, қызды атына мінгестіріп, ауылына алып қайтады. Мейірбикенің денесі шағын, домаланып қалған қыз екен. Осы тұрпатына қарай Домалақ ене атанады. Міне, бұл Ереген шерткен шежіре.
Қазанқап Байболұлы Бәйдібектің Әмір Темірмен замандас екенін өз дәйектерімен келтіреді. Тарихқа жүгінсек әрі шежірешінің дәйектеріне сүйенсек, Қожа Ахмет 1167 жылы дүниеден өтеді. Ол дүниеден өткен соң қабірі басында шырақшы болып Ғаббас қожаның отырғаны айтылады. Бәйдібекке қызды ұзатқан осы Ғаббас қожа болып шығып отыр ғой. Көпжасар Меденұлы мен Ереген Ағыбайұлы әңгімелерінің бір арнада тоғысатыны да ойландырмай қоймайды.
Ал, жыр алыбы Жамбыл Жабаев жәкеміз Сарыбас ақынмен (шын есімі Тілеулі) айтысқанда:
Мақтамазам қызы екен-
Домалақтай енеміз.
Қасиетті енеден,
Енді сөйлей келеміз.
Домалақтай енеміз-
Үш қатынның бірі екен.
Сарбәйбіше мықты кеп,
Бай қарамай жүр екен.
Байлық пен байдың жылқысы,
Есебі жоқ көп екен,-деп Домалақ ана туралы айтып өтеді.
Ал, Дүйсенбай Сүттібайұлы өзінің «Нұрила» атты дастан-толғауын:
Бәйдібек Мақтым Ағзам қызын алған,
Айтылған шежіреде емес жалған.
Күмбезін Иассауидың салысуға,
Мал айдап Түркістанға талай барған,-деп бастайды.
Бәйдібек бидің 1356-1419 жылдары өмір сүргені тарихтан белгілі. Оны тарихшылар Ташкент қаласында туылды деп куәлік етеді. Бірақ,Ташкенттегі Қарлығаш әулие аталатын мазарат Төле би бабамыздың бейіті. Қазақтар беріге дейін оны ұлы бабамыздың жатқан жері деп тәу етіп келгені белгілі. Әлі де солай. Бірақ, ала шапанда ағайындыларымыз бізді адастырғысы келе ме, оны «Қарлығаш бидің мазары» деп атап, басқаларды жолатқысы келмейді. Төле бидің «Қарлығаш би» аталуы тарихын оқырмандар білетіндіктен оған көп тоқталғымыз жоқ.
Бірде Бәйдібек би халқына жайлау таңдау мақсатымен жер шолады. Жол-жөнекей Қаратаудың құйқалы жерлерінен өтеді, Боралдай тауы етегінен өтеді. Осы аймақтың тамылжыған табиғаты оған қатты ұнайды. Ұнаған соң шатырын тігіп, осы маңға артындағы жұртын көшіріп алады. Осы аймақта Бәйдібек бидің ел-жұрты қысы-жазы малын бағады. Бәйдібек жаз бойы осында болып, елге билігін жүргізеді.
Міне, осы тұста ол Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауидың мазаратына жиі барып, зиярат жасап тұрады. Зиярат жасай жүріп Баб-Араб мешітінің имамы Мақтым Ағзаммен танысады. Имамның үйінде де болады. Ол Мақтым Ағзамды өзіне пір тұтса керек.
Бәйдібек Боралдай жайлауынан айдап әкелген малын Мақтым Ағзамның басшылығымен әулие басында сойғызып, зиярат етіп келушілерге, осындағы аш-жалаңаштарға таратады. Сол жерден ғаріп-қастерлерге, жетім-жесірлерге, аш-арықтарға, басқа да әлжуаз адамдарға қайыр-садақа үлестіріп, бітір бергіздіреді.
Көрнекті жазушы Еркінбек Тұрысов және шежіреші Даниярбек Дүйсенбаевтың жазғандарына қарағанда, ол Әмір Темірмен үзеңгілес бос болып, Қожа Ахмет Иассауидың ескерткіш-күмбезін тұрғызуға өзіндік мол үлесін қосса керек. Ол Әмір Темірмен кездесіп тұрған адам. Әмірдің тапсырмаларын орындап отырған. Құрылысшыларды соғыммен, қымыз-қымыранмен, ірімшік-құртпен, сүт-айранмен, сары май, жент,басқа да тағаммен қамтамасыз етіп тұрған. Сондықтан оны Әмір Темір бауырына тартты дейді шежірешілер.
Осы сапарларында Бәйдібек би Мақтым Ағзамның үйіне жиі түседі екен. Мақтым Ағзамның әйелі Зухра да Бәйдібекке үлкен ықыласпен, сыйластықпен қараған. Олардың жалғыз ұлдарының соғыстан оралмай тұрғаны, оған жүктеме ретінде келінінен қапылыста айырылғаны қос мұңлықты терең күрсініске салып қойған еді.
Бірде Бәйдібек олардың көңілдерін көтеру әрі қайғыларын ұмыттыру үшін Қаратаудың баурайына барып, демалып, тынығып қайтуды ұсынады. Бұған Мақтым Ағзам қуана келіседі. Кең сарайын сенімді адамға, жақын ағайыны Әли Мүтәліп қожаға тапсырып, кемпірі Зухра мен немересі Нұриланы алып, жолға шығады. Оған ұлдары Әли Сыман жорықтан келіп қалса, жедел хабар бергізуді тапсырады.
Қаратаудың құнарлы қойнаулары, балбырап аққан Бала Бөген, балдай тәтті суы бар Боралдай, төрткүл төңіректі түрлендіріп тұрған сан алуан хош иісті гүлдер Түркістанның аптап аңызағынан барған оларды сергітіп жіберген еді. Осы аймақ Мақтым Ағзамға қатты үнағаны соншалық, отбасы мүшелері осында тұрақтап қалуға уағдаласады. Мақтым Ағзам осында мешіт салдырып, мектеп салдырады. Елдің балаларын жинап, сауаттарын ашады. Бұқара, Түркістаннан арба-арба кітаптар келе бастайды.Жас хафиз, софыларды алдырып, оларды мектепке ұстаздыққа тартады. Бір қауым елдің имамы болып сайланып, сауап ашуға, дін уағыздауға құлшына кіріседі. Мақтым Ағзам өзінің білімдарлығымен, имандылығымен Бәйдібектің пірі әрі ұстазына айналады.
Олар бір ауылда көршілес отырған еді. Мақтым Ағзам әр бастайтын ісіне Бәйдібек бимен ақылдасып, кеңесіп, пішіп барып кірісетін. Соған қарағанда Бәйдібек те өз заманының білімдар адамы болғаны ғой. Оның бабасы Асан көреген адам болатын. Мақтым Ағзам да дүниенің құбылмалы, өткінші екенін жақсы білетін. Өмірдің мәні-соңыңа өнегелі із қалдыру деп білетін ол бала оқытып, білім нұрын шашуды өзіне парыз санады. Бәйдібектің қайырымдылығы, әділдігі, даулы істердегі көрегенділігі Мақтым Ағзамға да ұнаушы еді.
Нұрила тарихи деректерде 1378-1456 жылдары өмір сүрген қазақ аналарының ішіндегі ең көрнекті тұлғалардың бірі. Оның Түркістан қыстағында туылып, атасының тәрбиесінде өскенін жоғарыда айттық. Нұрила арабтың сөзі екенін де доғарыда ишаралағанбыз. Бұл-«Алланың нұры» деген сөзден шыққан.
Дамулла Аққұс шежіресінде Нұрила жөнінде көп деректер айтылады. Мақтым Ағзамның түсіне Нұриланың болашағы кіретіні осы шежіреде бар. Бабаның түсінде әруақтар: «Нұрила-әулие әйел» деп айтып кетеді. «Білегін кім алғаш ұстаса болашақ жары сол болады» деген нышан сол түсінде берілген екен. Мақтым Ағзам мұны немересіне сегіз жасында айтып, ескертеді. Түс, кейде болжам адам өмірінде әйтеуір бір қайталанатыны табиғаттың тылсым күштерінің бірі. Енді мұның растығына тоқталайық.
Бала Бөгеннің бойына, жарлы аңғар ішіне Мақтым Аңғар баспана салады. Осы маңда ішін таспен өріп шегендеген терең құдық бар болатын. Шыңырау құдықтан түйенің мойын терісінен жасалған үлкен қауғамен су тартылып алынатын. Үлкендер құдық басына балаларды онша көп жолата бермеуші еді. Бірде он жастағы Нұрила құдық басына су алуға барды. Қолындағы екі ыдысты суға толтырып қояды. Қауғаны шығыр орнатылған діңгекке бос іле салады. Бала емес пе, әуестігі ұстап кетіп, еңкейіп құдық түбіне қарайды. Терең шыңыраудан мөлдіреп тұнық су көрінеді. Нұриланың нұр жүрі шыңыраудағы суға түсіп тұрған болатын. Ол өз суретіне сүйсіне қарап, тарақпен шашын тарайды. Басындағы орамалын бірнеше рет шешіп, қайта байлайды. Аңғал балалық қой, бір кезде қолы қауғаға тиіп кетеді. Қауға ілгектен шығып кетіп, төмен қарай заулай жөнеледі. Нұрила жылқының қылынан ескен бүртікті арқанды бір қолымен ұстап тұрған-ды. Ол қауғаның екпінімен шыңырауға құлап түседі. Құдықтың суы белінен келеді екен әрі тастай суық. Ол су ішінде дірдектеп тона бастайды, сонда да шыдап бағады.
Осы кезде Бәйдібек би қасындағы жігіттермен, нөкерлерімен әлдеқайдан құдық басына келе қалады. Құдық жанында суға толтырылған екі көзе мен әтпіш жатыр. Ал, иесі жоқ. Сонда ол қайда кетеді? Бәйдібек таң қалып, жан-жағына қарайды. Ал жанындағы жігіттер кезенелері кеуіп келе жатқандықтан көзедегі суға ұмтылады. Бәйдібек оларды кідіртеді де, құдық ішіне үңіледі. Ол құдық ішінде тоңып, не істерін білмей дірдектеп тұрған қызды көреді. Ал, қауға қыз жанында тұр еді. Ол қызға «қауғаның ішіне түс» деп айтады да шығырды айналдырып, қауғаны жоғары көтереді. Қауғамен бірге қыз да құдық ауызына жақындай түседі. Қыз құдықтың ауызына келгенде Бәйдібек оны білегінен ұстап, сыртқа тартып алады.
Бәйдібек бұл кезде кішкентай қызды құтқарғанына разы еді. Көңілінде басқа ой жоқ ол дос-жарандарымен бірге ілгері қарай жүріп кетеді. Сегіз жасында атасының ауызынан естіген әңгіме есіне түскенімен, Нұрила бұл оқиғаны ешкімге айтпай, ішінде сақтайды. Осы екі ортада оған жақын маңдағы бай-манаптар құда түсіп келе бастайды. Қыз олардың ешқайсысына ырық бермейді. Күндердің күнінде елдегі жақын жеңгелері: «Бикешжан, мұның не? Келген адамдардың ешқайсысына көнбейсің. Кәрі қыз атанып, үйде отыра бермекшімісің. Әлде басқа ойың бар ма? Жөніңді айтшы?» деп Нұриланы ортаға алады. Шегінерге жер жоқ, қыспақта қалған Нұрила бабасы айтқан әңгімені айта келіп, құдық басындағы жәйтті баяндайды.
-Менің білегімді алғаш ұстаған Бәйдібек. Менің болашақ жарым сол болмақ. Басқа адамға тұрмысқа шықпаймын,-деп кесіп айтады.
Бұл сүйінші хабар Бәйдібектің құлағына да жетеді. Бірақ, бұл кезде Нұрила әлі жас болатын. Сондықтан Бәйдібек сабыр сақтап, әліптің артын бағады. Бір күні Мақтым Ағзамның өзі Бәйдібекке әулиелер берген нышан туралы айтады. Бәйдібек сонда да қыздың бәлиғат жасына жеткенін күтіп, он тоғыз жасында келін етіп әкеліп, босағасын аттатады. Бұл 1397 жылға тура келеді.
Нұрила ақылды да ажарлы еді. Бәйдібек енді көп уақытын жас келіншегінің жанында өткізе бастайды. Бәйдібектің бәйбішесі Сарықыз бұдан былай Нұриланы күндей бастайды. Қызғаныштың қызыл иті бойын шарпып, Бәйдібек жоқ кезде үйге келіп, жас Нұриланы таяққа жығып кетіп те жүреді. Мұнымен де тиылмай, қолына үлкен қанар ұстатып, даладан тезек тергізеді, малға жұмсайды.
Бәйдібектің екінші әйелі Зеріп сұлу да сымбатты жан еді. Ол Сарықыз бәйбішенің зомбылығын ұнатпайды. Сосын ол бәйбішеге:
-Теріс те сөкет қылығыңызды тастаңыз. Ерді қызғану енді жараспайтын іс,-деп бәйбішеге ақыл айтады, тоқтам сұрайды.
Бірақ, Сарықыз оның сөзін құлағына ілмейді, күдестігін, зорлық-зомбылығын тыймайды. Қайта Нұрилаға деген өшпенділігін өршіте түседі.
Жылжып күндер, айлар өтті. Нұриланың бойына шарана бітті. Бұл кезде Бәйдібек жігіттерімен тауда жатыр екен. Бір күні Нұриланың түсіне бабасы Қожа Ахмет кіріп: «Ұл табасың, есімін Тілеуберді қой» деп аян береді. Айтқандай-ақ айы-күні жеткенде Нұрила босанып, шекесі торсықтай ұл табады. Баба аяны бойынша ұлға Тілеуберді деген ат беріледі. Сақпан деген жігіт Бәйдібекке сүйінші сұрап барады. Бәйдібек Сақпаннан:
-Есімің кім қойды?-деп сұрады.
-Ұлыңыздың аты-Тілеуберді,-деп Сақпан оған Мақтым Ағзамман естіген әңгімесін шып-шырғасын бұзбай жеткізеді. Бәйдібекке бұл ат ұнайды. Ол үйірден мықты бір ат ұстап, сүйінші сұрай келген Сақпанға мінгізеді. Иығына жібек шапан жабады.
Бұл уақытта Сары бәйбішенің тоғыз ұлы бар еді. Алайда, ол жалғыз ұл тапқан Нұриланы күндеуін қоймады. Ол қайтсе де Тілеубердінің көзін жоймақ арам пиғылда болды. Нәрестені өлтірудің түрлі амалдарын қарастырып бақты. Тіпті, адам жұмсап та шақалақты өлтірмек болды. Дегенмен, Сарыбәйбішенің жұмсағалы отырған адамы бұл тағылыққа қолы бармайтынын айтып, одан іргесін аулақ салады. Амалы таусылған Сары бәйбіше түнделетіп Нұриланың отауына кіріп, нәрестеге кездік жұмсайды. Әйел қолы қалтырауық емес пе, оның қолы тауып кетіп, кездік сәби маңдайының сол жақ шүйдесін маңдайыңа жетпей терісін қиғаш тіліп өтеді. Шар етіп жылаған баланың ащы үнінен Нұрида шошынып оянады. Бұл кезде Сарыбәйбіше сытылып сыртқа шығып үлгерген еді.
Бұдан былай Нұрила түн баласына сергек ұйықтайтын болды. Нұрила текті әулеттің қызы ғой, Қаратаудың қойнауынан түрлі емдік шөптер теріп әкеліп, ұлының жарасын сол арқылы емдеп жазады. Шөптің сөлі жараны жазып шығарғанмен, Тілеубердінің жарасының орнында тыртық қалды. Ал, Тілеуберді ойынға араласа бастағанда жанында жүрген өз қатарлас құрдастары шүйдедегі тыртықты бағытқа алып, оны «Жарықшақ» деп атап кетті. Бұл есім балалар түгілі ересектер арасына да жайылып, ендігі жерде Тілеубердіні Жарықшақ деп шақыратын болды. Тілеубердінің құлағына бұл жанама ат сіңгені соншалық, «Жарықшақ» десе жалт қарайтын күйге енді.
Міне,қазақ шежіресіне Жарықшақ болып енген Тілеуберді тарихы осындай. Араб және парсы тілінде шыққан шежірелер тарихында бұл есім «Шарықшах» деп көрселіледі. Бір таңырқатарлығы, осы сөзді қазақшаға аударғанда «Шығыс патшасы» деген мағына береді екен.
Қандай да бір қастандық, арамза тірліктің түбі бір ащылмай қалмайды. Күндердің күнінде Бәйдібек бесіктегі баласына кімнің қастандық жасағанын біліп қойды. Сары бәйбіше Салық деген қызметшісіне тапсырма берген болатын. Сол Салық Сарыбәйбішенің жауыздығын ұмыта алмады. Сосын бір күні әйелінің айтуымен Бәйдібекке келіп, өзін Сары бәйбішенің жауыздыққа жұмсағанын жасырмады.
Оқиға былай болған еді. Сары бәйбішеден тапсырма алған Салық үйіне келіп, әйелі Мәнсияға өзінің бір қатерлі іске барғалы отырғанын айтады. Мәнсия қадалып сұраған соң Сары бәйбішенің Нұриланың ұлы Тілеубердіні өлтіруге жұмсағанын айтады. Мәнсия:
-Бұл райыңнан қайт. Сары бәйбіше ат басындай алтын берсе де жазықсыз сәбиді өлтіріп, үлкен күнә арқалама. Кісі қанын мойныңа жүктеме. Ол өз бала-шағаңа қасірет әкеледі,-деп шырылдап отырып алады.
Мәнсияның денесі қалтырап, түрі боп-боз болып кетеді. Шошынған ол күйеуін сыртқа шығармай қояды. Ал, Бәйдібек сапарынан оралғанда Мәнсия үлкен отауға келіп, болған оқиғаны түгел баяндайды.
Бұл жағдай Бәйдібекті де бей-жай қалдырмайды. Ол күндестік атты қызыл иттің бір қаппай қоймайтынын білетін еді. Ақыры ойлана келе сырды жасырмай айтқаны үшін Мәрзияға алғыс айтып, алты қанат боз үйді сыйға берді. Жыртығы бүтінделіп, басына дағарадай ақ боз үй біткен соң Мәнсия да марқайып қалды.
-Бала-шағаңның қызығын көр. Әркез осылай адал бол,-деп оған Бәйдібек батасын мен алғысын қоса берді.
Сары бәйбіше желдің Мәнсия жақтан тұрғанын біліп қойды. Бәйдібек табан астында оны неге жарылқай салды. Құпия қылмысы ашылған Сарыбәйбіше қатты қапаланды, шаптықты, ашынды. Бірақ қолынан не келеді? Ақталуға шарасы да жоқ еді. Салық бәрін түгел айтып берді. Әзәзілдің тіліне еріп, кешірілмес қылмысқа бара жаздағанын, оны әйелі Мәнсия тоқтатқанын жасырмаған . Енді Сарыбәйбішеге шегінер жер қалмады.
Нұрила жүрегіне нұр құйылған иманжүзді жаратылыс иесі емес пе, Сарыбәйбішенің бұл қастандығын кешірді. Әйел жүрегінің кеңдігін танытты. Иә, күншілдік деген кесел өткір алмас қылыш. Ол көтерілсе болды, кез-келген жанның басын шауып түседі. Тал бойында имандылық, сабырлылық, қайырымдылық, адамгершілік сияқты игі қасиеттері бар Нұриланың бұл кешірімін Бәйдібек те құп көрді. Ол өзінің осындай асыл жардың күйеуі болғанына іштей толқып та тұрды. Нұрила Сарыбәйбішенің жасын, оның Бәйдібектің тұңғыш жары болып, оған тоғыз ұл сыйлағанын да еске алып еді. Сондықтан ол бәйбішемен тату қатынаста болғанды орынды санады.
Қайран, біздің аналар Арды ойлаған!
Сол күні Бәйдібек ұйықтай алмай шықты. Ертесіне Сарыбәйбішенің отауына келді. Түрі тым сұсты еді. Сарыбәйбіше қипақтады. Дегенмен, ол бүгінде айғыр қатын болатын. Өйткені, тоғыз ұлы бар қатын кімнен жасқанушы еді? Тоғыз қорғаны бар қатын кімнен қаймығады? Сонда да ол Бәйдібектің бұл келісінен кіді алып қалды. Бас иесі келген соң именіп, төрге қалың көрпе салды.
-Мен саған ескертпедім бе, Нұрилаға тиме, Құдайдың кәріне ұшырайсың деп. Жаратқан енді сені жазасыз қалдырмас. Бір жеріңнен қысады, өзіңнен көр,-деп қабақ шытты.
Сосын нан ауыз тиді де асығыс шығып кетті.
Ел құлағы-елу. Жайсыз хабар Қаратау қойнауын жайлаған қалың елге лезде тарады. Нәрестеге озбырлық жасаған Сарыбәйбішеге естіген жұрт нәлет жаудырды. Айналасындағылар айуандыққа , азғындыққа сай жаза болуы керектігін қайта-қайта айтқанымен, Бәйдібек балаларының райына қарайлайды. Оның үстіне Нұрила да оңашада күйеуіне еркелеп: «Үлкен адам ғой, өзі де ұялып жүрген шығар. Істеген озбырлығын түсініп, өкініп жүрген де болар. Бір жолы кешіріңіз, енді қайтып қайталамайтын шығар» деп қайта-қайта өтінеді. Келіншегінің ақтарыла отырып ақ жүрегімен өтінгеніне жүрегі жылып, Бәйдібек бұл жәйтті елемеген болады.
Алайда, «күндестің күлі де күндес» пығылына басып, Сарыбәйбіше кіші келінді жәбірлеуін қоймайды. Дұшпандығын, есерлігін тоқтатпайды. Бәйдібектің ауылда жоқтығын пайдаланып, әрнәрсені желеу етіп, Нұриланы соққыға жығып кетуін қоймайды. Кейде түн ішінде қой немесе сиыр терісін жамылып келіп, сайтан болып көрініп, Нұриланы қорқытады, сәбиді шошытады. Тіпті түк таппаса, түннің әлдебір уағында келіп, үйдің сыртынан сиыр болып сүйкеніп, Нұриланың берекесін алады. Бірақ, қожаның қызы бұл құқайдың барлығын да біліп-сезіп жүреді. Алайда, Сарыбәйбіше доңайбатын тимайды. Әрине, жас келіннің жүйкесі темір емес еді, оның да басына қан шапшыған күндер мен түндер болды. Жаны күйзеліп жүрген күндерінің бірінде үйдің сыртынан тағы бір «сиыр» сүйкенді. Кереге сықырынан Нұрила шошып оянды. Мал кейпіне еніп, киіз үйді сүзгілеп тұрған Сарыбәйбіше екенін сезді. Сезді де:
-Хайуан болсаң, өрісің кеңейсің. Адам болсаң, жалғыз ұлым Жарықшаққа қор болып өт!-деп наласы мен назырқануын қатар жеткізді.
Нұриланың наласы мен қарғысы, ызалы үні Сарыбәйбішені тоқтатудың орнына оны одан бетер қоздырып жіберді. Сабасына сыймай кеткен ол ызасын кімнен аларын білмей аласұрды. Айқаптағы жыны қозды.
Түні бойы бастығырылып ұйықтай алмай шыққан Сарыбәйбіше ертеңіне қызметшысы Салықты өзіне жедел шақыртты. Салықты діңгекке байлап тастатты да: «осының бәрі сенің кесірің!» деп оны дойыр қамшының астына алды. Мұны да місе тұтпай, тепкіледі.
Бұл кезде үй шаруасымен сыртта жүрген Нұрила мына сұмдықты сырттай байқап қалған еді. Ол мына масқаралыққа төзе алмады. Жүгіріп барып, жігітті арашалады. Сарыбәйбішенің күткені де осы еді, қолына өзі келіп түскен күндесті аясын ба, тепкінің астына алды. Аямай сабады. Нұрила көкала қойдай болды.
Көрші отаудағы жас келін Сыланды мына сорақылықты сонадайдан көріп, шошынып тұрған. Ол шыдай алмай болып жатқан масқаралықты атасы Бәйдібекке жеткізуге ұмтылды. Бәйдібек үйге келгенде Нұрила қанға бөгіп жатыр еді. Мұны көріп бидің тұла бойы түршікті. Бұдан былай екеуінің жақын отыруы қатер екенін түсінді.
Тоғыз тонның тасасындағы Сарыбәйбіше бұл жолы да жазасыз қалды. Сосын Бала Бөген аңғарын Сарыбәйбіше мен балаларына қалдырып, Нұриланы Кіші Тұра бөктеріндегі Ырғайлы бұлағының басына көшірді. Жалмамбеттің екінші әйелі Сыландының отауын да осында орнықтырды. Салықты әйелі Мәнсиямен Нұриланың қарамағына берді. Осылай өмір дөңгелеп өтіп жатты.
Бірақ, Сарыбәйбішенің өктемдігі Нұриланың есінен шықпай-ақ қойды. Алыста жатса да дөңайбат шегіп тұратын Сарыбәйбішеге қатты қапаланған бір күні «Жүзге жетпе, жүзге жетсең де күзге жетпе» деп қалай айтып қалғанын өзі де аңғармай қалды. Нұриланың ауызы дуалы еді. Оның бұл қарғысы қабыл болып, Сарыүйсін ұрпағы қанатын кеңге жая алмады. Иә, адам баласына жасалған қастандық, қиянат түбі жақсылыққа әкелмейтінін осы бір мысал дәлелдеп тұрған жоқ па?! Жаратушы Иеміз қиянатшыл адамға зауалын жолдайды. Тоғыз ұлым бар деп кеудесі ісіп-кеуіп басылмай тұрған Сарыбәйбішенің де жазырын тартар күні бар екен. Бірде аймақта қалың нөсер жауып, соңы тасқынға айналады. Сол тасқында Сарыбәйбішенің тоғыз ұлы да тасқынға кетеді. Осыдан соң ғана Сарыбәйбіше тәубеге келеді, аптығы басылады. Қайғы бұлты өз басына түскен ол қиянаттың қайтарымы қатаң болатынын түсінеді. Бірақ, амал не, топанға кеткен тоғыз ұлды қайтара алмайды. Тәубеге келіп, Жаратушыға қанша жалбарынса да тағдыр иіген жоқ. Бүгінде көнекөздер Сарыүйсін ұрпағы аз екенін айтады.
НҰРИЛА ҚАЛАЙ «ДИҺНАТ МАМА» АТАНДЫ?
Бұл оқиға шамамен 1399 жылы болса керек. Аққұс дамулланың шежірелеріне сүйенсек, бұл оқиға Боралдай тауы маңында өтеді.
Қараша бидің Ташкент қаласында бір махалланы (шағын ауданды) алып жатқан кең сарайы бар еді. Онда қонақжай, монша, басқа да қосымша ғимараттары бар мекен-жайы бар болатын. Мұны ол баласы Бәйдібекке мұра ретінде қалдырған. Бірақ Бәйдібек бұл сарайда көп тұра алмаған. Халқының қамын ойлап, Боралдай басына көшіп барғанын жоғарыда айтқанбыз. Осы аймақтағы ел-жұртқа би болып сайланады. Балаларын Ташкенттегі хафиз, софы, молдалардың тәрбиесіне беріп, медреседе оқытады. Балаларының оқуы үшін қаржыны жеткізіп беріп тұрады. Әкесінен қалған кең сарайда ұстаздар, мода, софылар тұрып жатады.
Бірде Бәйдібек Ташкентке мал айдатады. Бұл үш жұмалық алыс жол еді. Боралдай бойындағы ел-жұртқа, малға Сарыбәйбішені бас-көз етіп қалдырады.
Сарыбәйбішенің Нұрилаға деген өшпенділігі әлі де басылмаған болатын. Ыңғайлы кез қашан туады деп тісін қайрап жүреді. Бәйдібек ұзасымен Кіші Тұра бөктерінде тұратын Нұриланың отауын бетке алады. Бұл жолы ол ел-жұртты, малды түгелдей Бала Бөген бойына көшіреді. Сөйтіп, Ырғайлының басында Нұрила жалғыз қалады. Сарыбәйбіше күндесіне сауып іш деп тоқал ешкі, сосын аз ғана ұн қалдырады. Үйін де жығып, арбаға тиетеді. Нұриланың басында жаман қара лашық қана қалады. Нұриланың бар жаңа киімін сыпырып алып, өзінің ескі-құсқы киімдерін кигізеді.
-Бірер күн күте түр. Мыналарды жайғастырып болған соң, сені де көшіріп әкетемін,-деп алдаусыратады.
Кіші Тұраның қалтарысында Нұрила жападан жалғыз қала береді. Сарыбәйбіше сол кеткеннен оралмайды. Нұрила мұның қасақана жасалғанын біледі. Бірақ, амалы не? Жалғыз ешкінің сүтін сауып ішіп, аз ғана ұнды үнемдеп тіршілік қамын ойлай бастайды.
Бірде ол бұлақ басына келеді. Су алайын деп шелегін бұлаққа батырса, ішіне балық толып шығады. Бұл күн сайын қайталанады. Нұрила балықтың жегенін жеп, артылғанын қақтап қоя береді.
Нұриланың емшек сүті мол еді. Оның бір емшегін Жарықшақ еміп болып, ұйықтап қалатын. Нұрила екінші емшегі сыздаған соң оны сауып, қамырға қосып, нан пісіретін. Сол күлшені Жарықшақ шайнап жеп отыратын.
Көкөзек көктем күндерінің бірі еді. Кіші Тұраның күншығыс жағын орап бір топ аттылар ылдиға қарай шұбатыла келе жатты. Бұлақ басындағы қара лашық олардың көзіне бірден-ақ түскен. Айдалада жалғыз отырған кім екен деген сауал бәрінің көкейінде еді. Олар неде болса осы қара лашыққа түсіп, сусын ішпек болды.
Келгендер тегін адамдар емес-ті. Оларды алыстан аңғарған Нүрила бұл кезде кимешек киіп, кемпір бейнесіне кірген-ді. Бір сұлу мұртты жігіт лашық алдына екпіндеп келіп-ақ қалды. Нұрила оған:
-Хош келдіңіз!-деп ізет көрсетті.
Күтпеген қонақтың үй иесінің ізетіне іші жылып қалды. Сосын:
-Апа, ұзақ жолдан келеміз. Шаршадық. Аңқамыз да кеуіп келеді. Сусын ішсек деп едік,-деді.
Қолынан көп нәрсе келетін Нұрила ешкінің сүтінен айран, оған ащытқы қосып көже жасайтын. Әрі-бері өткендер бұлақ басындағы салқын көжені құшырлана ішіп, Нұрилаға алғыс айтып кетуші еді. Нұрила үлкен зеренмен сусынды алып келіп, сұлу мұртты жігітке алғашқы кесені ұсынды. Жігіт кесені ұстап біраз отырып қалды. Оның сусынды ішпей тосылып тұрғанын Нұрила да байқаған еді.
Осы кезде келген кісілердің соңында қалып кеткен бір жігіт сүйретіліп үйге кірді. Үсті-басы шаң-шаң бұл жігіт әлденеден құр қалғандай жан-жағына алақтап қарай берді. Әлгі сұлу мұртты жігіт соны сезгендей қолындағы кесені әлгіге ұсына қойды. Екінші кесені тағы бір жігіт алды. Мұнан соң келгендер жағалап шалап іше бастады. Осы кезде Нұрила жолбасшы жігіттің тегін адам еместігін ойлап тұрған-ды. Жағалай айналған кесе сұлу мұртты жігітке келгенде сусын таусылды.
-Қап, балам-ай, сусын таусылып қалды ғой,-деп Нұрила өкінгендей кейіп танытты.
-Ештеңе етпес, апа. Бәрінен бұрын қасымдағы жігіттердің шөлің қандырдыңыз. Сол да жетеді маған. Сусыныңыз таусылса, маған бір үзім нан берсеңіз, соны қанағат етер едім,-деп сұлу мұртты жігіт Нұрилаға қарады.
Нұрила дастарханның орауын жазып, ішінен бірнеше күлше алып шықты. Мұртты жігіт ауыз тиді де, тамсана жұтып, екіншісіне қол созды. Сосын қалған күлшені серіктестеріне бөліп берді. Олар да күлшенің өте дәмді екеніне таңырқасты.
-Апа, күлшеңіз дәмді екен. Бұған не қосасыз?-деп сұрады жігіт.
Нұрила шындығын айтты. Жалғыз ұлынан артылған сүтке нан илеп, күлше пісіретінін жасырмады. «Сіздер баламның несібесінен артылғанын жеп отырсыздар» деп қосып қойды.
-Алланың рахымы шексіз ғой. Біз сіздің сүтіңізден жасалған нанды жедік. Демек, енді біз де сіздің балаларымыз. Сіздің ақ сүтіңіздің қасиетті нәрі, өзіңіздің мейір-шапағатыңыз өң бойымызда шымырлап ағып барады. Бұдан былай мына отырғандар тегіс сіздің балалар. Алдыңызда қарыздармыз. Қайда жүрсек те сізді ұмытпаймыз,-деді отырғандар түгел шулап.
Келгендер Ангреннің атақты батыры, қарақшы Қара Хайдар бастаған топ еді. Бұлар түрікмендерден тарайды. Сайрам қаласындағы базарға мал әкелетін. Бұл жолы да осы мақсатпен келген. Олар Сайрамға барып, әкелген малын сатып болғанда әлдекімнен Бәйдібектің Ташкентке кеткенін естиді. Бидің жоқ кезін пайдаланып, тауда жусап жатқан жылқыларын айдап кетпекке көңілдері бұзылып жеткен беттері осы болатын. Қара Хайдар қасына сайдың тасындай іріктелген жігіттер ертетін. Бұлар шетінен батыр, айлалы жігіттер болатын.
-Апа, сізден бірнәрсе сұрағалы отырмын. Осы маңда Бәйдібек бидің жылқысы бар деп есіттік. Жұрт оның санына жету мүмкін емес дейді. Сол кісінің малы қай қойнауда жатыр? Айтып жібермес пе екенсіз?-деп сұрады Қара Хайдар.
Нұриланың іші қылп ете қалды.
-Балам, оны неге сұрадың?
Қара Хайдар да тісқаққан зұлымның нағыз өзі еді.
–Бәйбібек биге сәлем берсек пе деп едік. Ақыры барған соң мыңғырған мал дала төсіне қалай сыйып жатыр, оны да көре кеткіміз келеді,-деді Қара Хайдар.
-Бала Бөгеннің жоғары аңғарында бидің қонысы бар. Тоқсан үйір жылқысы да сол маңда. Ал, тұқымы жақсы жылқыларының үйірі Бестоғайда,- деп Нұрила шындықты айтып, барар жолды нұсқап жіберді.
Жүрер алдында Қара Хайдар кемпірден бата сұрады.
-Жортқанда жолдарың болсын!
Әулиелер қолдап жүрсін!-деп Нұрила ықыласымен бата берді.
Жортуылшылар аяқтарын үзеңгіге сала бергенде Нұрила: «Балаларым, бәріміз да мұсылманбыз. Адам қанын нақақтан төгуге болмайды. Жылқышыларға аяушылық танытыңдар-, деп ескерту жасады.
Беймезгіл қонақтар шұбырып кете барды. Былай шыға Қара Хайдар үлкен олжамен қайтса, өздеріне жол көрсеткен әрі қаңсып келгенде шөлдерін басқан, бұдан да үлкен борышы сүтіне илеген нан беріп келгендердің барлығын бала етіп алған жұртта қалған жалғыз кемпірді жарылқап кетуді де ойластырып қойды.
Бала Бөгеннің төменгі аңғарындағы Бестоғай деген жер гүлмайсаға тұнып тұрған, төрт түлік өсіруге аса қолайлы аймақ екен. Бәйдібек те малды қай жерде ұстауды жақсы біледі. Қара Хайдардың расында жолы болды. Бірер жылқышыны шоқпармен жасқап, мыңғырған жылқыны алдына салып айдап қайтты.
Ол нені ойға алса да істемей тынбайтын қарадүлей батыр болатын. Өзінің ішкі уәдесінде тұрып жаман лашықта отырған «кемпірге» соғып, алғысын айтты.
Олар тағы да дәм татып, жүрер кезінде Қара Хайдар іркіліп:
-Апа, мыңа мыңғырған жылқыдан қалағаныңызды алып қалыңыз. Көрсетсеңіз болды, жігіттер құрық салып, ұстап береді,-деді.
Нұрилаға да керегі осы еді. Ол қалың жылқының ішінен Құласары биені іздеп тапты. Бұл–үйір-үйір жылқының түпкі енесі еді. Кәрі де болса біраз жылқыны бастап, үй тұсынан қозы көш жерге ұзап кетіпті. Осы Құласарының бірінші құлыны қазіргі Құласары айғыр болатын. Құласары айғыр жылқы біткеннің пірі сияқты оқшау жаратылыс иесі еді. Осы Құласары айғыр үйірдің соңында ақсаңдай басып барады екен. Ол қуғыншылар үркіте қуғанда әлдебір тасқа тұяғын кертіп, ақсаңдап қалған екен. Өзі де қуғын көрген жылқыларға ілесе алмай, қарақшылардың ығырың шығарып келген. Нұрила осы ақсақ айғырдың жанына аялдады. Айғырдың жалынан сипады. Қара Хайдарға қарап:
-Балам, мен осы айғырды қалап тұрмын. Кәрі жылқы ғой, асаулық танытпас, шаруаға да қолайлы,-деді.
Өздері де құтыла алмай келе жатқан кәрі айғырды алып қаламын дегенде барымташылардың көздері жайнап кетті.
-Алыңыз, апа, алыңыз. Қалауыңыз білсін,- деп «жомарттық» танытты.
Қара лашықтағы қара «кемпірдің» таңдауы осы болған соң қарақшылардың басшысы Қара Хайдар артық әңгімеге келген жоқ. Нұрила кимешегінің сыртынан ораған орамалын шешіп алды да жылқының мойнына байлап, айғырды жетелеп жүре берді. Осыны күтіп тұрғандай ақсақ айғыр мойының қаздай созып, «кемпірдің» соңынан ілесті. Тіпті, осыны күтіп тұрғандай «кемпірдің» ығына жығылып, монтайы күйде кетіп бара жатқанына барымташылар да таң қалысты. Есті кемпір болса құлынды бие алып қалар еді ғой. «Әй, тегі мына кемпірдің есі бүтін болмауы керек. Айдалада жападан жалғыз отыруында осындай гәп бар ғой» деп Қара Хайдар Нұриланың соңынан мүсіркей қарады.
-Апа, сізге рахмет! Жақсылықта көрісейік,-деп атын тебініп Қара Хайдар да жүріп кетті.
Былай шыға ол тағы да ойланды. «Бұл кемпір тегін адам емес. Әруақты адам ба әлде киелі кісі ме?» деп ойға шомды. Біраздан соң ойын қорытып, «өзі неде болса жаратылысы бөлек жан» деп бір қойды.
Арада бір күн өткенде Бәйдібектің ең таңдаулы жылқыларын барымташылар айдап әкеткені туралы хабар Сарыбәйбішенің ауылына да жетті. Сарыбәйбішенің қыбы қанып, масаттанып қалды.
Жантас пен Тоғанас ағайынды кісілер. Олар Бестоғайдағы жылқыларға жауапты еді. Сол күні жылқыларды басқаларға қалдырып, өздері шілдехана өткізді. Күзетші болып барған екі жігіт те болбыр біреулер еді. Олар Қара Хайдардың айбарына қалай шыдас берсін? Қамшымен-ақ жасқап, егесіз малды еркін меңгеріп, айдап кеткен. Жантас пен Тоғанастың мұны естіп, естері шықты. Би жоқтағы бибастығы кешірілер ме? Олар тағы бір жылқышы Бекқұлды Сарыбәйбіше ауылына шаптырды. Өздері шоқпарларын сайлап, қастарына жігіттер ертіп, барымташылардың соңынан шықты. Қаншама жер шолғандарымен, ешқандай із таба алмады.
Олардың соңынан Теректі маңында тағы да қосымша күш келуі тиіс еді. Олар осы маңда аялдап, бұлақ басында солық басып жатты. Көп кешікпей Сарыбәйбішенің Байтоқты деген баласы бастаған топ келіп жетті. Олар Кіші Тұра тауына қарай бағыт алды. Күн екіндіге ауа қуғыншылар Ырғайлы бұлағына жетті. Нұриланың қара лашығы маңында мамағашқа Құласары айғыр байлаулы тұр екен. Қуғыншылар Нұриладан бір хабар білмек болды.
Нұрила болған жағдайды айта келіп: «Қарақшылардың соңынан қумай-ақ қойыңдар. Өздері шеттерінен қарулы. Сендер азсыңдар. Мерт қылуы әбден мүмкін» деп ескертті.
-Сонда жаудан қорқып осында бұғып отыра береміз бе? Бір амалын жасамайсыз ба?-деп Зеріптің ұлы Жалмамбет қызуланып шыға келді.
-Қызбалықтың соңы қашан да қауіпті. Сабыр сақтайық. Мен малды қайтарудың бір амалын ойластырып тұрмын,-деді Нұрила.
-Қандай амал?-деп жиналғандар шу ете қалысты.
-Мына Құласары айғырды Кіші Тұраның шыңына шығарайық. Қалғанын сонда айтамын,-деді Нұрила.
Шыңға шыққан соң Нұрила:
-Мына айғырды жығыңдар!-деп бұйрық берді.
Барлығы жабылып, Құласарыны жықты. Нұрила үйінен ала шыққан қылбұрауды жігіттердің қолына ұстатты.
-Мұны не істейміз?-деп таңырқасты жігіттер.
-Құласарының жуан саңына салыңдар. Сосын қатты бұраңдар,-деп әмір етті Нұрила.
Жігіттер онсыз да ақсақ жылқыны тағы қинау неге керек деп ойлап тұрса да бір білгені бар шығар деп қылбұрауды қатты бұрай бастады. Жаны көзіне көрінген Құласары шыңғырып қоя берді.
Құласарының шыңғырған дауысы бірталай жерге кетіп қалған үйіріне жетті. Ол кезде аспан қабатының торғын перделері сөгілмеген, бүтін болатын. Оның үстіне таудың тынық ауасы дауысты алысқа жаңғыртып жеткізетін. Сондықтан Құласарының құлындаған дауысы Құтырған өзенінен асып, Сарыбұлақ жағасына да жеткен еді.
Қарақшылар бұл кезде Құтырған өзенінің басып өтіп, қақпатасқа жетіп қалған-ды. Қараңғылық қоюлана бастаған кез. Қарақшылар тар қапасқа жылқыларды иіріп, өздері тамақтанып алудың қамына кірісті. Күні бойы ат үстінде жүрген олар кешкі тамаққа құныға бас қойды. Кеуделеріне жылқылар қоршауда тұр ғой, ешқайда кете қоймайды деген сенім ұялаған да еді.
Осы кезде Құласары бие құлағын қайшылап, оқыс оқыранды. Оның құлағына Құласары айғырдың құлындаған дауысы келген еді. Оның жүрегі шым етті. Денесі діріл қағып, тыпыршып бір орнында тұра алмады. Танауын делдитіп, алыстан иіс тартқандай болды. Басын тік көтеріп алып, оңды-солды шапқылады. Әлден соң қатты кісінеп жіберді. Сол күйі үйірден бөлініп, қаша жөнелді. Қарақшылар да сақ отыр еді, олар биенің алдын кескестеп, оны тоқтаппақ болды. Алайда әрі-бері құтырына шапқан бие ұстатпай қарақшыларды әбден сарсаң қылды. Оның шалабүлініп құтырыңғанын тия алмаған қарақшылар «осы бізге кәрі бие не керек?» деп аласұрғандарын қойды. Бие еркіндікте қалды. Ақырында ол жылқыларды қақ жарып өтіп, қақпатастан сытылып шығып, келген жағына қарай ағыза жөнелді. Бұл кезде басқа жылқылар да тыпыршып, тұяқтарымен жер тарпып, әлденеге дайындалғандай, құлақтарын қайшылап тұр еді. Құласары қақпатастан қалай өтті, жылқылар өткелді бұзған тасқындай жазыққа қарай лап қойды. Жылқылар ағыны қатты болғаны сондай, қарақшылар оларды қайырып ала алмады. Таудан құлаған бұлақ суындай екпіндей шапқан аттар дүбірі кең даланы жаңғыртты. Қарақшылар әр жылқының соңынан бір шауып айдалада далақтап қалды. Құласары бие бастаған жылқылар әп-сәтте түн қараңғылығына сіңіп, жоғалды. Қарақшылар «қап!» деп тілін тістеп қалды.
Бұл құдіреттің сыры осындағы көп жылқының Құласары бие тұқымы екендігінде болатын. Олар енелері қыспақты жарып өткен соң әлдебір түйсікпен азат далаға ұмтылған.
Қара Хайдар жігіттеріне: «Қуып әуре болмаңдар» деп әмір етті. Ол да бір сұңғыла болатын. Осыншама қылқұйрықтың бір биенің соңынан шұбай қашқанынының сырын ол іштей сезіп тұрған еді.
-Иә, қара лашықтағы қара кемпірден бойым секем алып еді. Ол қайдағы бір ақсақ айғырды неге алып қалды деп әуел бастан ойлаған едім. Енді түсінікті болды. Жүрегімдегі жұмбақ шешілді. Мына жағдай, жылқылардың жұлқына қашқаны, бәрі-бәрі кемпірдің кереметіне байланысты сияқты. Сол кемпірдің сүтіне иленіп пісірілген нанынан бәріміз де дәм таттық. Енді оған қайтып барудың қажеті шамалы. Кім анасына қол көтереді? Сондықтан аттың басын елге бұрамыз,-деді Қара Хайдар.
Топ басшысы айтқан соң қосшылар не дей қойсын, бастары салбырап қайтып бара жатты.
Ташкентте үш апта базарлаған Бәйдібек бұл кезде ауылына оралып келе жатты. Әдеттегідей аттың басын Кіші Тұра баурайындағы Ырғайлы бұлағы басында отырған Нұриланың отауына бұрды. Бұлақ басында үйір-үйір жылқы үйездеп тұр екен. Әншейінде Бестоғайда жүретін жылқылар мұнда қайдан келді? Нұриланың ақшаңқаң әсем үйі қайда? Мына сапырылыс не сапырылыс? Ол толқып келе жатты. Алдынан баласы Жалмамбет шыққанда ғана жүрегі орнына түскендей болды. Жалмамбет әкесіне сәлем беріп, өзі жоқта болған оқиғаны шашауын шығармай айтып берді. Сарыбәйбішенің оғаш тірлігін, қарақшылардың салған әлегін, Нұриланың ақылымен жылқылардың кері қайтқанын әсерлі жеткізді. Бәйдібек бұған сүйсініп қалды.
Қара лашыққа жақындағанда Бәйдібектің жүрегі лүпіл қақты. Бас иесінің келгенін есітіп, Нұрила алдынан шықты. Бәйдібек Жарықшақты қолына алып, маңдайынан сүйді. Төрге шығып, малдас құрып отырды. Нұриланың мына қара лашықтың өзін таза да жинақы ұстап отырғанына сүйсінді. Нұрила басынан өткерген ауыр оқиғаларын айтып, күйеуіне мұң шақпады. Қалыпты жағдайдай күлімсіреп қана отырды. Оның осы күйі де Бәйдібектің жүрегін елжіреткен.
Сыртта мал сойылып, қазан көтеріліп жатты. Әкелерінің келгенін естіп, жан-жақтағы балалары келген. Замандастары да амандасқалы жинала бастады. Әңгіме-дүкен ағытылды. Жақын ауылдан мол етіліп қымыз алдырылды. Нұриланың шағын лашығы кеңейіп кеткендей шуақ шашып тұрды. Жоқ-жітігін білдірмейтін Нұрила жайраң қағып, барлық қонағына тікесінен тік тұрып қызмет етті.
Келгендер Нұриланың қарақшылар қолынан барлық жылқыны қалай кері қайтарып алғанын есітіп, қайран қалысты. Үлкендер баталарын беріп, алғыстарын жаудырды. Ұзақ жолдан оралған бидің, қайтқан малдың қуанышы бар, бұл күні Ырғайлы бұлағының басында естен кетпес бір той болып еді.
Ертесіне көпшілік Нұриланың қалауын сұраған. Ол Бала Бөген бойындағы Ұзынбұлақ басына көшкісі келетінін айтты. Осы жерге алты қанат ақ үй тігілді. Нұрила осы үйдің босағасынан «піссімілда» деп оң аяғымен аттады. Оның жанына бұрыңғы қызметшісі Салық, Сыландының отауы қатар орнықты. Нұр жүзінен шуақ шашқан Нұриланың мерейі тасып жүрді. Оны аймақтағы әйел біткен пір тұтты. Әйелге біткен дарқандық, жомарттық, ақылдылық, көрегендік, ибалылық басқаларға өнеге болды. Маңайдағылар Домалақ енемен бір сұхбаттасып қайтуға құштар еді…
Осы оқиғадан соң арада сусып үш ай өте шықты. Қара Хайдар қасына нөкерлерін ертіп, Кіші Тұра баурайындағы баяғы бұлақ басына келді. Қара лашық көзіне ілікпеді. Жұрт орны тап-таза болып жатыр екен. Ол Теректі бекінісіне келді. Осында Оспан деген темір ұстасы бар еді. Сол Оспаннан бұлақ басындағы жалғыз кемпір жайын сұрастырды. Оспан қонағының нені меңзеп тұрғанын түсінді.
-Ә, сіз Нұриланы сұрап тұрсыз ғой. Оның жағдайын Бәйбібек биден сұраңыз,-деді.
Сөйтіп қонақтарға жөн сілтеп жіберді. Қара Хайдар кемпірдің құдіретін біліп кетпекке бекінді. Оспан өзінің ұлы Әбілданы жол көрсету үшін қонақтарға қосып беріп,оларды Қаратасқа дейін шығарып салды. Күн кешкіре олар Ұзынбұлақ басындағы ауылға келді. Ол бидің оқшау тұрған үйін оңай тапты. Би қонақтардың алдынан шығып, тізгінін ұстап, оларды аттан түсіріп алып, үйіне бастады. Төрден орын беріп, қолтықтарына құс жастық тастады. Қызметші жігіттер қонақтардың аттарын жайғастырды.
Мал сойылып, қонақтарға бас тартылды. Әңгіме-дүкен қызды. Қара Хайдар сыр алдырған жоқ. Таңға дейін қымыз ішіліп, талай әңгіме айтылды.
Ертесіне Қара Хайдар сырын жасырмай жайып салды. Өзінің Ангрен маңындағы Төртбөрі қыстағының адамы екенін айтты. Түркмен жігіті Моғолстанда әскербасы болып, Қызыр қожа ханға қызмет еткенін де бүкпеді. Оның азан шақырып қойған аты Айдар екен. Нұркелек деген кісінің ұлы. Ол баукеспе ұрлықшы болыпты. Далада мал көрсе сұраусыз айдап кете берген. Хан қолына түскенде оның осы көзсіз батырлығын елеп, оған Қара Хайдар деген жанама ат береді. Ол осы атымен маңайына танылады. Қара Хайдар шешіле келе Кіші Тұра баурайынан қолында кішкене баласы бар кемпір көргенін, оның нанын жегенін, сөйте тұра Бестоғайдағы барлық жылқыны айдап кеткенін жасырмады.
-Сол қара кемпірде бір құдірет барын білдім. Ол тегін адам емес. Біз сол кісінің сүтіне иленген нанын жеген едік. Сүтін ішкен соң, әрине, оған бала боламыз. Бізге сол кемпірді тауып беріңіз. Біз одан кешірім сұрауымыз керек,-деді.
Қара Хайдардың «кемпірге» ала келген тарту-таралғысы бар еді.
-Осыны тарту етсем деп едім,-деп бір қойды.
Бәйдібек қонағының шешіліп сыр айтқанына қуанып қалды.
-Сіз сұраған «кемпір» менің кіші әйелім. Аты Нұрила,-деді Бәйдібек.
-Ендеше, ол қайда?-деп Қара Хайдар сұраулы жүзбен қарады.
-Ол осында,-деп Бәйдібек Нұриланы алдырды.
Есіктен имене аттап кіріп келе жатқан Нұриланы көргенде Қара Хайдар өз көзіне мүлде сенбеді. Баяғы белі бүкірейген кемпір емес, қос шолпысы арқасында сыңғырлаған, жүзінен нұр шашқан, жаңа туған таңшолпандай жарқыраған Нұрила иіліп үлкен-кішіге сәлем берді. Онымен жұпар бір иіс ере келіп, айналаны есінен тандырардай мас қылды.
Қара Хайдар орнынан қарғып тұрып, Нұриланың жұмсақ та аппақ қолынан сүйді. Анасы алдына келген баладай тізерлеп, ақ сүтін берген анасына мейірлене қарады. Бұл кезде оның бойындағы қарақшылық пиғылдан жұрнақ та қалмаған еді. Ол жан дүниесінің тазарып, рахат бір сезімге бөленгенін тап басып таныды.
Бұл естен кетпес оқиға еді. Қара ниет қарақшының өзі барлық теріс мінездері үшін анасынан кешірім сұрап, тазаруға бағыт алса, екіншіден, ол ана мейірім-шуағына бөленген –ді.
Айдар анасының саусағына жүзік салды. Таза, мөлдір гауһардың ішіне Мұхаммед пайғамбарымыздың туған жері-Меккедегі Жүсіп сарайының бейнесі салынған еді. Мұны парсы елінің таңдаулы шебері Жамал Ахмет Исфаһани жасаған болатын. Жүзіктің құны бір ханның қазынасына жетеді. Осы оқиғаны естіген ел адамдары Бәйдібектің үйіне асықты. Халық алдында Қара Хайдар Нұрилаға басын иіп:
-Сіз бұдан былай Диһнат мамасыз. Мен сізге осы атты ғана бере аламын,-деді.
«Диһнат мама» парсы сөзі. Мағынасы «Әулие ана». Диһнат кең мағыналы. Ол әділетті жақтаушы, мейірім ұсынушы, қасиетті, әулие деген ұғымдардың жиынтығы да. Парсы тілінде мама сүтана деген мағына береді екен.
Сонымен, Нұриланың Диһнат мама есімі өзбек, қырғыз, тәжік, қарақалпақ, түрікмен елдеріне кеңінен тарады.
Диһнат мама күмбез-ескерткіші түркі тілдес ислам дініндегі туысқан елдердің ілгері ниет, ізгі тілекпен келіп түнейтін зиярат орнына айналды. Содан бері қаншама заман өтті, бұлақтардан қаншама суы ақты. Алайда, ардақты ананың кесенесі басына келіп, зиярат жасаушылар қатары үзілген емес.
Сол Қара Хайдар өмір бойы Жарықшақпен құшағы айқасқан дос болып өтіпті деседі…
Бәйдібек би 1419 жылы қайтыс болады. Сүйегі Бала Бөген бойындағы төбе басына қойылады. Нұрила Ташкентке келіп, қара шаңыраққа ие болады. Бір күні ол түс көреді. Түсінде Бәйдібек оны өзіне шақырып тұр екен. Ертесіне ол ұлы Жарықшақты шақырып алып, Қаратауға қайта оралатынын айтады. Бала Бөгеннің жағалауына жеткенде ол көшті тоқтатады. Ана өзенге бетін жуып, дәрет алып, намаз оқыды. Ол жан-жағына нұрлана қарап, беті алаулап тұрды. Ұлына: «Мені әкеңнің жанына жеткізе алмасаң, сүйегімді сүйрелеп, әуре болма. Жеткен жерімде жамбасымды жерге тигіз» деп өсиет айтқан-ды. Өзен жағасында сәждеге бас қойған ол басын қайта көтере алмады.
Бұл 1456 жылдың 28 мамыры еді. Күн бейсенбі. Жұма күні жамбасы жерге тиді.
Бүгінде сол Бала Бөген бойындағы сәулетті күмбезге ағылып, ана рухына бас июшілер көп.
Бір өкініштісі, оны «Домалақ ана» деп атайтынымыз ғана. Әулие ана деп тура мағынасында атайтын күн де келер…
Расында, жан-жағына, айналасына шуағын шашып кеткен нұр дидарлы асыл ана еді ол.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
2022-07-26