ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Жас буын, Қоғам
14/08/2022
91 Views
Жетісай ауданы, Шаблан Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Сайлау елді мекенінде заман талабына сай «Жарқын шақ» бөбекжай балабақшасы ел игілігіне пайдалануға берілді. Екі қабатты ғимаратта жас өскіндерді сапалы тәрбиелеп, ой өрістерінің өсуіне, яғни, білімді болып ержетуіне, осы заманның үлгі жақтары түгел жасалған. Балабақша ішіндегі балалар ойын алаңына да ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, мекеменің басты бағыты – бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай, олардың спортпен айналысуына да баса назар аудару болып табылады.
Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне келген қонақтар балабақша ішін аралап, бөлмелерімен танысты. Әр бөлме балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жабдықталған. Мұнда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар қабылданады.
«Өздеріңіз куә болып отырсыздар, бүгін бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан бөбекжай заманауи үлгіде жабдықталған. Бөлмелері кең, жылы әрі жарық. Әрбір топта 20 бала бар. Алдағы уақытта осындай әсем ғимаратта бүлдіршіндер алаңсыз зейіндерін арттырып, тиісінше білікті педагогтар балғындарға тағылымды тәлім-тәрбие береді деп ойлаймын. Бала – біздің болашағымыз. Бұған дейін де тек жақсы жағынан аты шығып келген ұжымға, тәуелсіздіктің тұтқасын берік ұстап, ел ертеңін ойлайтын саналы, отансүйгіш азамат тәрбиелеу бағытында әрі қарай да еңбек етуге сәттілік тілеймін» деді шараға арнайы қатысқан Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің әкімі Қанат Тілеуов.
«Бұл балабақшаның басты ерекшелігі – бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қана қоймай, олардың спортпен, музыкамен айналысуына да баса назар аударылған. Одан бөлек бал тілді балғындарды қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа баули отырып ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау көзделуде.
Мұнда кішкентайлардың денсаулығы – басты назарда. Дәрігерлер бөбектерді күн сайын тексеріп отырады. Бөбекжайдан білімдар әрі саналы ұрпақ шығару жолында аянбай еңбек ететін боламыз» дейді балабақша құрылтайшысы Қалдарбек Үсенов.
Жергілікті тұрғындардан 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Жарқын шақ» бөбекжай балабақшасында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, 6 топ жұмыс істейді. Алдағы уақытта қосымша топтар ашып, бүлдіршіндер мен тәжірибелі тәрбиешілердің санын арттыру жоспарланып отыр.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-08-14