САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ – САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТІРЕГІ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Жас буын, Спорт
17/08/2022
35 Views
Аудан тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруларына жағдайлар жасалуда.
Осы мақсатта Жетісай қаласының орталық саябағында құны 1 млрд 106 млн 256 мың теңге болатын заманауи денешынықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары басталса, Ынтымақ ауылдық округі, Өркенді елді мекенінде құны 327 млн 938 мың теңгені құрайтын тағы бір стадионның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Барлық талаптарға сай бой көтеріп отырған стадионда жүгіру жолы, көрермендерге арналған 500 орындық, жаттықтырушылар мен төрешілерге, медбикелерге арналған жеке кабинеттер, командаларға арналған киім ауыстыру мен жуыну бөлмелері, тіпті, салтанатты шараларды өткізуге арналған трибуна да қарастырылған.
Өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жергілікті қазынадан қаралған 30 млн теңгеге Жетісай қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионынан аумағы 0,29 гектарды құрайтын футбол алаңшасы қолданысқа берілген болатын. Аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға толықтай мүмкіндік беретін аталмыш алаңда бүгінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ жасөспірімдері оқу-жаттығу және шұғылдану жұмыстарын жүргізуде.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-08-17