Экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан маңызды бағдарламалардың нәтижесінде Жетісай ауданында жұмыссыздық деңгейі төмендеп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны артып келеді.
Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектың тікелей тапсырмасына сәйкес аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары тарапынан тұрғындар арасында жеке кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруда кәсіпкерлік саласына жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықтар мен мүмкіндіктерді түсіндіру, кездесуі ықтимал кедергілердің алдын алу, көрсетілетін коммуналдық қызметтер мен жеңілдіктер жайлы мағлұматтар беріп, түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы 587 азаматқа жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар берілген. Қайтарымсыз қаржы алғандардың 24-і кәсібін кеңейтуге қажетті құрал-жабдықтар, 61 азамат техникалық құралдар алған. 502 тұлға мал және құс шаруашылығын дамытуды қолға алған. Нәтижесінде 602 жаңа жұмыс орны ашылған.
Ал, биылғы жылы 214 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант берілуі жоспарланғанымен, нақты бизнес-жобасы мақұлданып, қаржы алғандар саны 19 болып отыр. Грант алғандар есебінен 17 жаңа жұмыс орны ашылған.
«Қазіргі уақытта кез-келген қала, кент, ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, тірлігін бастауына мүмкіндігі зор. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа бастайтыны анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсібін жаңадан бастайтын тұрғындарды жетістікке жетелейтінін көрсетіп отыр. Ең бастысы – мемлекет тарапынан ұсынылған қолдауларды мүлт жібермеуіміз керек.
Соңғы 5 жылда 1000-нан астам азаматқа түрлі көлемде мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беріліп, өз кәсіптерін дөңгелетулеріне мүмкіндіктер жасалған» дейді Жетісай аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жұмағали Төреқұл.
Сонымен қатар, аудан аумағынан ивестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Асықата кентінен 50 га жер учаскесі резервке алынып, сәулеттік жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, бас жоспарға өзгерістер енгізілуде.
2022-2023 жылдары жалпы инвестиция көлемі 50,8 млрд теңгені құрайтын 7 жобаның іске асырылуы күтілуде. Аталған кәсіпорындарда 3247 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылуы жоспарлануда.
«Национальная логистическая система» ЖШС бастамасымен Асықата кентінің аумағынан «Көтерме тарату орталығы», «CITY DEVELOPMENT CO» ЖШС бастамасымен Жетісай қаласында «Жетісай плаза» сауда ойын-сауық орталығы, бір мезетте 600 адамға қызмет көрсетуге арналған аквапарк, «Тұран Мақта» ЖШС «Қуаттылығы 10 мың тонна мақта шикізатын өңдеу зауыты», «Adal Agro Group» ЖШС «Сиыр етін өңдеу цехы», «Жүгеріні крахмал-сірне өніміне және лимон қышқылына өңдеу өндірісі», Қазақстан-Өзбекістан бірлескен кәсіпорын AGRO TEKS ALLIANCE «Тоқыма-текстиль фабрикасының құрылысы» инвестициялық жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.