Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 31 жылға аяқ басты. Алғашқы Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейін өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да міне, 30 жыл.
Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығы аясында автошеру болып өтті. Аталмыш шараға ауданның белсенді жастары қатысты.
«Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 30 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда да көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл әрбір қазақстандық үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік» дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаев.
Ауданның патриот жастарының ұйытқы болуымен өткен авто шеру барысында бүгінгі айтулы күннің қуанышы мен қасиеті көпшілікке ұғындырылды. Көңілдің кіршіксіздігі іспеттес көк байрағымызды көліктеріне іліп, көшелерді аралады.
Тұғыры берік Туымызды, айбыны асқақ Әнұранымызды, еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихынан сыр шертетін Елтаңбамызды қастерлеу әрбір қазақстандықтың басты міндеті әрі парызы.
Жетісай жастары өткізген іс-шараның өскелең ұрпақтың бойындағы тәлім-тәрбие мен патриоттық сезімдерін тәрбиелеп, молайтуда өз септігін тигізері даусыз.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.