ЖЕТІСАЙДА АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТІП, ЖАҢА ЭНЦИКЛОПЕДИЯНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Қоғам, Мерекелік шара, Руханият
22/08/2022
47 Views
Қазақ халқы рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы-сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық және батырлық жырлары мен мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасырлар бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді, ынтымақ пен бірлікті нығайтып, елдегі ұлтаралық тұрақтылықтың маңыздылығын жастарға кеңінен түсіндіріп, өскелең ұрпақтың бойында қалыптастыруда қазақ Аналарының рөлі үлкен.
Міне, сондай аналардың қоғамдағы орнын айшықтап, құрмет көрсету мақсатында Жетісай ауданында «Тәуелсіздік бесігін тербеткен аналар» тақырыбында аналардың аудандық форумы өтті. Форумға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен қоғамдық ұйым төрайымдары, аналар қатысты. Қоғамдық істерге белсене қатысып жүрген аяулы жандар алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, форум аясында белгілі журналист Ажар Момбектің құрастыруымен жарыққа шыққан «Қазақстан Аналарының энциклопедиясы» (Түркістан облысы) кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш кітапқа еңбегімен елге танылып, Тәуелсіз елдің тұғырын берік етуге сүбелі үлес қосқан 600-ге тарта алтын құрсақты аналардың өмірбаяны топтастырылған болса, Жетісай ауданынан 20 ана тізімге енген.
Кітапта жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толған бесік жыры арқылы аңыз әңгімелері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналарымыздың өмірлері өнеге етіліп, жастарға қоғамның ертеңі, болашақ ұрпақтың тәрбиешісі екендігі айтылған.
«Болашақ жастарға тәлім-тәрбие беруде Отанымыз отбасына үлкен борыш артады. Отбасы болашақ азаматтың жеке басын аяғынан тұрғызып, егеменді еліміздің болашағын, негізін жасайтын іргетас. Болашақ азаматтың отбасында алған тәрбиесі, мінезі, жақсы мен жаманды ажырата білуі, үлкендерден, әсіресе, алтын құрсақты аналардан алған өнегесі уақыт өткен сайын берік қалыпқа түсіп, оның өмірінен үлкен орын алады. Міне, сондықтан да біз осындай мән-мағынасы жоғары, келешек ұрпаққа, болашақ аналарға өнеге боларлық дүние жасауға бел будық» дейді кітап авторы Ажар Момбек.
Іс-шара соңында жетісайлық аналарға кітаптар үлестіріліп, сый-құрмет көрсетілді.
«Аталмыш энциклопедия елдік істерге бірге атсалысатын кез-келген азаматтың жүрегінде ұлты мен сеніміне, тілі мен дініне қарамай мейірімділік пен ауызбіршілік қалыптастыратын болады» дейді шараға қатысушылар.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-08-22