КЕЛТІРІЛГЕН ЗИЯН ӨТЕЛЕТІН БОЛАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Кәсіпкерлік, Өзекті мәселе, Экономика
26/08/2022
26 Views
Жетісайда базардағы өрт салдарын жою бойынша Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың төрағалығымен құрылған арнайы комиссия жұмысын бастады.
Оқиға орын алысымен ауданға жеткен Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық мәслихат депутаттары Нұралы Абишев, Тимур Қырықбаев пен Талғат Қаржауов өрттен жапа шеккен кәсіпкерлермен кездесіп, өртенген базар аумағын аралады. Базар басшыларымен сөйлесіп, айтып келмейтін апаттан зардап шеккен халыққа жасалатын жеңілдіктер мен жағдайлар бойынша келіссөздер жүргізді.
«Базар иелерімен келіскендей, өртенген базар 20 күнде қалпына келтіріледі. Жөндеуден өткен соң кәсіпкерлер базарда 1 жыл ешбір төлемсіз тегін отырады. Сондай-ақ, салық органдарымен бірлесіп салық төлеу мәселесі де қарастырылады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келтірілген шығындарды өтеу үшін қор құрылып, қорға түскен қаражаттан шығындарды өтейтін боламыз» деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, төтенше жағдай салдарын жою комиссиясының бастамасымен банктер және кредиттік ұйымдармен кәсіпкерлердің несиесін төлеуде кем дегенде бір жылға каникул алуға келіссөз жүргізіледі. Жеңілдетілген несие беру бойынша да жұмыстар қолға алынбақ. Комиссия жағдайды саралап, шығындарын есептеу үшін 15-20 күн уақыт қажеттігін айтты.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
Базардағы өрт Жетісай базары Кәсіпкерлер Өрт салдарын жою 2022-08-26