Жетісай ауданы әкімінің қаулысына сәйкес өткен жылы жұмысын бастаған аудандық “Жетісай спорт клубы” бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Бір жыл ішінде жастар мен ересектер арасында спорттың бірнеше түрінен лигалар ұйымдастырып, қала, кент, ауылдық округтерден спорттық үйірмелерді ашты. Ауыл балаларын спортқа бейімдеу мақсатында жергілікті жерлерден спорт нұсқаушыларын жұмыспен қамтыды.
Ондағы мақсат – жастар мен жасөспірімдер арасында орын алуы мүмкін қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына жағдай жасау, дағдыландыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық спортты дамыта отырып дені сау ұрпақ тәрбиелеу, болашақ ел чемпиондарын дайындау болып табылады.
Қол жеткізген жетістіктерді еселей түсу мақсатында жаңа оқу жылының басында Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ қызметкерлері 2022 – 2023 оқу жылына жоспар жасап, педагогикалық кеңес өткізді.
Педагогикалық кеңестің күн тәртібінде жаңа оқу жылына арналған жылдық жоспары мен клубтың спорт ғимараттары басшысының алдағы жұмыстарының барысы талқыланып, клуб қызметкерлері мен жаттықтырушыларының міндеттері мен штаттық кестесін бекіту мәселелері сөз болды.
Кеңесте “Жетісай спорт клубы” КММ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Қонарбаев жаңа оқу жылына арналған мекеменің жылдық жоспарымен таныстырса, спорт ғимараттарының басшысы Дәулет Қалабайұлы спорт алаңшаларында жүргізіліп жатқан көгалдандыру, жарықтандыру, құжаттандыру жұмыстарының жайын баяндады.
“Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін спорт таптырмас көмекші. Себебі, өскелең ұрпақты спортты сүюге, оны серік етуге баулу арқылы тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, олардың бойында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Бұл мақсатта аудандағы қала, кент, барлық ауылдық округтерде спорттық үйірмелер ашып, тиісті жұмыстар жүргізіп келеміз. Жеткен жетістіктеріміз де аз болмады. Енді сонымен тоқтап қалмай жұмысты жандандыра түсуіміз керек. Алға қойған мақсатымыз бір болса бағындырар белесіміз де аз болмақ емес” деген клуб директоры Талас Битуреев жаңадан тағайындалған директордың тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары Нұрлыбек Манқараев пен әдіскер Ержан Әбішті көпшілікке таныстырды.
Жиын соңында Қазақстан Республикасының Спорт қайраткері, Халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев барлық қызметкерлерді жаңа оқу жылымен құттықтап, істеріне сәттілік тіледі. Ауданның спорт саласын дамыту ісінде жас мамандарға жол көрсетіп, көп жылдық тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін айтты.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы үш балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 2 мыңға жуық жасөспірім 16 спорттық үйірмелерге қатысады. Одан бөлек, «Жетісай спорт клубы» КММ-де спорттың 12 түрімен 50-ге тарта ересек пен 800 балалар мен жасөспірімдер, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шахмат, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерімен шұғылдануда.