ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Қоғам, Өзекті мәселе, Руханият
06/09/2022
15 Views
Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер де дәл осы ана тілі. 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданып, қазақ тіліне «Мемлекеттік тіл» мәртебесі берілді.
Соңғы бірнеше жылда 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні ретінде аталып өтуде. Өйткені, бұл күні қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш жұмсаған ағартушы қайраткер, қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, тіл білімінің мәселелерін талдап-танытқан зерттеуші, әрі сол зерттеулерінің негізінде «Әліппе» мен тұңғыш «Ана тілі» оқулықтарын жазған автор Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Мереке аясында Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде өткен салтанатты шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлын Сейдалиев, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ директоры Құрманбек Рысмаханов пен Түркістан облыстық «Парвиз» тәжік этно-мәдени орталығының төрағасы Юлдаш Сұлтанов арнайы қатысты.
«Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай. Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып-қымтырылу, ерін ұшына шүлдірлеп-былдырлау мүлде жат. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады.
Тіл – ата-баба аманаты. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан, бабадан балаға жалғасқан ұлы мұралардың ұлысы алдымен әр ұлттың тілі ғой. Ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру мына баршамыздың міндетіміз әрі парызымыз» деген Серік Қонысбекұлы көпшілікті мерекемен құттықтады.
Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, түрлі этнос өкілдерінің билері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, мектеп оқушылары мен колледж студенттері Алаш арыстарының, жергілікті ақындардың ана тілі туралы өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Сондай-ақ, аудандық кітапхана қызметкерлері «Тіл – ұлттық құндылықтың темірқазығы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Аталмыш шараның мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мен маңыздылығын кеңінен насихаттау, тілдің адам өмірі үшін мәні айырықша екенін ұғындыру, тіл туралы тағылымдар арқылы жастарды адамгершілік қасиеттерге баулу, азаматтық бейнелерін қалыптастыру, тілімізді сүюге, көздің қарашығындай қорғауға шақыру, еліміздің елдігін танытатын тілі мен өнері екенін саналарына сіңіруде үлкен маңызға ие екені айтпаса да түсінікті.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
Мақтанышым Мемлекеттік тіл 2022-09-06