АУДАНЫМЫЗДА ФОКУС ТОПТЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Әлеумет, Жас буын, Өзекті мәселе, Руханият
07/09/2022
14 Views
Бүгінде Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесі тарапынан, облыс аумағында этностар тығыз шоғырланған елді мекендерінде фокус топтық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл зерттеу жұмыстарының мақсаты – еліміздегі жастар қозғалысын дамыту, олардың арасында радикалдық идеялардың таралуы, жас буынның мемлекеттік құрылымдарға деген сенім деңгейі мен наразылық көңіл-күйі мөлшерін анықтау болды.
Осы бағыттағы іс-шараның бірі – «Жылы су» ауылдық округінің Әл-Фараби елдімекенінде орналасқан Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №28 Х.Доспанова атындағы жалпы орта мектебінде болып, ауыл тұрғындары арасында «Қоғамдағы этносаяси ахуал бойынша тұрғындардың көңіл-күй» мазмұнында фокус-топтық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның дәл осы білім беру ордасында өту себебі, мұнда қазақ, тәжік этносының балалары бірге білім алады.
Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласының мониторинг бөлім басшысы Хамит Исахов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жетісай аудандық филиал басшысы Данияр Мырзамуратов пен Жетісай ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бексұлтан Айдагараев, Жылы су ауылдық округінің мамандары, Түркістан облыстық «Парвиз» тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Султанов Юлдаш, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Шара барысында аға буын өкілдері тарапынан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті тұратын ауданның өткені мен бүгіні, әскер жасындағы жігіттердің Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуіне ата-аналарының ықпал жасауы керектігі жайы да айтылды.
Осындай бағыттағы тағы бір кездесу сондай-ақ, ауданымыздағы «Жаңа ауыл» ауылдық округінің мәжіліс залында округ тұрғындарымен болып, ол «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тарих бізді біріктіреді», «Дін – қоғамдық біріктіруші фактор» тақырыбында өтті.
Бұл кездесуге – Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесінің этносаралық қатынастар саласының мониторинг бөлімі басшысы Хамит Исахов, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесінің Жетісай аудандық филиалының басшысы Данияр Мырзамуратов пен Жетісай қаласының Нұр-Алла мешітінің имамы және теолог маманы Нұрғазы Нәлібаев, Жетісай ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бексұлтан Айдағараев, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы Дәурен Аманов, Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Бахтияров және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесуде біртұтас Қазақстан халқы біргелікте тірлік етудің арқасында ғана жоғары биіктерді бағындыра алатындығы, сондай-ақ бүгінгі таңда ел келешегі жастарымызды жат діни ағымдардан сақтандырудың ерекше маңызға ие екендігі айтылды.
Ұлжан СӘБИТҚЫЗЫ,
Жетісай ауданы.
2022-09-07