АҚНИЕТ АУЫЛЫНЫҢ КІРЕ БЕРІСІНЕ ҚАҚПА ОРНАТЫЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Жаңалықтар
07/09/2022
35 Views
Елдегі тұрақтылық пен татулық – ауылдардағы ағайынның ауызбіршілігінен бастау алады. Өйткені, қазақта «Азаматына қарап ауылын таны» деген жақсы сөз бар. Ал, ауылына қарап сол елдің әлеуетіне, ынтымағына баға беруге болады.
Үлкендерінің үндеуіне ұйысып, айтқандарынан тағылым алатын Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Ақниет ауылының тұрғындары тағы бір өнегелік іс жасады. Осы ауыл ақсақалдарының бастамасымен елді мекеннің кіре берісіне ауылдың аты жазылған биік қақпа орнатылды.
Бұған дейін де 200-ден астам түтіні бар елді мекеннің абаттануы мен көркейіп-гүлденуіне атсалысып келе жатқан ел ағаларының ұсынысын ауыл жастары бірден қолдап, ортадан қаражат жинаған. Сөйтіп бірнеше айда биіктігі 10 метр, ұзындығы 8 метр болатын биік қақпаны тұрғызып отыр.
Қақпаның лента қию рәсіміне Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мұхтар Бейсенбаев пен ауыл ақсақалдары қатысты. Елдің ынтымағы мен берекесін тілеп бата жасасты. Алдағы атқарылар бірқатар жұмыстарды талқылады.
«Ауыл ақсақалдарының бастамасымен қолға алынып отырған мұндай игі істер жалғасатын болады. Мемлекетке алақан жайып отыра бермей қолымыздан келетін істерді өзіміз атқара береміз. Өйткені, ел біздікі, ауыл біздікі. Үлкендердің айтқанын екі етпейтін жастарымызға да алғыс білдіреміз» дейді ел ағалары.
Шара соңында округ әкіміне қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы бейнебақылау камераларын орнату жөнінде ұсыныстар айтылды.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-09-07