ЕЛОРДАЛЫҚ NIS ОҚУШЫЛАРЫ АХМЕТ АУЫЛЫНДА СЕНБІЛІК ӨТКІЗДІ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Білім саласы, Жас буын, Қоғам, Экология
19/09/2022
39 Views
NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары «Қоғамға қызмет» жобасы аясында Қарағанды облысы Ахмет ауылында саябақтарды қоқыстан тазалап, жалғыз басты зейнеткерлер мен еңбек ардагерлеріне көмек көрсетті.
Ауылдың алшақтығына қарамастан аталмыш жобаға 170-ке жуық оқушы және 20-ға жуық педагогикалық құрам қызметкерлері белсене қатысты.
– «Қоғамға қызмет» акция өте керекті жобалардың бірі. Бес-алты сағат ішінде кішкентай ауылдың аумағын түгелдей тазалауға тырыстық. Ата-әжелердің батасын алып, бір марқайып қалдық. Қызықты сапар көпке дейін көңілде қалары сөзсіз, – дейді NIS оқушысы Жалғас Тлеумұратин.
Ұйымдастырушылардың айтуынша акцияның мақсаты өскелең ұрпақты адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу, үлкендерге құрмет көрсету, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру және топтық жұмыс кезінде оқушылар мен мұғалімдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту.
«Қоғамға қызмет» жобасы халықаралық бакалавриат бағдарласының маңызды бөлігі. Бұл жоба Дипломдық бағдарламаның негізгі үш компонентінің бірі ретінде 2013 жылы бастау алған.
– Өткен жылдары бағдарлама аясында оқушылар Қарқаралы ұлттық паркіне (2015), Арнасайға (2017), Бурабайға (2016, 2017, 2018, 2019) барып, жергілікті тұрғындар мен қоршаған ортаға табысты көмек көрсетсе, биыл Ахмет ауылына саяхаттады, – дейді CAS координаторы Гүлден Қасымова.
Ауыл-қала серіктестігі одан әрі жалғасын таба бермек. Алдағы уақытта С.Сейфуллин атындағы ЖББ мектебімен тәжірибе алмасу жоспарлануда.
Асем БАТЫРБЕК.
2022-09-19