МҰНДА 30-ДАН АСТАМ ЕЛДЕГІ ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ҚАТЫСТЫ ЕҢ ҚҰНДЫ КІТАП, ҚҰЖАТТАР ЖИНАҚТАЛҒАН
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Қоғам, Руханият
17/10/2022
51 Views
Бүгінде күллі түркі халқына ортақ дүниелерді зерттеудің маңызы күн өткен сайын сезіліп отырғандай. Түркі тектес халықтардың тілі, діні, болмыс-бітімі, мәдениеті жағынан ұқсастығы оларға қазір ортақ мақсат барын айқындап бергендей. Міне, осы мақсатта құрылған «TURKTAV» Түркі тарихы мен мәдениеті қоры бірнеше үлкен жобаларды қолға алып отыр. Соның бірі әрі бірегейі «ОТЫРАР» халықаралық электронды кітапханасы. Бүгінде кітапхана қорында 100.000-нан астам түркологияға байланысты кітаптар бар.
«Отырар» түрік әлемінің цифрлық кітапханасы – Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Татарстан, Башқұртстан, Саха Якут, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Ресей, Венгрия, Англия, Франция, Италия сияқты 30-дан астам елдегі түркі әлеміне қатысты ең құнды кітап, құжаттарды жинақтаған. Кітапхана қорында көбінесе сирек кездесетін туындыларды тауып алуға болады.
Мұндағы мұрағаттың басым бөлігі цифрлы болғанымен, одан бөлек өте сирек кездесетін және ғалымдар үшін маңызды 4000 кітап қоры бар шағын кітапханадан да түркі халықтарына ортақ дүниелерді оқи аласыз. Қазір қор Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының кітапханалары қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапхана, Өзбекстан Республикасының Туризм және мәдени мұра министрлігі, Халықаралық Жібек жолы және мәдени мұра сияқты мемлекеттік мекемелермен меморандумға қол қойды. Өзбекстан университеті, Алматы орталық кітапханалар жүйесі президенті меморандум аясында ортақ түркі тарихи және мәдени құндылықтарына қатысты басылымдарды шығаруға, таратуға және өзара алмастырып отыруға, сондай-ақ оларға қол жеткізудің барлық түрлерін жасауға, қолдауға және үздіксіз жақсартып отыруға келісімге келді. «Мәдени мұрамыздың маңызды бөлігін және тарихи құнды туындыларды цифрлық медиаға көшіру, оларды сақтау және таныстыру үшін барын саламыз» дейді «TURKTAV» жобасының бас үйлестірушісі Әсел Лақаева. Бұдан бөлек өзге де түркі тектес елдермен бірлесіп жұмыс істеу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, бұл елдердегі кітапханалармен бірлесіп жұмыс істеу негізгі жоспар болып отыр.
Тек электронды кітапхана ғана емес, одан бөлек түркі әлемінің көрнекті тұлғаларының шығармаларын әртүрлі тілдерге аударып, шығару да «TURKTAV»-тың негізігі міндеті болып табылады. Жыл сайын көрме қызметі арқылы түркі әлемінің мәдени мұрасын насихаттауды қолға алған. Оған мысал биыл 18 тамыз Скопье қаласында (Македония Республикасы) Македония Мәдениет министрлігімен және Юнус Эмре институтымен бірлесіп Сұлтан II Абдулхамидтің фотосуреттер жинағынан көрме ұйымдастырады. Онда Македония тарихының әртүрлі кезеңдері көрсетілді.
Биыл Қазақстандағы балалар жылына орай «TURKTAV» жуырда ерекше екі бірдей шара өткізді. Жапонияда үздік мультфильм атанып, алтын медаль жеңіп алған «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» атты қазақ туындысы Анкарада көрерменге ұсынылды.
Туындының авторлары бір отбасындағы ана мен қызы. «Үміт пен Маржан» мултфильмді төрт жыл бойы жасаған. Фильм 7 жасар қыздың көз-қарасы, түсінігімен баяндалады. Әр кез «Шаңырақтың иесі болса, өмірім ұзарып, жан-жағым жарық сәулеге толар еді» деген әкесінің ренішін естіген қызбала, оны тауып қуантқысы келеді. Көптеген қызықты оқиғаларға кезіккенін көреміз.
«Үміт пен Маржан» баланың ой-қиялын ғажап бере білген. Іші жеңіл әзілге толы: үп-үлкен сиырлардың аспанда ұшуы, мысықтың шелпек пісіруі, қойшы атаның бұлттың үстінде отырып мал жаюы, фильмнің музыкалық үндестігі, бәрі бәрі көрермендерді армандауы көп балалық шаққа еріксіз әкеледі. Және де таза ұлттық дәстүрге сүйене отырып жасалған фильмнен балалардың да, ересектердің де алары мол.
«Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін», «Байқоңыр» отандық фестивалден Гран-при, «Әмен Хайдаров» фестивалінен «Ең үздік көркем суретші» номинациясы бойынша жүлде иеленген.
Түркі тарихы және мәдениеті қоры қызметінің бір саласы түркі әлемі кітапханаларының қорын байыту болып табылады. Осы орайда биыл мамырда Қазақстанда 2022 жыл балалар жылына орай «TURKTAV» қоры Алматы қаласының жас оқырмандарына 500 дана түрік тілінде басылған балалар кітаптарын сыйға тартты. Осы мәдени іс-шараның Анадолы жеріндегі жалғасы ретінде Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесіп Түркия Республикасы Президенттік Ұлттық кітапханасына 500 дана қазақ тілінде басылған кітаптарды тарту етті. Бұл кітап қоры жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Анкарадағы «Аднан Өтукен» атындағы кітапханаға 500 дана қазақ тіліндегі балалар кітабы жеткізілді. Сондай-ақ, кітапханада «TURKTAV» және Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан балалар жылы аясында балалар әдебиеті және оқу мәдениеті» атты конференция өткізілді.
Серікгүл СҰЛТАНҒАЖЫ.
2022-10-17