Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
«ЯКУТ» - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Әдебиет » «ЯКУТ»

«ЯКУТ»

         Якуттың «Пролетар» көшесіндегі үш көпқабатты үйдің ауласын сыпырушысы болғанына бір аптадай уақыт болды. Бұған қосымша ол сол маңдағы тұрғындарға жүкші болып көмектесіп те аз-маз табыс та табады. Ал түнге қарай героин, кокс не синтетикалық есірткілерді пайдаланып еліретін есірткіқұмар жастардың қолына түсіп қалмауы үшін жертөледегі бөлмесінің  есігін қараңғы түскеннен бекітіп алады. Олардан бөлек үйсіз-күйсіз қаңғыбастар да оны мазалауда. Жаз аяқталып күн суыта бастағандықтан «бомждар» жататын жылы орын іздесе, арақтан қайтпайтын маскүнемдер «өз отырыстарына ыңғайлы жер іздеп» оның үйшігін айналсоқтап жүрді.
          Ресейдің Ленинград облысына қарасты Сольнокаменск қаласының жұлдызды сәті КСРО кезінде болған екен. Сол кезде оған жақын жерде орналасқан ірі темір кенішін игеруге алып мемлекеттің түкпір-түкпірінен жұмысшылар келіп, қала халқының саны жарты миллионға дейін жетіпті. Ал бүгінде қаланың негізгі табыс көзі – темір кеніші, кені таусылуға жақындағандықтан жергілікті тұрғындардың көбі амалсыздан жұмыс іздеп жан-жаққа  кетіп қалған. Сондықтан «ресми түрде» 50 мыңдай-ақ тұрғыны бар Сольнокаменскінің бір шетінде біреу түшкірсе, екінші шетіндегі адам «Сау бол!» дейтін дәрежеге жеткен. Қалада қылмыстың түр-түрі өршігенмен, жұрттың көбі бір-бірін танитындықтан қылмыстық жағдай бақылаудан тіптен шығып та кетпеген еді. Қаланың осындай «бірқалыпты тыныш өмірінде» үш апта бұрын мұнда «Якуттың» пайда болуы, жергілікті деңгейдегі айтулы жаңалық болды.
        Қалалық соттың судьясы Надежда Мышкина сол күні де таңертең жұмысқа қала шетіндегі «Горькое» деп аталатын шағын өзеннің бойымен бара жатқан еді. Жасы елулерге келіп қалған оның қалада турашылдығымен аты шыққан болатын. Өз қызметін жеке пайдасы үшін пайдаланбайтын принципшілдігі үшін талай рет қастандықтардың құрбаны болып қала жаздаған ол сонда да алған бетінен қайтпағандығы үшін қаланың қылмыс серкелері де оны құрметтейтін. Сол себепті бір жылдай бұрын судьяның қаланң қылмыс әлемі туралы арнайы бейнебаяндар түсірумен айналысатын баласын біреу өлтіріп өзенге ағызып жібергенде, барлығы  жауызды өздері іздестіріп тауып алып, оны  «басқаларға сабақ болуы үшін» аяусыз азаптап өлтірді. Бірақ сол кезде қалада «Өлтіруші ол емес, шын қылмыскер басқа екен» деген гу-гу әңгіме де шыққан еді. Сол қайғылы жайдан кейін Надежда таңертең өзен жағасымен жұмысына жаяу баруды әдетке айналдырды. Оған осы өзенде тура бір баласының рухы әлі жүргендей сезілетін… Ой құшағында келе жатып ол кездейсоқ жағалауда ес-түссіз жатқан бір жас адамды көріп қалды. Түрлі соққылардан беті күп болып ісіп кеткендіктен оның кім екенін ажырату мүмкін болмаса да оның азиялық екенін бірден білді. Мигрант дейін десе, «табыссыз» бұл қалаға ондайлар жоламайтын және үстіндегі әбден жыртылған киімінің өзі де оның гастробайтер емес екенін көрсетіп тұрды. Жасы өз баласымен қатарлас жігіттің әлі де тірі екені байқаған ол тез «Жедел жәрдем» шақырып, оған шамасы келгенше алғашқы көмекті көрсете бастады. Сол кезде жас жігіт белгісіз тілде сандырақтай бастады. Солардың арасынан әйел тек «Якут», «Фура» деген сөздерді ғана түсінді. Дәрігерлер де тез келіп, белгісіз жігіт жергілікті ауруханаға жеткізілді. Баласын есіне түсіріп жібергеннен бе судья ханым оған барынша алаңдап дәрігерлерден қайта-қайта жағдайын сұрап жатты. Осы жайдың жай-жапсарын тез анықтауға кіріскен жергілікті полиция, оқиға орны мен жігіттің киімдерін жақсылап тексергенмен де оның жеке басын айғақтайтын ешбір құжат таба алмады. Саусақ таңбасы да Ішкі істер базасынан шықпады және оны күп болып ісіп кеткен бетінен «тіпті туған анасы да танымастай болғандықтан», фотосуреті арқылы да оның жеке басын анықтау мүмкін болмады. Сондықтан жергілікті полиция оған сырттай «Якут» деген есім берді. Дәрігерлер оның алған жарақаттары адам соққысынан емес, судағы тастарға ұрылғандықтан болған деген болжам жасады, қанынан аз ғана болса да алкоголдың мөлшері табылғандықтан, жас жігіт осы қаланың тұсынан өтіп бара жатқан фуралардың  бірінен мас болып қалып түсіп қалып, байқаусызда суға түсіп кеткен деп болжам жасалды. Өзеннің жоғары жағында орналасқан «Рудный гигант» қалашығына жіберілген сұраудан да пайда болмағандықтан және соңғы бір-екі күнде жақын аймақта азиялық нәсілдегі қандай да бір адам жоғалғандығы туралы хабарлама да түспегендіктен ол осы қалаға жақын жердегі федералдық жолдың бойына тоқтаған көліктен түскен шығар деген де жорамалдар жасалды. Ақырында үш күндей осы бағытта жұмыс істегенмен еш нәтиже шығармаған полиция істі «ашылмаған істер санатына» жатқыза салып, бар назарларын басқа өзекті мәселелерге аудара салды.
        Дәрігерлер оның басына біраз соққылар тигендіктен жігіттің жадынан айырылуы мүмкін екенін, қашан есін жиятыны белгісіздігін де айтты. Бір аптадан соң «Якут» есін жиғанмен шынымен де кім екенін есіне түсіре алмады. Полицияның сұрақтарын түсініп, орыс тілінде еркін әрі таза сөйлегендіктен оны шынымен сібір халқының өкілі-ау деген болжамдар жасалды. Судьяның талабымен оған ұқсас адамның бар-жоқтығын анықтау үшін Саха республикасына сұрау жіберілгенмен, алайда еш нәтиже болмады.
       Якутты қалалық полиция бастығының оынбасары, подполковник Николай Седов басынан жақтырмай жағымсыз ойлар айта бастады. Ал оның тікелей бастығы, полковник Андрей Иванов орынбасарының бұл қылығын оның судья ханыммен арадағы текетіресінен деп ойлады. Қолы таза емес подполковник мен принципшіл судья арасында қылмыстық істерге қатысты талай мәрте айқай болып, оларда көбінесе Надежда жеңімпаз болып шығатын. Сондықтан Андрей Иванов орынбасарының бұл қылығына таң қалмай, оған ол ойдан аулақ жүруді қатаң тапсырды және егер де Якутқа қандай да бір зиян келсе, онда ол сол заматта жұмысынан жай ғана шығып кетпей, статямен органнан қуылатынын да ескертті. Седов бастығының бұлай деуін, кезінде оның судья Мишкинаның күйеуімен Милиция мектебінде бірге оқығанымен және ол қылмыскерлермен болған атыста қайтыс болғанға дейін  бір мекемеде бірнеше жыл бірге қызмет атқарғанынан деп түсінді. Полковник орынбасарының бірнәрсені айта алмай тұрғанын сезіп, оған отты көзімен бір қарағанда ананың үні бірден өшті.
      Якут ауруханада жақсы ем қабылдап, тәуір болғанмен, жадын қалпына келтіре алмады. Ол өзіне анасындай қамқорлық жасаған Надежданың өз үйінде тұруға шақырған өтініштеріне қарамастан, дербес күн көруге бел буды. Амалы таусылған судья оған қызмет орнына жақындау жердегі осы жұмысты тауып берген еді.  Якут байқамағанмен Мышкина ханым оны күнде сыртынан бақылап жүрді.
         Уақыт өте келе Якут өзін сібірлік ұлт өкілі еместей сезіне бастады. Ол күнде түсінде неге екені белгісіз «қалыптасқан түсініктей» тайга және бұғыларды емес, белгісіз далалар мен ыстық жерлерді және әртүрлі адамдарды көретін. Бірде бір  мекемеде бірнәселерді жазып отырса, екіншісінде бір адамдармен әңгімелесіп отырады… Осылайша бір-бірінен аумайтын күндері біртіндеп өтіп жатқанда, бір күні таңертең жұмысына жақын жерге бір фура келіп тоқтады. Жүргізуші мен серігі екеуі бір мәселеге қатысты өзара ренжісіп жатқаны дауыстарынан байқалып тұрды. Ақыры анау айтқандай жұмысы жоқ Якут қызықтап көлікке жақындағанда, көлік есігін ашып отырған жүргізуші түшкіріп қалды. Бұл байқаусызда «Сау бол!» деп айтып қалып еді, анауда «Рахмет!» деді. Үшеуі бір-біріне жалт қарады! Ана екеуі «Қазақ екенсің ғой!» деп қуанып кетіп, бұнымен сөйлесіп кетті. Түсінгені олар Санкт-Петербургке бара жатқанда бір адамдар оған осы қала арқылы тез жетуге болады  деген соң, сол сөзге сеніп осы жермен келе жатып адасып кетіпті. Якут оларға федералдық жолға қалай шығу керектігін жақсылап түсіндіріп жіберді. Оған риза болған «далнобойшиктер» онымен бірге суретке түсіп кейін елге барғанда Солнокаменскіде қандасымыз бар деп айтып жүреміз деп кетті. Бұл да мәз болып қалғанмен, сонда да есіне өткен өмірінен ешнәрсе түсіре алмады. Түсінгені ол якут емес, қазақ екен! Бірақ бұл туралы ол әзірге ешкімге ешнәрсе айтпауға бекінді.
          Сол түні ол екі адам болып бір жүк көлігінде келе жатқаны туралы түс көрді. Жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көпір жанында бір адам бұларға айналма жолды көрсетемін деп көліктеріне мінгендей болды. Содан орман ортасындағы адам жүрмейтін жолда бұларды біреулер тоқтатты. Сол кезде бірден оянып кеткен ол бәрін де есіне түсірді…
          Қазақстанның оңтүстік шетінде орналасқан Шуақты поселкасы, аудан орталығы еді. Осы ауданның халқы негізінен диқаншылықпен айналысып, жыл сайын ерте пісетін бау-бақша дақылдарын Ресей мен Шығыс Еуропа елдеріне тасымалдаумен айнасады. Содан жергілікті газетте жұмыс істейтін журналист Жомарт Үмітбекті редакторы, бір «далнобойшикпен» серік етіп командировкаға жібермек болды. Ол ауданда өсірілген бақша дақылдарын «шетелдіктердің қалай таласа-тармаса сатып алып жатқаны туралы» арнайы репортаж жасауы, сондай-ақ сол өнімнің сауда сөрелеріне жеткенше диқандардың қандай қиындықтарды  бастан кешіретіндері туралы да жол-сапар очеркінде жазуы керек еді. Алайда, ерте көктемге жоспарланған сол командировка түрлі себеппен тек шілденің ортасында ғана жүзеге асты. Солайша жергілікті жерде өсірілген жүзімнің таңдаулы сортын Санкт-Петербургке апара жатқан бір фура жүргізушісі Серікке Жомарт «слесар»  болып жолға шықты.
        Бұлар Рсей аумағына кіріп, оның солтүстік астанасына жетулеріне  бір күндей жол қалғанда өтулері тиіс көпірде жөндеу жұмыстары  жүріп жатқандықтан олар амал жоқ айналма жол іздеуге мәжбүр болды. Сол кезде көпір маңында тұрған бір жас жігіт оларға, егер Санкт-Петербургке дейін тегін алып кететін болсаңыздар онда төте жолды көрсетемін деді. Бұлар «Навигатор арқылы сол жолды көрсетіп бер» дегенде оның орман арасынан өтетін ескі жол, ол ешбір картада жоқ  болғандықтан оны  тек көлікте отырып ғана көрсете алатынын айтты. Жүргізуші тауарды уақытында апаруы керек болғандықтан амал жоқ оның ұсынысына көнді.
        Өзін «Якутпын» деп таныстырған жолсеріктері сөзуар болып көрінгенмен Жомарт оның бірнәрсені жасырып отырғанын түсінді. Сонда да ешнәрседен қауіптенбеді. Бұлар орман жолына түсіп, біраз жүргенде күтпеген жерден алды-арттарынан жеңіл көліктер пайда бола кетіп, оларды тоқтатты. Фура жүргізушісі бұл жерден аман шықпайтынын түсініп, алдағы көлікті соғып өтуге әрекет жасағанда, Якут қалтасынан пышақ шығарып, оған көлікті тоқтатуға мәжбүр етті.
        Жүргізуші Серік пен Жомарт көліктің алдында тұр. Якут еңгезердей біреуге бұларды қалай алдап осы жерге әкелгендерін айтып мақтанса, Серік әлі тауарды өткізбегендерін, мәселені тауардың иесімен шешулері керектігін айтып жатты. Ал Жомарт жағдай қиындап кетсе, өзінің журналист екенін айтамын деп оқталып тұрды. Бұларға қарақшылардың басшысы мысқылдап қарап тұрып, біреуге телефонмен хабарласып, бәрі сәтті аяқталды деп мақтана беріп еді… Сәлден кейін-ақ оның түрі бірден өзгеріп, «Ия, ия… Сіздіңкі дұрыс, оның сазайын беремін» деп телефонын өшірмей жатып, Якутты бір теуіп сұлатты. Қарақшылар мен Жомарттар не болып жатқанын түсінбей қалды. Сөйтсе, бұлар негізі қарсыластарының есірткі артқан жүк көлігін тоқтатулары керек болып, көпірге өтірік «жөндеу жұмыстарын жүргізіпті». Алайда Якуттың қателігінен олар қателісіп, керекті фурадан айырылып қалыпты. Якутта барынша ақталып, кешірім сұрағанмен топ басшысы аяушылық білдірмеді. Бір кезде ол ашу үстінде пистолетін оның қақ шекесіне тақап тұрып «Кешірімді менен емес, «Әулиеден» сұра! Сол кешірсін!» деп, шүріппені басып қалды. Сол сәтте талай жайды бастан өткерген жүргізуші Серік, ендігі кезекте өздерін өлтіретіндерін түсініп, Жомартқа «Қаш!» деп айқайлап орман ішіне қарай жүгірді. Жомарт та бірден есін жия сала екінші жаққа қарай қашты. Олардан бұндай қадамды күтпеген бандиттер екіге бөліне сала арттарынан қуа бастады. Бір жақсысы кеш мезгілі болғандықтан Жомарт қуғыншылардан қалың орманда тез жасырынып үлгерді. Бір кезде ол бір өзеннің жағалауына жетіп, жан-жағына қараса, ерекше болып бір үлкен шырша өсіп тұр екен. «Тағы қарақшылар тауып алса, ізім-қайым жоқ етіп жіберер, ал басқалар  тауып алса, елге бір хабарын берер» деген оймен (бір жақсысы қылмыскерлер телефондарын алып қойғандарымен оларды тіпті тінткен де жоқ еді) төлқұжаты мен журналистік құжатын үстіндегі жеңіл спорттық киімге орап соның түбіне топырақпен жеңіл-желпі көме салды.
        Сол кезде ол жақын маңнан екі адамның даусын ести  сала, шыршаның түбіне үнін шығармай отыра қалды. Бұл кезде қараңғылық қоюланып кеткендіктен олар мүны байқамады. Біреуі «Ол да екіншісі секілді өле салмады ма! Сонда бүйтіп қиналмас едік!»  десе, екіншісі «Бізден құтылғанмен, «Әулие» бүкіл полицияны жұмылдырып оны тез тауып алады, саспа!» деп жауап берді. «Сонда оның ашуына тиіп, Якут секілді арам қатармыз, одан да екіншісін де өлтірдік деп айта салайық» деген біріншісінің ұсынысына екіншісі келісе кетті. Сол ақылға келіскен екеу біраз жерге қарай ұзады ау дегенде, Жомарт Серіктің енді ажал құшқанын түсініп, өзі де бақилық болмай тұрғанымда бұл жерден алысқа ұзайын деп суды жағалап жүріп бара жатқанда аяғы шалынып, өзенге күмп ете қалды. Онша терең болмаса да ағыны қатты өзен оны біраз жерге дейін апарып тастады. Тастай суық судан бөлек ол судағы тастарға соғылып жүріп, әрең жағалауға шықты. Бір кезде көзін ашса таң жайлап атып, жан-жақтағы заттар анық көріне бастапты. Түні бойы өзенмен алысып жүргеннен бүкіл денесі суықтан қалшылдаса, түрі ісіп кеткендектен адам танымастай болып қалыпты. Жан-жағына жайлап қараса, дәл қасында жарты шиша арақ жатыр екен. Денесіне қан жүгірту үшін бір-екі ұрттап еді, аш қарынға түскен сапасыз алкоголды организмі көтере алмай есінен ауа бастады. Қолындағы шишаны лақтырып тастап, сумен бетін шаймақ бола бергенде, есінен танып құлады. Міне сол кезде оны судья көріп қалып еді. Егер де оған дер кезінде медициналық жәрдем көрсетілмегенде суық суда ұзақ болуы және судағы тастарға соғылуынан болған соққылар мен сапасыз арақтың салдарынан ол тек жадын ғана емес, өмірін де жоғалтар еді…
       Таңертең бірінші кезекте ол судья Мишкинаға барып, есіне түсірген жайдың бәрін айтып берді. Надежда оны бірден күйеуінің досы болған полиция полковнигі Андрей Ивановқа алып барып, мұның әңгімесін айтып берді. Әңгіме барысында Жомарт қабырғада түрған суретке байқаусызда көзі түсіп кетті. Онда Серік екеуін ұстаған топтың басшысы полиция офицері формасында және полковникпен бір топ шетелдік адамның бірге тұр екен. Ал қызметтің столдың үстінде періштенің шағын ғана мүсіні тұр екен. Сол кезде барып ол жағдайды түсінді… Жомарт тамағында бірнәрсе тұрып қалғандай әрекет жасап, су сұраған соң, полковник суырмадан сусындар алмақ болып еңкейе бергенде Жомарт оның басынан сол періштенің мүсіншесімен бар күшімен періп кеп жіберіп, сұлатып түсірді. Мына жайға аң-таң болып қалған судья ханымға бар жағдайды түсіндіріп бергенде, ол бұған бірден көмектесіп полковниктің  қолын байлап тастады.
       … Қалалық полицияда жүргізілген қамауға алулардан соң, біраз жайлардың беті ашылды. Полковник Иванов тек осы жер ғана емес, сонымен бірге, Серік пен Жомарттың көлігі тоқтатылған «Горькое» өзенінің жоғары жағындағы «Рудный гигант» қалашығындағы да қылмыс әлемін өз орынбасары Седов арқылы басқарып отырған екен. Алайда оның нақты кім екенін тек санаулы адамдар ғана білетіндіктен, оны облыстың полицейлер талай жылдан бері ұстай алмапты. Тергеу барысында бұл құпияны біліп қойып, құпия тергеу жүргізбек болған  Мишкинаның күйеуі мен оның блогер баласын оның өлтіртіп жібергені анықталды. Күйеуі мен ұлының шын жендеті кім екенін білген судья ханым, Жомартқа өз ризашылығын қайта-қайта білдірумен болды. Тағы бір жақсы хабар, Серік жүргізуші де бандиттерден құтылып кетіп, айналма жолдармен елге оралыпты. Оны қудалаған бандиттер Якуттың кебін киеміз бе деп оны да өлтірдік деп бастықтарына өтірік айтқан екен. Серік елге жеткен соң, полицияға барлық жайды айтқанмен, қазақстандық әріптестеріне подполковник Седов жалған ақпарат жіберіп, Жомартты іс-түссіз жоғалды деп жауап беріпті. Ал өзі оның тірі екенін бастығыма ең басында  айтып, көзін құртып жібергенімізде  мұндай болмас еді-ау,  енді қарашы, «темір тордың арғы бетіне» өзіміз отырып қалдық-деп  қатты өкінді. Сол кезде бастықтың ашуына ілігіп, өліп кетермін деп қорыққанына өз-өзіне ашуы келгенмен, енді бәрі де кеш екенін түсінді. Ал арадан бір апта өтпей-ақ бастығы екеуін түрмеде біреулер өлтіріп кетті деген хабар келді. Қалада түрлі жорамалдар айтылғанмен, олардың жендеттерін кімнің жалдағаны белгісіз болып қалды.
      Елге бір жарым айдан кейін оралған Жомарт бәрі сәтті аяқталғаны үшін арнайы ас беріп, оған туған анасындай қамқорлық жасаған судья Надежда мен Серік жүргізушіні қонаққа шақырып құрмет көрсетті. Ал, редакторына осы шытырманға толы сапардың арқасында ауыл шаруашылығы, жол-сапар очеркі ғана емес, сондай-ақ детектив бағытындағы материалды да ұсынды.
 Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ,
Түркістан облысы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ

        ...

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР

      Мемлекеттік ...

СЕРТ БЕРУ – ЖАУЫНГЕР ДӘСТҮРІ

        ...

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...