«ОҚЫТУ, ТӘРБИЕЛЕУ, ЖАҚСЫ КӨРУ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАР ЖЫЛЫ»
Posted by: Қалмұрат
in Білім саласы, Жаңалықтар, Жас буын, Мерекелік шара
27/10/2022
34 Views
Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз мәресіне жетті.
Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру» символикалық атауын алған астаналық педагогикалық форумның еліміздегі Балалар жылына орайластырылған басты шаралардың біріне айналғаны қисынға сай.
Конференцияда 1500-ден астам қазақстандық мұғалімдер мен ғалымдар, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері бас қосты.
Астанаға әлемдік білім беру саласының ең танымал өкілдері келді: Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк, Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж (Ұлыбритания), Кембридж университетінің Емтихандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Көптілді оқыту сарапшысы Питер Мехисто (Эстония).
Конференция делегаттарын Астана әкімі Алтай Көлгінов пен Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қарсы алды.
Конференцияның ауқымды күн тәртібі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты дамыту» атты баяндамасында айқындалды.
«Болашақ жолы: заманауи үрдістерді қабылдау» атты ең күрделі тақырыпты Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры, философия ғылымдарының докторы Дэвид Марш талдады. Ол халықаралық сарапшылар тобының құрамында Қазақстан мұғалімінің кәсіби стандартын жасауда NIS-пен серіктестікте жұмыс істеді.
– Стандарт балалардың сапалы білімге қол жеткізудегі толық теңдігін қамтамасыз етеді және мұғалімнің мансаптық жолындағы үздіксіз кәсіби өcуіне сәйкес келеді, – деп Дэвид Марш «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген тұжырымдамалық құжаттың жоғары сапасын атап өтті.
Астаналық форумның күн тәртібінде ақпараттық қоғам контекстіндегі функционалдық сауаттылық, жас мұғалімнің кәсіби дамуы, қалыптастырушы бағалау саласындағы инновациялар, мектепте жайлы орта құру, инклюзивті және дербестендірілген оқыту, цифрлық мұғалімнің миссиясы және білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ басқа да жаһандық педагогикада сұранысқа ие басымдықтар бар.
Конференцияның жарқын сәттерінің бірі – Нидерландыдағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы RCEC сертификатын табыстау рәсімі болды.
– Бұл NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, ол әділдіктің, сенімділіктің, объективтіліктің жоғары стандарттарын, сондай-ақ конкурстық іріктеу жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды, – деп атап өтті Қазақстан астанасындағы конференцияға сертификатты өзі табыстау үшін арнайы келген RCEC директоры Арнольд Дж. Брауэр.
Сонымен қатар дәстүрлі конференция алаңында NIS-тің «Қазақстан халқына» қоры және «Aitas KZ» холдингімен бірігіп іске асырып жатқан «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» ауқымды жобасының қатысушыларына паспорт табысталды.
2022 жылғы Халықаралық конференцияның басты мазмұндық сипаттамасы – қазіргі білім берудегі негізгі трендтерге тәжірибелік тұрғыдан назар аудару.
Алғаш рет мектепке дейінгі білім беру мәселелері, соның ішінде, ең алдымен зерттеулердің сапасы және ұзақмерзімді әсерге арналған секциялық отырыстардың тұтас сериясы өтті. Бас спикерлердің қатарында әлемге танымал Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж болды.
Сұранысқа ие секциялар қатарын балаларға қауіпсіз және жайлы орта – қала, ауыл, мектеп құруға бағытталған арнайы отырыстар толықтырды. ЭЫДҰ стратегиялық талдау сарапшысы Франческа Готтшалк (Франция) халықаралық конференцияға «ХХІ ғасыр балалары: цифрлық дәуірдегі эмоционалды әл-ауқат пен білім беру» атты өзекті зерттеуімен келді.
Сондай-ақ конференция аясында алғаш рет «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың жас ата-аналармен кездесті.
Еңбек жолын жаңадан бастап жатқан педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы секция NIS-тің тамыз айында ұйымдастырған жас мұғалімдердің республикалық форумының заңды жалғасына ұласты.
Панельдік пікірталастар мен секциялық отырыстардың ауқымды топтамасы мұғалімнің кәсіби капиталына, ең алдымен, тікелей оның тәжірибесін көрсететін «Action Research» және «Lesson Study» зерттеуіне арналды. Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Тошия Чичибу NIS Педагогикалық шеберлік орталығымен ұзақ уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді, ол конференция алдында халықаралық сарапшы ретінде қазақстандық әріптестердің жоғары стандарттарын атап өтті.
«Сөзден – іске» шеберлік сағаттарында қазақтың ұлы ұстаздарының шығармашылық мұрасы басты тақырыпқа айналды. Олардың танымал туындыларының қазіргі білім ошақтарындағы сұранысы жайында «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін бастауыш сыныптарды оқытуда қолдану» атты шеберлік сағатын дайындаған Білім беру бағдарламалары орталығының өкілдері Қаламқас Байтенова, Перизат Биғазина, Жанат Қажығалиева баяндады.
«SHARE» халықаралық жобасын Кембридж университетінің профессоры Колин Маклафлин таныстырды. Ол – NIS-тің барлық дерлік конференциясына қатысып келе жатқан басты тұлғалардың бірі.
«Біз әртүрліміз, бірақ мүддеміз бір» панельдік пікірталасында Таллинн орта мектебінің өкілдері, «Tamos Space School», «Білім-Инновация», «Дара» бизнес академиясының және отандық мектептер мен балабақшалардың басшылары сөз сөйледі.
Елордадағы Зияткерлік мектеп оқушысы, «Nomadteens» негізін қалаушысы Жәния Кеңес конференция мінберінен қазіргі жасөспірімді не толғандыратыны туралы алдыңғы буын өкілдеріне айтып берді. «Оқушылардың қарекетшелдігі» атты ең қызықты секцияда «Біз әлемді жақсы жаққа өзгертеміз!» деп негізгі идеяны өздері анықтаған мектеп оқушыларының шынайы дауыстары естілді. Мотивациялық позитив тақырыбын Зияткерлік мектептер түлектері қауымдастығы «Alumni NIS» жалғастырды. Олар олимпиадалық қозғалыстың үздік кейстерін, әлеуметтік желілер арқылы білім беру үдерістеріне қатысу және басқа да жобаларды таныстырды.
Автограф-сессияда конференция қатысушылары қазіргі қазақ балалар әдебиетінің үздік шығармаларын тудырған белгілі отандық жазушылар мен суретшілер – Сауран Қастеев, Әсел Имайо, Алтай Асқар, Мейірхан Жылқыбай, Серікбол Хасан, Саят Қамшыгер, Рүстем Сауытбай, Ольга Гумирова, Зәуре Төреханмен кездесті.
Сондай-ақ қолтаңба сессиясында Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебі деканы Аида Сағынтаева бастаған авторлар тобының «Теория, әдістер және тәжірибелер» және Назарбаев Университетінің доценті Дуйшон Шаматовтың «Білімге құштарлық» кітаптары ұсынылды.
Екінші күні Күләш Шәмшидинова Конгресс-орталыққа тікелей Ақордадан келді. Оны айтулы жаңа наградамен бірінші болып конференция делегаттары құттықтады. Республика күні қарсаңында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиноваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріліп, медальді Күләш Ноғатайқызына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.
Осы күні Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина «Ерен еңбегі үшін» медалімен, елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің қосымша білім беру педагогі Айтжан Тоқтаған «Құрмет» орденімен марапатталды.
Он жыл ішінде дәстүрлі NIS конференциясы әлемдік білім берудегі жаһандық трендтер бойынша стратегиялық шешімдердің талданатын және қабылданатын ең беделді халықаралық алаңдардың бірі ретінде танылды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы Астана қаласы әкімдігі, Bilim Media Group, «Aitas KZ» холдингі, «Fizmat Endowment Fund» қоғамдық қоры және «Базисный магазин» ЖШС-мен серіктестікте дайындалды.
NIS баспасөз орталығы.
2022-10-27