Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
МАҚАЛ-МӘТЕЛГЕ АЙНАЛҒАН ХАДИСТЕР - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Қоғам » Жас буын » МАҚАЛ-МӘТЕЛГЕ АЙНАЛҒАН ХАДИСТЕР

МАҚАЛ-МӘТЕЛГЕ АЙНАЛҒАН ХАДИСТЕР

           Мақал-мәтел арқылы халықтың мәдениеті мен болмысын, тұрмыс-тіршілігі мен этикалық тағылымын, бір сөзбен айтар болсақ, адам өмірінің өткені мен бүгінін танып-білуге арналған дүниелердi айқындауға болады. Сол себепті мақал мен мәтел – халық жадында ұзақ сақталып келе жатқан һәм тіл атаулының қай саласында болмасын ұзақ ғұмыр кешетін тiлдiк бөлшек.
          Мақал мен мәтелдер бір дәуірдің жемісі емес. Белгiлi академик Ә.Қайдар: «Мақал-мәтелдер халықтың атамзаманғы өткен өмір-тіршілігі мен бүгiнгi болмысын болашағымен жалғастыратын «алтын арқау»; олар – рухани, мәдени салт-дәстүрді жалғастырудың, адамдар санасында, қоғам жадында, тiлiнде, дiлiнде сақталуының бірден-бір кепілі. Бұл қазына байлықтан айырылған этникалық қауым – өзінің өткен өмірінен айырылады деген сөз, ондай қауымның болашағы да жоқ» – дейдi. Демек, мақал-мәтелдердiн тым ертеректен бастау алғандығын көруге болады. Өйткені әрбір қауымның этникалық жағдайына байланысты тұрмыс-тiршiлiкте жол сілтер ұлық көсемдер мен ойшылдар, дана билер мен ақындар, қысқасы, ұлы тұлғалы даналар інжу-маржандай асыл сөздерді өсиет ретiнде келешек ұрпаққа жеткізіп, айтып отырған.
         Әрбір мұсылман баласы ұстанатын екi негiз бар. Олар: Қасиетті Құран және Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың хадистері. Ислам дiнiнде бұл екеуiнiң алатын орны ерекше. Неге десеңіз, Құранды не хадисті дұрыс түсiнбеу дiндi дұрыс түсiнбеуге алып барады. Қазақ халқы рухани болмысын Құран және хадиспен байланыстырып, өмiр тiршiлiктерiнде тiрек етiп отырған. Бұған тарих беттерінен талай мысалдар келтiруге болады.
         Құран деп – жаратушы Алла Тағаланың пенделерiне жiберген иләһи кәләмін айтатын болсақ, хадис деп – пайғамбардың сөздерiн айтамыз. Алайда, хадисті тек сөздер жиынтығынан тұратын фраза деп атауға болмайды. Себебi пайғамбар айтқан хадистер һәм шариғат негiздерi, hәм мұсылман тiршiлiгiнiң қайнар көзi.
         Халық ауыз әдебиетінің бір тармағын құрайтын мақал-мәтелдердің кейбіреуі әрі тілдік жағынан, әрі мағына жағынан хадис мәтіндерімен бірдей. Мұндай мақал-мәтелдердің халық жадына сіңіп, қанатты сөзге айналған хадистер екенінде күмән жоқ. Қазақ халқы мұсылман сенiмiн ұстанғандықтан, ислам дiнiнiң ереже қағидаттарын күнделікті тұрмыста өз әсерiн тигiзгені рас. Сол негiзде бiрнеше мақал-мәтелдер қалыптасты деп айта аламыз. Мысалы, халқымызда «Алладан сұрағаннын екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екi көзi шығады», «Аллаға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады», «Алла деген ар болмас, Алла деген пенделер, еш нәрсеге зар болмас», «Алла деп барсаң, аман келерсің» және т.б. мақал-мәтелдер бар. Осы айтылған мақалдарға назар салатын болсақ, ислам дiнiнiң негiзгi ұстанымы құлшылық етудiң жалғыз ғана лайықтысы «Алла» екендiгi меңзелiп тұр. Осы мысалдың өзінен-ақ, Құран аяттары мен пайғамбар хадистерiнiң тигiзген ықпалын көруге болады. Бұған қатысты бiрнеше аяттар да бар. Ал Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың хадисінде: «Егер бiр нәрсе сұрар болсаң Алладан сұра. Ал егер жәрдем тілер болсан Алладан тіле» – дейді. Аталмыш хадистің жоғарыда келген мақал-мәтелдермен мазмұндас екендiгiн көруге болады.
         Қазақ халқы қай уақытта болмасын «ар-ұятты» бiрiншi орынға қойған. Пайғамбар хадистерiнде де ұят жайында айтылған деректер мол. Мысалы: «Әрбір діннің өзіне тән мiнезi бар, Исламның мiнезi – ұяттылық» десе, тағы бiр хадисте: «Ұяттың барлығы да қайырлы» – дейді. Енді осы айтылған мысалдарға тоқтала кететiн болсақ, «Ұят кiмде болса, иман сонда», «Адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде», «Ұят – иманда» – деген мақалдар бар. Аталмыш мақалдардың пайғамбар хадистеріндегі орнына келетiн болсақ, дәлме-дәл ұқсастық тауып отырғандығын айқын түрде айта аламыз.
        Ардақты Пайғамбар (с.а.с) тек қана дін мәселесінде емес, өмірдің әр саласында үмбетіне үлгі-өнеге болған. Мысалы, әлеуметтік салаға қатысты Хақ Елшісі (с.а.с) бір өсиетінде былай дейді: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап». Халқымыз осы хадисті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла» – деген.
       Қашанда ауызбірлікті, ынтымақты жанына жолдас еткен халқымыз өз мақалында «Бөлiнгенді бөрі жейді» – деп айтқан. Яғни жік-жікке бөлiнбеудiң алдын алу мақсатында өсиет сөздерiн осылайша айтып отырған. Сол секiлдi Құран Кәрім аяттарында да, Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар хадистерінде де мұсылман баласын бiрлiкке, бейбiтшiлiкке шақыру мейлінше көп насихатталады. Бiр хадисте «Жамағатта рақымдылық (берекет) бар, бөлінушілікте азап бар» – десе, ал мына бір хадисте «Жамағатпен бiрге бол, өйткені отардан айырылған қойды қасқыр (бөрi) жейді» – дегені жоғарыдағы мақалды қуаттай түседі.
        Халық ауыз әдебиетіне мақал болып енген Пайғамбардың (с.а.с) келесі хадисі: «Кеңес қылған ел азбайды». Негізінен кеңес мәселесі Құран Кәрімде айтылып, Алла Тағала әу баста мұсылмандарға кеңес етуді бұйырған болатын. Алла тағаланың бұйрығын қалт жібермеген Хақ пайғамбар (с.а.с) кеңесті әкімшілік істерінің өзегіне айналдырып, әскери болсын, әлеуметтік болсын, барлық істерінде сахабаларын жинап кеңес өткізіп отырған. Осылайша үмбетіне бұл істе де үлгі-өнеге болған. Хадистерінде кеңестің пайдаларын баяндаған. Жоғарыдағы хадис осы мақсатта айтылған хадистердің бірі. Осы хадисті халқымыз да өмірінің өзегіне айналдырып, мақал ретінде, тіпті қасына ұйқасын келтіріп былай деген: «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас».
        Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы мақал-мәтелдердің мәндері хадистердің ойларымен үндесіп, әрқайсысынан хадистегі ойлар ұшқындайды. Ендеше бұл мақал-мәтелдерді хадистердің өзегінен тамыр тартқан деп айта аламыз. Мақал мен мәтел жай айтыла салған сөздер емес, ол қысқа болса да нұсқа, мағынасы мейлінше терең, қоғамдағы барша салаға ортақ әмбебап құбылыс.
 А.СЕЙДУӘЛІ,
теолог маман.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

СЕРТ БЕРУ – ЖАУЫНГЕР ДӘСТҮРІ

        ...

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...

БІРЛІГІ БІРТҰТАС БІРЛЕСТІК

        ...

МАТЕМАТИКА ӘДІСТЕМЕ БІРЛЕСТІГІНДЕ АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ІСТЕР ОРАСАН

        ...